Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ЕРУЛІК

    Қазақ халқы – салт пен дәстүрге, әдет пен ғұрыпқа, мәдениетке бай. Қашанда танымы мол, тарихы тереңде жатқан салт-дәстүрді жоғары бағалаймыз. Бұл құндылықтардың ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде алатын орны зор. Солардың бірі – ерулік.
         Ерулік – жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі. Мәселен, бөтен ауылға көшіп барғандар алғашында үйренісе алмай тосырқайтыны заңдылық. Сол себептен де бұл жоралғы жаңадан келген қоныстанушыны бөтенсітпей, жаңа ортамен таныстырып, сый-құрмет көрсету мақсатында жасалады.Ертеректе жергілікті тұрғындар көшіп келгендердің үйін тігіп,  оларға қолғабыс еткен. Жаңа көршілерін бала-шағасымен қоса үйлеріне шақырып, ерулік ас берді. Бұл ас қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен қазы-қарта, жал-жаядан пісірілді. Сонымен қатар,  қой сойып арнайы шақырды. Егер көшіп келгендер жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ секілді күнделікті қажетті дүниелерді тарту ететін болған.
Аталмыш дәстүр көбінесе малшы қауымында жасалған. Олар жайлауын жайлап, қыстауын қыстап көшіп-қонып жүре беретіні белгілі. жиырма жылдан аса шопан болған әкем бұл жөнінде:
– Мұндай көріністер жаз айларында жиі болады. Игі дәстүр бойынша соңғы келіп қонған шаңырақ иелеріне  бұрын жайғасқан отбасылар ерулік беретінбіз. Бұл – терең мәні бар дәстүр. Яғни, көшіп-қонудың абыр-сабыр қиындығын көріп, шаршап-шалдығып жеткен кісілерге ауыл үйлері дастархан жайып, дәм таттырады. Онда жақсы тілек тілейді. Көңіл-ниеті жарасып, бауыр басып қалады. Әсіресе, бала-шаға бір-біріне үйренісіп, бір үйдің балалары секілді болып кетеді. Кейін қыстауға көшерде сол көршілерді қимай тұрған кездер де болған. Бір айта кететіні, жыл сайын қанша көшіп жүрсең де, сол ауылдан қимастай жандар табыла кетеді. Бұл қазағымыздың өзіне тән қасиеті болса керек. Олар қиын-қыстау кезде бір-біріне қол үшін беруден де жалтармайтын. Дәстүрдің тағы бір ерекшелігі осында жатыр. Ол адаммен адамды жақын етеді,  – деп үнемі айтып отыратын.
Қазіргі таңда қала тұрмақ, ауылдың өзінде көршілерге бас сұқпайтын кереғар жағдай қалыптасты. Тіпті, олармен араласпай, танымайтын көріністер кездеседі. Ал, көршіге көрсетілер сый-құрметтің қазақтар үшін өмірлік мәні зор. Олар сондықтан да «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөзді ерекше құрметтеген. Қалай болғанда да  қазағымыздың кеңпейілдігін, жомарттығын, қонақжайлылығын паш ететін бұл дәстүрді дәріптегеніміз абзал.
Айта кететіні, ата-бабадан мұра болып қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсатта қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, өмірде іске асыру артық етпейді. Ерулік дәстүрін де бүгінгі таңда жаңғырта түсуге болады. Мәселен, ауылға, көше бойына көшіп келген жандарды қонақ етіңіз. Олармен жақын уақытта сырлас, дос, құрбы болып кеткеніңізді өзіңізде сезбей қаласыз. Осылайша, дос-жарандар қатары көбейе түспек әрі дәстүрді жаңғыртуға септігін тигізеді.
Біздің мақсат –  уақыт тезінен өтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан құндылығымызды, қазақтығымызды көрсететін қазынамызды дәріптеп, ұмытпас үшін, болашақ ұрпаққа аман-есен аманаттау.
                                                                   Айтолқын АЙТЖАНОВА.
22 мамыр 2018 ж. 2 791 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам