Әлеуеті артқан ауыл
Қала іргесіндегі Қосшыңырау ауылдық округі қай кезде де берекелі тірлігімен, ілкімді істерімен көзге түседі. Әсіресе, еңсе тіктеп, тіршілік көзін табуда соны серпіліс аңғарылады. Онда кәсіпкерлік өрісін кеңейткен. Шаруа қожалықтың да шырайын келтіріп жүргендер бар. Қазіргі таңда ауылда қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілген. Ауылдағы 3 мыңнан аса адамның көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар игілігін көріп келеді. Бүгінде мұнда өндірістік және әлеуметтік нысандар бой көтерген. Жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Жыл сайын шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде ілкімді істер. Ауыл экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге барынша мән беріліп келеді.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидаға сүйене отырып, бірлесе жасалған жұмыстың арқасында биыл Қосшыңырау ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, ауылдағы кәсіпкерлік нысандар саны 108-ге жетті. Агро бизнес бағдарламасы аясында «Сырдария несие серіктестігі» арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы құны 45,75 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған жалпы құны 5 302 500 тг құрайтын 12 жоба қолдау алды. Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Бизнес кеңесші» оқытуы бойынша 9 ауыл тұрғыны өз білімін шыңдап, сертификат алды, – деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубай.
Бүгінде облыс орталығына қарасты ауылдық округтер «көгілдір отынның» игілігін сезініп отыр. Осы ретте Қосшыңырау елді мекенінде де газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Демек, «көгілдір отынды» тұтынатын күнде алыс емес.
– Ауылдық округке қарасты екі елді мекенге газ құбырларының құрылысын асыруға «КазЭнергоПроект Строй» ЖШС-і өз қызметін ұсынды. Осы жұмыстардың бастамасы ретінде, Досан елді мекенінің 50 отбасын орталықтандырылған ілеспе газ құбырын қостық. Қазіргі таңда тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көруде, – деді ауыл әкімі.
Ауылда білім саласының дамуына барлық мүмкіндік жасалған. №138 орта мектепте оқу үдерісі екі ауысымда жүргізіледі. Мектептің сыйымдылығы 495 оқушыға негізделген. Онда 64 мұғалім жұмыс жасауда.
Ал, жекеменшік-әріптестік негізде салынған «Атамұра-Орда» балабақшасында 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Тұрғындардың рухани байлығын арттыру бағытында сан алуан мәдени шаралар өтіп келеді. Осы мақсатта жыл көлемінде 44 іс-шара өткізілген. Мұндағы игілікті шараларға жергілікті өнерпаздар өз үлестерін қосуда.
Халық саны артқан сайын әлеуметтік мәселелердің қордалана түсетіні анық. Сол себепті Қосшыңырауда ең алдымен тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайды. Таза сумен қамтамасыз етілген. Жарық мәселесі толықтай шешілген.
Қосшыңырауда ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Онда егіншілікті ілгерілетудің тың жолдары қарастырылған. Әсіресе, төрт түлік шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағыт ұсталуда. Бұған халықтың бетбұрыс жасап отырғаны байқалады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА