Сырдарияда серпінді істер көп
Сырдария ауданында өркенді өзгеріс бар. Дамудың даңғыл жолына түскен бұл ауданда 2018 жылы орындалуы тиіс іс-шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылған. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша өрелі істерге қол жеткізілген.
– Былтыр аудандық бюджеттің түсімі 8 млрд.316 млн. теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде 4 млрд.374 млн теңге – өз кірістеріміз. Өткен жыл қорытындысымен бюджет шығыстары 99,9 пайызға орындалды. Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, биылғы басты мақсатымыз – барлық әлеуметтік міндеттеменің уақытылы орындалуы, халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы болып қала береді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ғанибек Қазантаев.
Экономиканы арттырудың бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Осы мақсатта жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 10 жоба және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 183 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде 201 жұмыс орындары ашылды.
Ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері жетістіктер бар. Мәселен, «Агробизнес» бағдарламасы негізінде 16 шаруашылық құрылымы 103 млн. теңге несиеге асыл тұқымды ірі қара малдарын сатып алған. Одан бөлек, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 шаруашылық асыл тұқымды 504мүйізді ірі қара малдарын сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туындаған міндеттерді жүзеге асыру барысында Тереңөзек кентінде Сырдария ауданының Құрметті азаматтарына арналған аллея, аудандық музейдің «Еңбек даңқы залы», «Парасат алаңы» пайдалануға берілген.
Ауданда мемлекеттік жастар саясаты бойынша да жүйелі жұмыстар жасалуда. Мәселен, «Жастар ресурстық орталығы» қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, белсенділікті арттыру мақсатында «Zhas Project» жобасына ауданнан 42 жоба ұсынылған. Оның ерекшелігі жұмыссыз және кәсіпкерлікке ниетті жастарды тарту мақсатында ұйымдастырылған. Нәтижесінде 19 жоба жеңімпаз атанып, олар өз істерін бастады. Бұл – аудандағы жарқын істердің бастау аларына себеп болды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.