Ертегіні тәуір көрем мен тегі...
Бұрын ертегі десе әрбір бала елеңдейтін... Қазір оны айтатын әжелер азайды ма? Әлде тыңдайтын ешкім жоқ па? Әйтеуір, ол жайында ойланатын болдық.
Бүгінде бала жетектеген ата, немересіне ертегі айтып отырған әже кезіктірсек, таңырқамай, сүйсінбей өте алмаймыз. Себебі, бұл көрініс көз алдымызда таңсық болып барады. Алайда, замана көшінен қалмай, рухани жаңғырамыз десек, ұлттық дәстүрлерді жаңарта түсу қажет-ақ.
Қазіргі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. «Әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық ұғымның сіңуі де осы кезден басталады. Бесік жырымен қоса, ертегі айтатын ақ жаулықты кейуана азайды. Ұлттық сана, ұлттық тәрбие бесік жыры мен ертегіден басталады. Сондықтан да баланы құрсақтағы кезінен-ақ әнмен тәрбиелеу қажет екен. Өкініштісі, ежелден келе жатқан осы ұлттық үрдістің тіні үзілген. Осындай сәтте Бауыржан Момышұлы айтқан ұлағатты сөз еске түседі. «Бірінші, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деген екен. Осы сөздің мән-мағынасын түсінсек, баланың тәрбиесіне тек ата-ана емес, сонымен қатар ата-әжелер де атсалысуы қажет. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше», «Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті» деп халық даналығы айтқандай, қазыналы қарттарымыз үшін немеренің орны бөлек.Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Ал, ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады. Біздің қазақ ұлтында отбасында ерекше рөлге ие жан – әже. Ол тәрбиелеген бала әдепті болып өседі. Сондай әзиз жанның бірі Ханшайым әжеміз өз ойын былай өрбітті.
– Ертегі айту қай жағынан алып қарасаңызда бала тәрбиесіне оң ықпал етеді. Өмірдің жаманы мен жақсысын ажыратады. Бүлдіршіндерді теледидардағы адам шошырлық шетелдік мультфильмдермен тәрбиелеуді тоқтатпасақ, бұл үлкен олқылыққа алып келері даусыз. Өз қолымызбен-ақ жас өрендердің психологиясын бұзып жатырмыз. Сондықтан бүгінгі келіндер ұрпақ тәрбиелеуде ата-әженің ықпалы зор екенін білулері керек. Қазіргі балалар ертегіні көп тындамайды. Компьютер ойнайды, теледидардан әртүрлі мультфильм қарайды. Бірақ, ертегі ұлтымыздың ескірмес рухани байлығы екенін ұмытпайық, – дейді ақжаулықты әже.
Ал, үш баласының анасы атанған Сұлушаш сәбилеріне ертегі тыңдата алмай әлек болады екен.
– Мен ертегі айтсам тыңдағысы келмейді. «Ту-у-у, мама қойшы, өтірік ертегі айтпашы, мультфильм қарайықшы» дейді. Иә, бүгінгі ұрпақты рухани байлық – ертегімен көндіре алмайтын уақытқа жеттік. Бірақ, бір қуанышты жайт, қазақ халық ертегілерінен құралған анимациялық бейне-ойындар көбейді. Олар жаңа заманға сай. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері қойылып, айтылатын дүниелер бүгінгі қоғамнан көрініс тауып жатыр. Бүгінгі бала санасына лайық элементтерге ие ертегілер көбейсе, жас буынның көкірегі ояу, танымы кең болып өсер еді, – деген ойын жеткізді.
Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша, бүлдіршінге ұйықтар алдында 15 минут бойы ертегі айтып беру қажет. Сонда ол тәрбиелі, батыл, ақыл тыңдайтын, ұқыпты болып өседі. Оны тыңдап болғаннан кейін талқыласаңыз өз бетімен оқуға ынта қояды екен. Әрі ойлау қабілеті дамып, сөздік қоры кеңейеді. Бұл пікірмен әдебиеттану PhD докторы Бекарыс Нұриманда келіседі. Ол ұрпақ тәрбиесіне жіті мән береді. Қаншалықты уақыты тығыз болса да ұйықтар алдында бір мезгіл балаларының санасына жатталар ертегі-жыр оқығанды жөн көреді.
– Ертегі – бала тілін жаттықтырады. Оның кейіпкерлері, олардың басынан өтетін оқиғалары арқылы күнделікті нәрселерді талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. Ұрпақ тәрбиесі ұлттық рух арқылы жетеді. Жаһанданған, отарланған санамен балаға тәрбие беретін болсақ, ұрпағымызда тәрбие де рухта болмайды. Мәселен, «Қорқыт ата» кітабында 12 жыр бар. Кейде балаларыма 12 жырдан үзінділер айтып беремін. Ұйықтар алдында кейбір дастандарды әңгіме, ертегі түрінде оқимын. Алпамыс, Қобыланды жырларынан үзінді оқимын. Қазіргі таңда ұрпақ бойына мультфильм арқылы тәрбие берудеміз. Бала ертегіні тыңдаған сайын сюжетті көз алдына елестеді. Сол арқылы өзінде толғану, қиялдау, ойлау қабілетін тежеп отырмыз. Мультфильм арқылы бала ойланбайды. Сондықтан тәрбие – ертегі айтудан басталуы керек. Әсіресе, ұлттық болмысымызды көрсететін төл туынды, жырларды ұрпақ бойына, санасына сіңіру қажет. Жас өрендерге ертегіні тыңдата білу қажет, – дейді ол.
Расында, адам ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен, келешегімен кемел. Оның мөлдір бастауы, алтын тамыры – тәлім-тәрбиеде жатыр. Сол үшін ертегі оқудың маңызды екенін ұмытпаңыз. Біз қазіргі уақытта оған уақыттың жетпейтіндігін сылтау етеміз. Алайда, бұл екеуара қарым-қатынасты дамытып, бала мен ата-ана арасындағы сенім мен махаббатты нығайтады.Осыған көз жеткізу үшін мен үш күн бойы қыздарыма ертегі айтып ұйықтаттым. Оқып берсек, кәдімгідей қызық көріп тыңдайды екен. Бір күн оқығанның өзінде ертесіне «анашым бүгін тағы ертегі оқиық» деп маған ескертіп қояды.
Демек, кейде кінә өзімізден де бар.Сондықтан ұйықтар алдында ертегі айтып беруді күнделікті дәстүрге айналдырған дұрыс болар. Терең мағынасына түсініп, түрлі эмоциямен келтіріп оқып берсеңіз, үйдегі тентегіңіз ұялы телефонды емес, ертегіні тәуір көріп кетері сөзсіз. Себебі, ертегі оқу – әжептеуір қызықты. Ұлттық тәрбие беруді осылайша қолға алған жөн секілді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА