Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАҚЫТ ҒОЙ БАУЫР ДЕГЕН...

БАҚЫТ ҒОЙ БАУЫР ДЕГЕН...

      Жаугершілік кезеңде бейбіт жатқан бір рулы елге тұтқиылдан жау шабуылдапты. Қапияда қаперсіз қалған ауылдың ер-азаматтары лезде атқа қонып, тойтарыс бергенімен, қараниеттілердің қайта шабар сыңайы байқалған көрінеді. Сөйтіп, мұндағы халықтың бәрі бас сауғалап, ауа көшіп кетеді.               
            Сол елдің бас батыры аңдаусызда соққы берген дұшпанмен айқаста өзі де, астындағы сенімді тұлпары да қатты жараланып қалыпты. Ауған көшпен бірге ол да аяғын апыл-тапыл басатын сәбиін алдына отырғызып алып, қасіретті мекеннен жөней беріпті. Сол мезетте соңынан «Көке, мені тастап қайда барасыз?!» деген өз қарындасының аянышты үнінен селт етіп тоқтап қалыпты. Бірі – өмірінің жалғасы баласы, екіншісі – бір жатырдан шыққан бауыры. Қайтпек керек? Көп ойланарға уақыт тар. Сонда батыр: «Әйел – жолда, бала – белде. Тірі болсақ жар құшып, ұрпақ сүйе берерміз. Ал, өзіңдей қарындас, бір құрсақтан өрбіген бауыр енді қайда маған» деп нәрестесін тастап, қарындасымен бірге ажал тырнағынан сытылып шыққан деседі...            Қадым заманнан бүгінге дейін аңыз болып жеткен бұл әпсананың тереңінде әкенің қанынан жаралып, ана көкірегінен нәр алып өскен әрбір жанның өмірі бірге туған бауырмен мәнді екендігі туралы парасатты ойлар жатыр. Расында, балалық шақтың бал дәмін бірге татып, жоқ пен барды бөлісіп өскен сол бір аяулы жаннан артық кім бар мына жалғанда? Басыңа іс түскенде қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанашырлық танытатын да –мерейің өсіп, мәртебең асқақтағанда шын ниетімен тілектес бола алатын да – осы жақының. Қияға қанат қағып, ұядан ұзаған шақта адам бауырын іздеп, қолдау мен демеуді солард­ан табады. Кезінде бағып-қаққан ата-ана тағдыр жазуымен өмір­ден өтсе, бір-біріне қарасып, қолтығынан демейтін де – солар. Данагөй халқымыз «Бауырды өкпеге қисаң да, өлімге қимайсың» деп тауып айтқан ғой.                                                      Адамға ең жақын ағзаның бірі – бауыр. Сол секілді туған-туыс та жаныңның бір бөлшегі, жақының. Олардан алыстаған сайын өзіңді кемтар сезінесің. Демек, бауыр деген – өмірдегі барың, досың, сүйенішің, жақының, ақылшың, қорғанышың. Бірге туғаныңның басына іс түсіп қамыққан сәтте қолыңдағы барыңды бергің келіп шыр-пыр болуың да сондықтан шығар.               
  – Бауырыңды ренжітпе. Сен естиярсың ғой, ол болса әлі ақылы кірмеген сәби. Сондықтан да бірді түсінсе, бірді түсінбейді. Оның үстіне кенже бала өзімшілдеу келеді. Жалпы, жасы кіші бауырға кешірімді болу керек, – деп үлкендер жағы үнемі құлаққа құйып отырушы еді.                             
Кішкентайыңда бір нанды бөлісіп жеп, ыстық ұяда аунап-қунап өскен бауырларың бойжеткен соң нағыз тірегіңе айналатындай. Әсіресе, әрқайсысы бір-бір үй болып, отауын бөлектеп кеткенде оларға деген сағыныш еселене түсері сөзсіз. Расында, бір бесікке жатып, бір жастықта өскен балалар бүгінде бір-бір үйдің иелері. Бірі – отағасы, ал енді бірі – сол отбасының ұйытқысы. Олардың бас қосқанда айтары бір. Сол өткен балалық дәурендегі тәп-тәтті естеліктерді ой елегінен өткізіп, арқа-жарқа болып жатқаны. Әсіресе, бірге туғандар жан-жақтан жиналғанда қарашаңырақтағы әке мен ананың қуанышы ерекше. Балаларының осындай бауырмалдығына марқая түседі. Осындайда маған бауырдан асқан бақыт жоқтай көрінеді. Шындығында да, солай емес пе?..
                                                                                  Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
19 маусым 2018 ж. 7 923 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам