АРАЛДЫҚ ЗЕРГЕР 30 ЖЫЛДАН БЕРІ ЕР-ТҰРМАН ЖАСАУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
ҚазАқпарат - Аралдық белгілі қолөнер шебері, зергер Құдайберген Құлмамбет - ұлттық өнердің нағыз жанашыры. Оның қолынан шыққан бұйымдар бүгінде еліміздің көптеген мұражайларында сақтаулы. Сонымен бірге шетелдерге шығарылған жәдігерлер де аз емес. Атағы елімізге кеңінен танымал зергер жайында ҚазАқпарат тілшісі тарқатып айтады. Құдайберген Тағжанұлы 1954 жылдың 1 ақпанында Арал қаласында дүниеге келген. Бір қызықты жайт, ол он сегіз қыздан кейін дүние есіген ашыпты. Әкесі ұябасар Құдайбергеннен көп үміт күткен.
Өзі де Сыр еліне белгілі атақты ұста болыпты. Отыз жылдан астам уақыт бойына түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысқан ұста алғаш көрмесін сегізінші сыныпта оқып жүргенде ұйымдастырған екен. Құдайберген - қылқалам шебері, әрі саздан мүсін жасайды, ағаштан да ою ояды. Қолданбалы өнермен отыз жылға жуық айналысып келеді. Оның қолынан шыққан алқа, сәукеле, құсмұрын жүзік, қапсырма білезік, қарсы ілгек шашбау, тұмарша, сырға сынды бұйымдар қыз-келіншектер үшін таптырмас әшекейлер. Ұста сүйекпен өрнектелген домбыра, шақша, кәдесый ретінде қылыш, қанжар да жасайды. Қазанатқа ер-тұрман дейсіз бе, ұстаның қолынан келмейтін дүние жоқ. «Мен соғатын зергерлік бұйымдардың көпшілігі күмістен жасалады. Қазақ халқы ежелден-ақ күміске ерекше мән берген. Күмістің адам ағзасына пайдасын бүгінгі ғылым да дәлелдеп отыр», - дейді зергер. Түрлі байқаулар мен конкурстардың жеңімпазы атанып ежелгі өнерді дамытып, ұлттық сананың жаңғыруына өзіндік үлес қосып жүрген зергер-ұста «ЭКСПО-2017» көрмесіне де өзінің түрлі бұйымдарын ұсынды. Көпшіліктің ілтипатына бөленіп, жоғары баға алды.
«Бұл біздің ұлттың қанында бар өнер. Біз оны жоғалтып алмай ұрпақтан-ұрпаққа табыстауымыз керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» деп отырғаны да ұлт жадының жаңғыруы деп білемін. Ол үшін біз өткенімізді дәріптеп, келешекке танытуға міндеттіміз. Ұрпақ сабақтастығы дегеніміз сол», - дейді Құдайберген Құлманбет.