Жолдағы жүгенсіздікті тиятын уақыт жетті
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – негізгі міндет. Осы бағытта қала әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жасалуда. Қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, нақты істер атқарылды.
Биыл қала көлеміндегі қылмыстық аухал тұрақты. Алайда, жол-көлік оқиғасы өткен жылға қарағанда өсім алып тұр. Қазір осы бағытта тиісті тапсырмалар беріліп, әсіресе жасөспірімдердің тәрбиесіне назар аудару мәселесі қатаң бақылауда. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалық етуімен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомстворалық комиссия отырысында бұл мәселелер кеңінен талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша қалалық полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаев құқық бұзушылықты болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Жалпы, қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі есепті мерзімде 15,3 пайызға яғни, 674 іске төмендеді. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстың 56 пайызын ұрлық, ал 16 пайызын алаяқтық құраған. Қалғаны өзге санаттар бойынша тіркелген. Көрсеткіштерге сүйенсек, қылмыстардың тіркелуі жылдан-жылға төмендеп отыр. Сонымен қатар, тәртібі мен тәрбиесі қиын, құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға бейім тұратын жасөспірімдерге қатысты профилактикалық жұмыстар өз деңгейінде атқарылды. Есепті мерзімде әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 2196 жасөспірім басқармаға әкелінді. Оның ішінде 1964 баланың ата-анасына әкімшілік шара көрілген. 232 өрен бейімдеу орталығына орналастырылды, – деді ол.
Комиссия отырысында қалалық полиция басқарма бастығы жол-көлік оқиғалары 64 пайызға өскенін айтып өтті. Расында, аталған мәселе бүгінде қоғамды алаңдатып отыр. Тек қана облыс орталығында емес, өзге де аймақтарда көлік апаты жиілеген. Сондықтан да бар назарды осыған аударып, тосыннан келетін апаттардың алдын алған жөн.
– Бұл тұрғыда жүргізулердің мәдениетін көтеру керек. Жолдағы жүгенсіздікті тиятын уақыт жетті. Әр адамға жауапкершілік керек. Алдын-алу шарасы бойынша тиісті қызметтер атқарылсын. Мектепте, колледж, жоғары оқу орнында жол ережесі түсіндірілсін. Полиция қызметкерлері қаланың тыныштығын қамтамасыз етуде жұмыс жасап келеді. Алайда, жол-көлік оқиғасы көпшілікті алаңдатуы тиіс. Ата-аналар баласын түнде іздеп, оларға деген жауапкершілікті көбейтуде жұмыстар қолға алынсын, – деді қала әкімі.
Одан кейін бұрын сотты болған азаматтармен жасалған қылмыстарға қатысты мәселелер ортаға салынды. Бұл жөнінде облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Жүніс Әбдіқайыров айтып өтті.
– Есепті кезеңге қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 1 446 әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде 502 құқықтық, 307 психологиялық, 17 медициналық көмек бар. Бұған қоса 82 адам жұмысқа орналасып, оның 56-сы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді, – деді ол.
Сонымен қатар, бұрын сотты болғандар арасында қайта қылмысқа барып жүргендер аз емес. Сол үшін олардың әрқайсысын жете бақылау қажет.
Осыған орай, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бақылауды күшейтуді тапсырды.
– Олардың қайта қылмыс жасауларының алдын алу, тұрмыс жағдайын зерделеп, оған мүмкіндігінше қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілсін. Дұрыс өмір сүруге бейімделем деген кісілерге қолдау көрсетілу қажет, – деді қала әкімі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА