ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС
Күнделікті күйбең тіршілікпен айналамызға жан жылуын шашып, алғыс айтуды естен шығарып жататынымыз жасырын емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Жан сарайыңды ашып, арадағы татулық-бірлік көпірін бекіте түсетін бұл адами құндылықтың орны қашанда бір төбе.Мына бес күн фәниде бала үшін ата-анадан асқан жанашыр жан жоқ, сірә?.. Шыр етіп жерге түскен минутынан безек қағып қорғап, оны адам ету жолында талай мехнатты бастан өткереді. Қызылды-жасылды қызығы көп жарық дүниені сыйлап, өз өмірін тәуекелге тәу етіп, он екі мүшесі сау сәби алып келген ана еңбегінің өзі ерлікпен пара-пар емес пе? Түн ұйқысын төрт бөліп, бесік таянып, ақ сүт беріп аялаған анаға өмір бойы тағзым етіп өтсек те артық емес.Ал, баланы үлкен өмірге қадам бастырып, өмірдің ақ пен қарасын ұғындыруда, ілім-білім нәрімен сусындандыруда ұстаз деген ізгі тұлғаның орны қашанда айрықша. Тарыдай сәтінен мектеп табалдырығын аттап, он бір жыл бойы ғылым ғақлиясын ұғынады. Олардың бала көңілі əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат шуағын төгеді. Ал, мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанатыны сөзсіз. Оларды «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны» дейтініміз де сондықтан. Рухани шаңырақтан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұясын әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отыруының да себебі осы.Ал, Дәмелі Алшынбаева есімді қала тұрғыны алғыс айту күні қарсаңында ақ халатты абзал жандарға ерекше алғыс білдіргенді жөн көреді. Жанына дәру іздеп барғанда ем-домын жасап, құлан таза айығуына себепкер болған жандарға шексіз ризашылығын білдіреді. – Дәрігерлер – құрметтеуге лайық мәртебесі жоғары мамандық. Күн сайын адам жанын арашалап, екінші өмірге сыйлауға әрдайым себепкер болуда. Олардың әрбір күні – сынақ, әрбір сәті – емтихан. Себебі, олардың қолында адам өмірі тұр. Әрине, науқастың операция үстелінен аман-есен тұруы әуелі Жаратқанның жазуы. Десек те, алдына келген ауру жанға демеу болып, аяққа тұрып кетуіне адал қызмет жасайтын дәрігер еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Мен мұны өз басымнан өткен соң айтып отырмын. Ауырып, дертім жаныма батқанда жылы сөздерімен қатар, ем-домын да ұсынған олардың еңбегіне басымды иемін. Сондықтан алдымен Аллаға, содан соң ақ халатты жандарға алғысым шексіз, – дейді ол ағынан жарылып.Расында, өзгеге алғыс айту үшін қандайда бір атаулы күннің болуы міндетті емес. Ата-анаға, ұстазға, дәрігерлер қауымына деген ризашылық әр сәт сайын айтылса да көптік етпейді. Тіпті, жоғарыдағы рақметтер тізімін бұдан әріге жалғай түсуге де әбден болады. Мәселен, қуанышың мен қайғыңды бөлісер, сырлас-мұңдас дос-жараныңа, тағдырдың ащы-тәттісін қатар көретін өмірлік серігіңе, ата-ана бақытын сезіндіре білген балаларыңа, қазаның мен ошағың ортақ – Құдай қосқан көршіңе, тіпті тұтас ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін сақшылар мен сарбаздарға неге ақ еден алғыс айтпасқа? Алда келе жатқан атаулы күн – ең алдымен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған мейрам ретінде маңызға ие. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі. Ұлан-ғайыр даламызды мекен еткен әрбір ұлт өкілдері арасындағы осындай мызғымас бірлік бүгінде еліміздегі адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.Ал, біз айтып отырған алғыс қарапайым қоғамдағы өзара бауырмалдық, жанашырлық, бейбітшілік діңгегін бекіте түсетін бірден-бір адами құндылық. Ендеше, айналамызға шуақ шашып, өміріміздің әрбір сәтін алғыспен бөлеп жүргенге не жетсін? Алғысым шексіз!..
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.