Бала деген бір бақыт
Қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында ұйымдастырылған қала әкімінің жаңажылдық шыршасы барша балдырғанды қуанышқа кенелтті. Сән-салтанатқа толы мерекелік шараға оқуда озат, спортта, өнерде алда жүрген жеткіншектер мен әл-ауқаты төмен көпбалалы отбасыларының балалары қатысты. Көңілді өрілген мерекеге қала мектептерінен 100-ге жуық бала келді.
Шырша тойына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, бүлдіршіндерге ізгі лебізін жеткізді.
– Қымбатты балалар! Сіздерді ертегілер әлеміне еліктірер, шат-шадыманға толы таңғажайып мерекенің бірі – Жаңа жылмен құттықтаймын. Озық білімді, кәсіби шыңдалған жастар мемлекетіміздің стратегиялық қолдауы болып табылады. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан дамудың жаңа сатысына көшті. Қазіргі таңда білім беру саласында оның сапасын арттыру, материалдық жағдайын нығайту, жаңа технологияларды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар, білім беру нысандарының саны жыл сайын артып, заманауи ғимараттарға қол жеткізді. Қазір біз біліктінің емес, білімдінің заманында өмір сүрудеміз. Әрбір өреннің зерделі болып өсуіне елімізде бар мүмкіндік жасалған. Келешекте арман-мақсатқа жетіп, үлкен азамат болуларыңа тілектеспін, – деді қала әкімі.
Асыға күткен мерекелік шараға балғындар түрлі дайындықпен келгені байқалады. Олардың жаңажылдық костюмі өздеріне жарасып-ақ тұр. Бүлдіршіндер сан алуан ойыншықпен безендірілген шыршаны ерекше қуанышпен айналып жүр. Ортаға шақырылған Аяз ата мен Ақшақар қоржынын әртүрлі тәттіге толтыра келген. Әсем ән, жаңа жылдық би бүгінгі мерекенің шырайын келтірді.
Шара барысында мерекелік салтанатқа жиналған оқушыларға қала әкімінің арнайы дайындаған тәтті-дәмділері үлестіріліп, сыйлықтар табыс етілді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА