ҚОСШЫҢЫРАУ АУЫЛЫНДА ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕК
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӘЛЕУЕТІ
Қызылорданың іргесіндегі Қосшыңырау қай кезде де берекелі тірлігімен, ілкімді істерімен көзге түседі. Елдің еңсе тіктеп, тіршілік көзін табуда соны серпіліс аңғарылады. Окргуте кәсіпкерлік өрісін кеңейтті. Шаруа қожалығының да шырайын келтіріп жүргендер бар. Бұл – мемлекеттік бағдарламалар қолдауының оң нәтижесі.
Облыс орталығы таяқ тастам жерде орын тепкендіктен тұрғындар жол қатыснасынан қиналып жүрген жоқ. Мектеп мәселесі де оң шешімін тапқан. – Қосшыңыраудың жай-күйі қалай? Қандай игілікті істер бар? Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына қандай тартумен келеді? – деген оймен округтің тыныс-тіршілігіне зер салуға көңіл бөлдік. Көңіл демдерлік көрсеткіштерді көргенде мерейіміз өсіп, қуанып қалғанымыз да рас. Әңгімені әріден өрбітсек, ауыл іргетасының қаланғанына 60 жылға жақын уақыт жақындап қалыпты.
Қызылорданың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ. Екі ғасырлық мерейтой қарсаңында дамудың жаңа кезеңіне бет алып, жоғары жетістіктерге қол созып келеді. Мұндай өрелі өзгерістер қалаға қарасты ауылдық округтерде де байқалып отыр. Қосшыңырау ауылдық округі халқының тұрмысы, әл-ауқаты жақсарды.
Қосшыңырау ауылдық округіне Абай, Досан елді мекендері кіреді. 1952 жылы Интернационал, Казрис, Жыңғылдыкөл және Абай колхоздары біріктірілді. Орталығы – Абай елді мекені болды. Алғашқы жылдардан жергілікті тұрғындар мал және егін шаруашылығымен айналысты. 1997 жылға дейін Сырдария ауданы құрамында болған округ сол жылдан бастап Қосшыңырау ауылдық округі болып өзгертіліп, Қызылорда қаласының құрамына енгізілді. Қазір мұнда ауылда қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілген. Ауылда тұратын 3 мыңнан астам адамның көпшілігі мемлекеттік салалық бағдарламалар игілігін көріп келеді. Бүгінде мұнда өндірістік және әлеуметтік нысандар бой көтерген. Жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Ауылда білім саласының дамуына барлық мүмкіндік жасалған. №138 орта мектебінде оқу үдерісі екі ауысымда жүргізіледі. Мектептің сыйымдылығы 624 оқушыға негізделген. Онда 71 мұғалім жұмыс жасауда. Жеке кәсіпкер Серік Тасбергенов өз қаражатына салған 100 балаға арналған «Атамұра-Орда» балабақшасын ел игіліге берді.
Тұрғындардың рухани байлығын арттыру бағытында сан алуан мәдени шаралар өткізіліп келеді. Осы мақсатта жыл көлемінде 43 іс-шара өткізілген. Мұндағы игілікті шараларға жергілікті өнерпаздар да өз үлестерін қосып, атсалысып жүр. Мәдениет үйінің екінші қабатында №5 кітапхана филиалы жыл басынан бері оқырмандарға әр түрлі мәдени көпшілік қызметтер көрсеткен. Соның негізінде оқырмандар саны көбейіп, әртүрлі кітаптарға сұраныс артуда. Бүгінде адамға рухани азық беретін орын көптеген әдебиеттермен толықты.
КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ
Жыл сайын шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде бұл салада да айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасуда. Ауыл экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге өз деңгейінде мән беріліп келеді.
Үстіміздегі жылы ауылдағы кәсіпкерлік нысандар саны 108-ге жетті. соның нәтижесінде 105 адам еңбекпен қамтылып отыр. Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында округ тұрғындарынан 11 жоба ұсынылып, оның 5-іне жалпы құны 25 млн теңгекөлемінде қаржы тартылды. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысатын Қонысбек Сағындықовтың «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» ұсынған құны 4 млн теңге болатын жобасы қолдау тапты. Аталмыш бағдарлама бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 9 тұрғын несие алуға өтініш білдірді.
Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы «Бизнестің жол картасы 2020»шеңберінде мемлекеттік гранттарға округ тарапынан 2 жоба ұсынылып отыр. Ал, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Ескұлов» шаруа қожалығының басшысы Нартай Ескұловтың құжаттары жинақталуда. Сонымен қатар, қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 18 адамға 15 соттықтан жер учаскесін табысталған.
АГРОСАЛАНЫҢ АЙШЫҚТЫ ІСТЕРІ
Елдегі ағайын етене кәсіп – ауыл шаруашлығымен жан-жақты айналысып келеді. Ауылда несібесін қара жерден теріп, жайқалтпа егін өсіріп жүргендер бар. Төрт түлекті түлетуге ынталы азаматтар да аз емес. Үстіміздегі жылы барлығы 1330 гектар жерге күріш, 362 гектар ескі жоңышқа, 10 гектарға картоп, 1 гектарға көкөніс, 2 гектарға бақша дақылдары егілген. Мал шаруашылығы саласында өсім байқалады. Мәселен, жергілікті мекенде 3 мың 679 мүйізді ірі қара, 1 мың 759 қой мен ешкі, 1996 бас жылқы, 569 бас түйе, және 190 құс бар.
Қосшыңырауда ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірде егіншілікті ілгерілетудің тың жолдары қарастырылуда. Әсіресе, төрт түлік шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағыт ұсталуда. Бұған халықтың бетбұрыс жасап отырғаны байқалады.
Халық саны артқан сайын әлеуметтік мәселелердің қордалана түсетіні сөзсіз. Сол себепті Қосшыңырауда ең алдымен тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайды. Таза сумен қамтамасыз етілген. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының ойдағыдай орындалуына байланысты бұл мәселе оң шешімін тапқан. Жарық мәселесі толықтай шешілген. Ауылдың санитарлық тазалығын ұстауға бюджеттен 8 490 мың теңге бөлініп, тазалық жұмыстары жүргізілді.
Қазір ауыл мен қаланың айырмасы жоқтай көрінеді. Себебі, өркениетке ауыл тұрғындары да қол жеткізді. Су бар, жарық үздіксіз беріледі. Әлеуметтік мекемелер заман талабына сай жабдықталып жатыр. Төрт түлік мал – аулада. Көкөніс егіп, қор жинауға да мүмкіндік мол. Міне, мұның бәрі – халықтың көңілі шат, жағдайы жақсы болуы үшін жасалып жатқан игі істер. Иә, өнеркәсіп саласы өрлеп алдыңғы қатарға шыққан ауыл тіршілігін бұрынғыдан да жақсарту негізгі міндеттер саналып отыр. Оны орындауға мүмкіндік те, мемлекет қолдауы да жетерлік.
Қосшыңырау ауылдық округінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы Елордамыздың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында, ауыл халқына тарту ретінде маңызды бастамалар жоспарланып отыр.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.