Тіршілік үшін үлкен қатер
Тұрмыста тұтынып жүрген балдың ағзаға қаншалықты пайдалы екені мәлім. Тіпті, оны өндіретін араның да уы медицина, косметология саласында кеңінен қолданылады.
Пайдалы өнімді өндіру үшін олар сағатына 6 шақырым қашықттыққа дейін ұшып, мыңдаған, тіпті миллиондаған гүлді тозаңдандырады екен.
– Жинаған балын ұясына әкеліп, аналық араны және оның жаңа туылған балаларын тамақтандырады. Бір қызығы, ұяда бал таситын жұмысшыларынан бөлек, тазалаушы, тамақтандырушы, есік алдында күзетшісі болады. Олар өте еңбекқор келеді. Бал жинайтын балауызды жасау үшін қанша тер төксе, оны жуып, шаюға да сонша күш жұмсайды. Балауыз тордың тазалығына әбден көз жеткенде ғана негізгі жұмысқа кіріседі. Олар масылдыққа да жол бермейді. Мәселен, тек ұрпақ дамытуға үлес қосатын аталығына жиналған балмен қоректенуіне рұқсат жоқ. Сол сияқты ұры араларда күзетшілердің бақылауында, – дейді омарташы Ерік Тасыбаев.
Осындай ерекше өмір сүру қағидасы бар жаратылыс иелеріне бүгінгі таңда жойылу қаупі төніп тұр. Ара тіршілігін жойса, адамзат өміріне де үлкен қатер төнеді-мыс. Әлем ғалымдары осы жайында дабыл қағуда. Ендеше, мұндай пайдалы жәндіктің азаюына не себеп? Бұл туралы газетіміздің алдағы санында жарық көретін «Бал арасы азайып бара ма?» атты сараптамалық мақаладан оқи аласыздар.
Айдана САЙДУЛЛА.