Абырой жүгін арқалаған
Шырайлы шаһардың қақ ортасында алыстан менмұндалап көзге түсетін бес қабатты зәулім ғимарат дертіне шипа іздеген талай адамның бас сұққан орны екені белгілі. Онда №6 емхана орын тепкен. Емдеу мекемесі 1991 жылы тәуелсіздіктің құрдасы ретінде ел игілігіне беріліп, оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президент – Елбасы құттықтау хатымен өзінің жүрекжарды лебізін жолдаған еді. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Сыр өңірінің сырбаз халқын салтанатты мерекемен құттықтап, ерекше ілтипат білдірген. Сол уақыттан бері аттай зулап 28 жыл өтті. Десе де, абырой жүгін арқалаған ақ халаттылар үшін бұл аз уақыт емес. Себебі, олар сағат сайын емес, әр сәт сайын адамзат өмірін сақтап қалу үшін тер төгіп, елеулі еңбек етуде. Қашанда емдеу мекемесінде елдің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова:
–Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылған емхана одан бергі кезеңде сан алуан жарқын істерімен ерекшеленді. Сондай-ақ, тоқсаныншы жылдардың ортасында бізге Елбасының өзі арнайы келіп медицина қызметкерлерімен жүздесті. Емхана мамандары әрдайым халыққа қалтқысыз қызмет жасайды.
Біздің мекеме алғашқыда 50 мың тұрғынға қызмет көрсетсе, бүгінде олардың саны 65 мыңнан асты. Көпсалалы емханада барлығы 25 бөлімше бар. Жетістік де аз емес. Мәселен, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік емхана» атағына ие болдық. Ғимарат облыс пен қала көлемінде типтік негізде салынған емдеу орны. Мұнда жоғарғы және бірінші санаттағы білікті және 37 жалпы тәжірибелік дәрігерлер, 400-ден астам орта буын ақ халаттылар қызмет атқарады, – деді.
Осылайша қаншама халықтың мұң-мұқтажын өтеп отырған үлкен ұжымның атқарған жұмыстарын тілге тиек еткен басшы мамандардың да жетістігіне тоқталды. Бір қуанарлығы, олар өз қызметін атқарумен шектелмей, облыс, қала көлемінде өтетін түрлі іс-шараға, байқауға атсалысып келеді. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Үздік дәрігер» номинациясын жеңіп алған дәрігер М.Әбенова 1 млн. теңгені еншілесе, 2015 жылы осындай марапатты дәрігер С.Сейітбек олжалап, 500 мың теңгеге ие болған.
Халықтың құрметі мен ыстық ықыласына бөленген мамандар қатары аз емес. Олардың қатарында «Шапағат», «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалінің, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері К.Ташенова, М. Әбенова, Р. Тұрмағанбетова сынды білікті мамандар бар.
Емхана ұжымы адамның жаны мен тәнін сауықтыруға зор үлес қосуда. Онда дәрігерлердің баршасының маңдай тері, өлшеусіз еңбегі мен қажыр-қайраты жатыр. Мұнда мемлекеттік бағдарлама бойынша толымды жұмыстар жасалуда. Алда атқарылар жоспарлар да тиянақталып, келер күннің еншісінде тұр.
– Облыс бойынша «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі 5 бағытына дайындалған жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологияларына, жарақатқа, жіті инсульт пен миокард инфарктісінде, қатерлі ісік ауруларында медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған тәсілдеріне арналған «Жол карталарын» іске асыру және мониторинг жүргізу мақсатында іс-шаралар бекітілген. Биыл емхана ғимаратын күрделі жөндеуге 52 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жаңадан алынған автоматтандырылған сыртқы дефибриллятор, лор-комбайн аппараты, микропроцессорлы портативті спирограф, электрлі аквадистиллятор, артериалды қан қысымына арналған амбулаторлы монитор, холтер, бумен стерильдеуші, электрокардиограф, өкпені жасанды желдету аппараты емдеу орнының медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға көмегін тигізуде. Сонымен қатар, емхана жедел медициналық көмекке мамандандырылған автомобиль және УАЗ автокөлігімен қамтамасыз етілді, – деді бас дәрігер.
Мұнда одан да өзге жүйелі істер қатары жетерлік. 2016 жылдан бастап емханада облыс әкімдігінің және денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Біріккен Ұлттар ұйымының балаларды қорғау қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі жобасы жүзеге асуда. Сол бағытта емхана мамандары жүкті әйелді босанғаннан бастап баланың 5 жасқа дейінгі күтімін, үйдегі жағдайын, ана мен баланың денсаулығын толық бақылауға алады. Негізгі мақсат – баланы медициналық жағынан емес, әлеуметтік жағдайын саралап, оған қолдау жасау. Аталған жоба бойынша осы жылдың маусым айында Өзбекстан, Украина, Ресей және Орта Азия мемлекеттерінен келген денсаулық сақтау саласы мамандары емханада болып, патронаждық күтім жасаудың жаңа үлгісімен танысты.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурудың алдын алу мақсатында биылғы жылдың қаңтар айынан бастап отбасыларды әлеуметтік-тұрмыстық қолдау үшін «Жүректен жүрекке» әлеуметтік дүкені ашылған. Оның мақсаты – әлеуметтің әлеуетін арттыру, яғни бір отбасы екінші отбасыға көмек қолын созу. Емхананың бірінші қабатында еріктілер үшін «Жүректен жүрекке» жәшігі қойылған. Азық-түлік, киім-кешек пен түрлі тұрмыстық затты қала тұрғындары осы жерге тапсырады.
Аймақта пилоттық патронаждық қызмет түрі енгізілген болатын. Оның мақсаты – үйлерді аралап, 5 жасқа дейінгі балаларды, екіқабат әйелдерді бақылау. Емханада да осы бағытта жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. Нәтижесінде үй аралау жұмыстары күшейтіліп, туу жасындағы және екіқабат әйелдер уақытылы тіркелуде. Мұның өзі науқастармен және емделуге тиісті тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың тиімді тетігі болып отыр.
Бір байқағанымыз, мұнда электрондық жүйе сапалы жұмыс жасайды. Емхананың бірінші қабатында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қабырғаға стенділер ілінген. Мемлекеттік қызметтер «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Жаңа технологиялық жүйемен жұмыс жасап жатқан емханада дәрігер кезегіндегі тұрғындардың барлығы бас дәрігердің жіті қадағалауында. Ондағы мақсат – науқас адамдарға кезекті көп күттірмей керекті кеңес беріп, оның дертін емдеуге уақыт ұттырмай шұғыл кірісу.
Тұғырлы ел тәуелсіздігімен қатар ту тіккен №6 қалалық емханада адам өмірін қорғауға ант берген дәрігерлер қауымы қажырлы еңбек етуде. Олар уақытпен санаспай үлкен тәуекелдерге барып, адам жанын ажалдан арашалайды. Дертті жандардың жүрегінде үміт шырағын қайта маздатқан ақ халаттыларға артылар аманат жүгі де жеңіл емес. Себебі, олар адам өміріне қорған болумен бірге, сенімге сызат түсірмеу қасиетімен де құрметтеледі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА