Театр ұлт рухының жаршысы

Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер шаңырағына ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен «Академиялық» мәртебесі берілді. Әрине, бұл – Сыр өнерінің дамуына, жоғары деңгейге көтерілуіне саналы ғұмырын сарп еткен өнер иелерінің еңбегінің еселі жемісі.
Таланттарға жол ашқан
Алаштың анасы атанған Сыр өңірі ұлттық театр өнерінің тамырын тереңнен тартқан талбесігі іспеттес. Себебі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры өз шымылдығын осы Қызылорда қаласында түрген болатын. Тарих көздеріне сүйенсек, 1925 жылы тұңғыш кәсіби қазақ театрын құру туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, келесі жылдың 13 қаңтарында Сыр елінің төрінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет сахналанды. Сол күні киелі сахна төрінде Ә.Қашаубаев, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов және Ж.Шанин секілді саңлақтар өнер көрсетті. Олардың барлығын ұлт мәдениетін ұлықтаған тұлғалар деуге толықтай негіз бар.
Алғашында театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығармашылығының танымал шеберлері – И.Байзақов, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Әлібекова, Ш.Байзақова, М.Шамова, Ж.Шанин сынды театр тарландары қызмет жасады. Міне, қасиетті жерде киелі өнердің алашқы оты осылай тұтанды. Театр тарихына қатысты ресми мәліметтерде өнер ордасының ашылған күні мен алғашқы сахналанған қойылымы туралы екіұшты деректер де жоқ емес. Мәселен, театрдың ашылу күніне байланысты бірнеше мерзім жазылған. Атап айтсақ, ол 1925 жылдың желтоқсан айы, 1926 жылдың 10, 13, 31 қаңтары деп көрсетілген. Ал, сахнаға қойылған ең бірінші пьеса деп бірде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», бірде Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» деп айтылады. Алайда, осы тарихи оқиға туралы ғаламтордағы электрондық энциклопедияда «Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды» деген дерек кездеседі.
Өркенді өңір өрісі

Бүгінде 65 жыл тарихы бар театр – еліміздегі белді өнер ошақтарының бірі де бірегейі. Соңғы жылдары облыстық театрдың материалдық базасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, ұжымды жас мамандармен қамтып, репертуарды жаңа қойылыммен толықтыруға барлық жағдай жасалған.
Бұл мәртебе – жетекші және тарихы бай театрларға берілетін құрметті атақ. Ол 1919 жылдан бастап енгізілген. Алғашқы академиялық театр атағы Ресейдің байырғы музей және драма театр ұжымдарына берілді. Елімізде 1937 жылы Қазақ драма театрына, 1941 жылы Қазақтың опера және балет театры осындай мәртеге ие болды. Елімізде академиялық атақ берілген санаулы ғана өнер ошақтары бар. Биылдан бастап солардың қатарына Сыр өңірінің театры да қосылды.
– Облыстық театрға осындай дәреже беріліп, ұжымның еңбегі жоғары бағаланып жатқанына өте қуаныштымыз. Біздің театрда үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Шотландияда ең атақты «Фриндж» фестиваліне қатысып, елге абыроймен оралдық. Осының барлығы жергілікті басшылықтың қолдауының арқасы деуге болады. Болашақта да өнер адамдарына берілетін қолдауы жалғаса береді деген ойдамыз. Кеше міне, жастарымыз Мәскеуде білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып келді. Қазіргі кезде қай жерге, қай елге барсақ та ұялмай кең қолемде халықтың көңілінен шыға білетін, жоғары дәрежедегі қойылымды ұсына аламыз. Оған біздегі өнер ұжымының, оның ішінде жастардың білімі, тәжірибесі толықтай жетеді. Алдағы уақытта елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласына гострольдық сапармен барып, өнер көрсетсек деген ойымыз бар, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір.
Өткеннен сыр шерткен

– Мұражай 2015 жылы театрдың 60 жылдығына орай ашылды. Ғимарат фойесінен аталмыш нысанға орын қарастырып, қарашаңырақ тарихынан сыр шертетін осы музейдің ашылуына бастама жасаған – театр директоры Мұхит Әбдікәрімов. Содан бері мұражай өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты өнер ордасының өткенімен таныстыратын, әртістердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді, – деді ол. Келушілер бұл жерден Нартайдың Сырдың ақ маржаны – күріштен салынған портреті мен сахна саңлақтарының медаль, марапат, қолданған бұйымдарын және шетелде өткен түрлі өнер байқау, фестивальден келген алғыс хат пен кәдесыйларын тамашалай алады. Әсіресе, мұнда театр құрылған күннен бергі кезеңді қамтитын әр қойылымнан түсірілген суреттің қоры мол. Актерлердің өмірбаяны, ойнаған рөлдері, сұқбаттары мен мақала, қолжазбалары, тіпті қойылым кезінде тұтынған бұйымдарын көргенде өзгеше бір әлемді танығандай күй кешетініңіз анық. Ал, Сыр театрының шоқтығы биік тұлғасы Серік Шотықовтың «Аласапыран» қойылымындағы Сазамбай рөлінде киген жасыл мақпал костюмі, актрисалардың сахналық көйлектері тұр. Тіпті, олардың киімдерінен бөлек, қойылым кезінде кейіпкер образын аша түсу мақсатында пайдаланылған тарақ, көзілдірік сынды зергерлік бұйымдарына дейін музей сөрелерінен орын тепкен.
Бүгінде театр репертуарында көптеген жанрды қамититын қойылымдар сахналанып келеді. Олар көрерменді бірде күлдірсе, бірде терең ойға батырады. Соңғы жылдары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген қойылымды көрермен назарына ұсынуда. Сонымен бірге Темірбек Жүргенов туралы «Темір нарком», атақты ақын Абай Құнанбаев туралы «Абай» қойылымы көпшілікке жол тартқанын ерекше айта кету керек.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА