МҮЙІЗДІ ИІП, МҮСІН ЖАСАЙДЫ
Бүгінде мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді дамытуға кеңінен жол ашылып келеді. Осы бағытта көнере бастаған қолөнерді өз кәдемізге жаратып, қолданудың маңызы өте зор. Бұл баға жетпес байлығымыз ықылым заманнан бері қазақпен бірге өсіп, біте қайнап келеді. Тамыры тереңге жайылған мұраны ұмыт қалдырмай, дамытып жүрген ұстаның – Самалбек Бурабаев. Ол – мүйізден мүсін жасаудың шебері.
Қармақшы ауданында тұратын қолөнер шебері осы кәсіптің арқасында көптің алғысын арқалап жүр. Ол мал мүйіздерінен әртүрлі бұйымдар жасайды. Қолөнер шебері мүйізді əбден тазалап, суға қайнатады. Содан кейін одан түрлі ерекше дүниелер шығарады. Бұл іспен жастайынан қосымша жұмыс ретінде айналысқан көрінеді. Қармақшы ауданының №121 орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі қызметін атқаратын оның қолынан шыққан түрлі құстардың, аңдардың бейнелері ерекше көз тартады.
– Қолөнермен айналысу үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет.Мүйізді өңдеу үшін бір жетідей уақыт кетеді. Суға салып, жібітіп аламын. Содан кейін ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл. Мұндай жұмсап, балбыраған мүйізді июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Бабына келіп тұрған кезінде пышақпен еркін жона беруге болады, – дейді шебер.
Ол жасаған бұйымдар соңғы 2-3 жылдың ішінде жұршылыққа таныла бастады. Себебі, бүгінде ұлттық дәстүрімізге сай өнерлерге қызығатын азаматтар көп. Шебер өз туындысын кезінде жақын кісілеріне сыйға тартса, бүгінде арнайы тапсырыс берушілер саны артқан. Алғаш рет ұстаның қолтаңба дүниелері Қорқыт ата этноауылы мұражайынан орын алған. Содан кейін, халықаралық кешені басындағы ЭКСПО-2017 көрмесіне төл туындыларын алып барған. Шетел қонақтары оның өнеріне қызығушылық танытып, таңданыспен қараған екен. Сол жерде бірқатар туындылары сатылған. Мәселен, Сауд Арабиясы, Германия, Ресей мемлекеттері мүйізден жасалған балық, құс, бақыт құсы деген мүсіндерін ерекше бағалаған. Шебер содан бері үлкен-кішілі көрме-байқауларға өз дүниелерін ұсынып келеді.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, әкесі ұста болған екен. Яғни, қолөнершілік қасиет әкесінен дарыған.
– Маған бұл өнер әкемнен қонған қасиет деп білемін. «Әке көрген оқ жонар» демекші сол кісінің қасында жүріп, қолөнерді үйрендім. Алайда, әкем ертұрман, ертоқым, қамшы секілді дүниелерді жасайды. Мен мүйізден әр түрлі бұйым жасауға машықтандым. Әкеден көрген тәлімімді өзгелерге де үйретіп жүрмін. Бүгінде оқушыларға еңбек пәнінен сабақ беріп қана қоймай қолөнер бұйымдарын әзірлеуге баулып келемін. Балалардың да қызығушылығы жоғары. Жалпы, қолынан іс білетін адамға ештеңе кедергі емес. Тек еңбек ете білу керек. Мұндай жұмыстар жалқаулықты көтермейді. Әрбір дүниені ойып жасап шығарар да асқан ұқыптылық қажет, – дейді ол.
Мүйізден мүсін жасаудың шебері деп танылған ол бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Себебі, атадан қалған ұлттық өнер келер ұрпақ санасында мəңгі қалса деп тілейді. Расында, қазіргі уақытта ұлттық қолөнер нарығына жаңа леп, серпін беріліп, оны дамытуға ықпал етуде. Соған сәйкес қолөнершілер қатары да толысып, кеңейіп келеді. Бұл қуантарлық жайт.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.