ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ АУДАН ӘЛЕУЕТІН АЙҚЫНДАЙДЫ
Арал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстем Өтешовтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өткізілді.
Ауданға қарасты барлық ауылдық округтің әкімдері, дербес бөлім басшылары және аудандағы мемлекеттік мекеме басшыларының қатысуымен өткен жиында өзекті деген бес мәселе қаралды.
Аппарат мәжілісінде ең алдымен «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Садуақасовтың айтуынша қазіргі таңда «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары белгіленген межеден артығымен орындалған. Ал, «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы қазірге 75,2 пайызды құрап отыр.
Одан әрі жиында, ауданның 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 10 айдағы қаржының игерілуі баяндалды.
Мұнан соң, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Марат саяси маңызы зор науқан, яғни, 2018 жылдың I-жартыжылдығына баспасөзге жазылу барысын тарқатып айтты. Сонымен қатар, күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе бойынша аудан әкімінің орныбасары Е.Әбішев хабарлама жасап, желтоқсан айындағы айтулы мерекелер қарсаңында өткізілетін іс-шаралар легімен таныстырды.
Мәжіліс соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Өтешев әр мәселе шеңберінде тиісті тапсырмалар жүктеп, жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындысы ауданның даму қарқынын айқындайтынын жеткізді.