Сырдарияда ілкімді істер көп
Сырдария ауданында өркенді өзгеріс байқалады. Дамудың даңғыл жолына түскен бұл ауданда орындалуы тиіс іс-шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылған. Барлық маңызды салалар бойынша өрелі істерге көрініс беріп отыр.
– Биылғы жылдың 10 айында аудандық бюджет түсімі 10 млрд. 670 млн. теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде 4 млрд. 728 млн теңге – өз кірісіміз. Осы кезеңге дейінгі есептік көрсеткіш қорытындысымен бюджет шығысы 99,5 пайызға орындалды. Биылғы басты мақсатымыз – барлық әлеуметтік міндеттеменің уақытылы орындалуы, халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Руслан Рүстемов.
Экономиканы арттырудың бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Осы саланы дамыту бағытында 2313 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркеліп, оның ішінде 2095-і жұмыс жасап тұр. Жыл басынан бері барлық бағдарламалар бойынша 285 жобаға қаржы тартылса, соның нәтижесінде 269 жұмыс орындары ашылған.
– Атап өтсек, «Шаған» шаруа қожалығы қолға алған қуаттылығы жылына 630 тонна күріш ақтау цехының құрылысының жобасы индустрияландыру картасына енгізілді. Онда айына 70 тонна күріш өңделіп, 25 адам еңбекпен қамтылады. Құрылыс кәсіпкердің өз қаржысымен іске асырылады. Мұнан өзге, облысымызда өткен ХІ «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумы аясында аудан әкімдігі мен «Ақжарма – 2» шаруа қожалығы арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Аталған жоба 2020-2022 жылдар аралығында іске асырылып, 33 адам еңбекпен қамтылады, – деді аудан басшысы.
Сырдария ауданында денсаулық саласында жоғары жетістіктер бар. Бұл бағытта дәрігер тапшылығын төмендету мақсатында маңызды жұмыстар атқарылды. Осы мақсатта 9 дәрігер ауданға шақыртылып, 3-не қызметтік пәтер берілген.
Мұнда мемлекеттік жастар саясаты бойынша да жүйелі жұмыстар жасалуда. Осы бағытта жастарға қолдау көрсетіп, олардың дамуына және өзін-өзі жетілдіруге барлық шаралар қабылданған. Мәселен, «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры құрылды. Қор арқылы өз кәсібін бастағысы келген 22 адамға мемлекеттік грантқа қатысу үшін қолдау көрсетілген.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ