Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өкілдің жолы ауыр...

Өкілдің жолы ауыр...

  Бала күнімізде Зария апаны атамның туған қарындасы деп ойладық. Себебі, оған бәрінен артық құрмет көрсетілетін, үнемі төрге шығатын. Атам күзде астық жиналғанда қабымен картоп, жуа, сәбіз беретін. Мал сойсақ бір бөлігі сонда жеткізілетін. Оның балаларын да ерекше жақсы көрді. Үйге қонақ келсе, отбасымен шақырады. Кейін есейіп, оң мен солды танып, жан-жағымызға қарай бастағанда ол кісінің атамның өкіл қарындасы екенін білдік. Апамыз ерте жастан ата-анасынан жетім қалған көрінеді. Жалғыздықтың ащы дәмін татқан ол кісіні атам өз қамқорлығына алса керек.
Қазақта «Өзі өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген әдемі тәмсіл бар. Оны әсіресе үлкендер жағы көбірек еске алады. Бүгінде атамыз арамызда жоқ. Десе де, Зария апамызға бәз-баяғы қалпында сый-құрмет көрсетіледі. Ол қазір әулеттің қадірлі адамы әрі ақылшысы. Балалары да бізді туған нағашысы санайды.
Кейде пендешілікке салынып, туысқандық деген ұғымды адамдар арасында тек қан бойынша жақындық деп түсінеміз. Ежелден бір-біріне бауырмал бола білген халқымыз қашанда адамгершілік үлгісін көрсетті. Ата-бабамыз, танымайтын құдайы қонақты да үйге кіргізіп, төрге отырғызып, хандай сыйлаған. Оның қасында ағайын-туыс, құда-жегжат, көрші-көлем, жора-жолдасты ерекше құрметтері анық. Солардың бірі – өкіл әке, өкіл аға, өкіл бала.  
Қазіргі кезде бұл атау кей жерде сақталғанмен көп жерде қолданыста жоқ. Қазақ қашанда жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел. Өкіл әке – ағайыннан немесе досынан жетім қалған балаға өкілдік жасап асырап алуы. Оларға туған ата-анасындай қамқорлық танытып, өз баласынан кем көрмей, мейірімге бөлеп өсіруі қажет. Тіпті, қашанда өкіл туысының қуанышын бөлісіп, қайғысын бірге көтере білген жөн. «Өкілдің жолы ауыр» деген тәмсіл осыдан қалса керек.
– Бала күнімде әкемнен, одан кейін анамнан айрылдым. Сол уақыт бір заманның қиын кезеңі еді. Ағайын-туыс өз баласын әрең асырап, өлместің күнін кешіп отырғанда біреудің баласын бағып қайтсін. Сондайда иманды болғыр Мырзабай көкем мырзалық танытып өз қамқорлығына алды. Ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, келісім бойынша маған өкіл қарындасы ретінде туыстық атау берді.  Міне, содан бері 35 жыл өтті. Уақыт деген қолға ұстатпас сағым секілді зымырап өте шықты. Арамызда өкпе-реніш деген мүлдем орын алмапты. Көкемнің жары Ағайраш марқұм да жарықтық бір қыңқ етпейтін. Үйіне барсам, бәрін алдыма қойып, өбектеп жүруші еді. Мені өздері тұрмысқа берді. Қазір жолдасым екеуіміз бес бала өсіріп, жеткіздік. Көкемнің өзі жоқ болса да, ұрпағымен етене жақын араласамын. Олар да біздің отбасымызға қамқорлық танытып, үлкеніміз деп алдымнан кесе өтпейді, – деді Зария апам.
Осылайша атам бір отбасының құрылуына, бес баланың өмірге келуіне себепкер болды. Міне, мұндай жандар бүгінгі қоғамға да керек сияқты. Десе де, бұл дәстүрді қайта жаңашалап, жаңғыртып жүргендер де жетерлік.
– Біздің Сыр өңірінде өкіл аға, өкіл қарындас деген ұғымды ғана естуші едік. Ал, өкіл ата-ананың барын Алматыға тұрмысқа шыққанан кейін білдім. Бұл салт-дәстүр ежелден келе жатқаны анық. Десе де, алматылықтар қазір оны жақсы жағынан жандандырып жүрген секілді. Мәселен, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыға алдын-ала өкіл әке мен өкіл ана тағайындайды. Әрине, жастардың өздеріне жақын адамдары болса, соларды таңдауға құқы бар. Көбіне жігіттің ата-анасы өзара келісіп, шешім шығарады. Жас жұбайлар үшін олардың орны ерекше. Себебі, арадағы түсініспеушілік, кикілжің, ұрыс-керіс туындаса ақыл айтып, үлгілі отбасы болуға тәрбиелеу осы кісілердің жауапкершілігінде. Балалы болғанда да көп көмегі тиеді. Дүниеге келген сәбиді перзентханадан алып шығу да осы жандарға тиесілі. Бізге жолдасымның немере ағасы мен женгесі өкіл ата-ана атанды. Жақында қызымыздың тұсауын сол кісілерге кестірдік. Олар қазақтың салт-дәстүріне сай барлық кәдесімен келді. Біз де жолымыздан жығылмай қарсы алдық. Өзімнің туған ата-анам алыста екенін білдірмей, маған үнемі қамқорлық танытып жүреді. Кейде қиналғанда қасымыздан табылып, қуанғанда қуанышымызға ортақ бола білетін осындай жандардың болғаны қандай жақсы деп ойлаймын, –  деді Айдана Нұрланқызы.
Расында, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші өмірмен бірге біте қайнасып кеткен осындай салттың дені заман талабына сай жаңғырып отыр. Бұл да болса, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің бір парасы деп білеміз.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
23 желтоқсан 2019 ж. 895 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 441 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам