МҰЗ ҒАЛАМШАРЫНЫҢ ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Оқушылар сарайында «Мұз ғаламшарының ғажайыптары» тақырыбында қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер мен түрлі сайыстарда жетістіктерге жеткен өрендер қатысты.
Тақырыпқа сай безендірілген ертеңгілік жер планетасы балаларының кенеттен мұз ғаламшарына өтіп кетуінен басталды. Сөйтіп, оларды мұз ғаламшарының ханзадасы мен ханшайымы күтіп алды. Онда бүлдіршіндер елші робот, мұз әлемінің сиқыр күші – Фриек, зерттеуші Данабекпен кездесті. Осылайша ертегінің ғажайып әлеміне саяхаттаған балақайлар көрікті шырша жанында көңілді ән айтты. Сондай-ақ, сан түрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, шат-шадыман күйге бөленді.
Шара барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүлдіршіндерге арнап, жаңа жылдық жылы лебізін жеткізді.
– Құрметті, жас достар! Сіздерді ертегілер әлеміне еліктірер, ғажайыптар мен сиқырға толы жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бұл – нағыз сіздерге арналған мереке. Біз – бар жақсысын балаға арнаған халықтың ұрпағымыз. Өңірдің білімді де талапты жастары әлемнің ең озық оқу орындарында білім алуда. Спорт саласында биік белестерді бағындырған саңлақтарымыз бар. Сол аға-әпкелеріңнен үлгі алып, зерделі де зерек, білімді де білікті азамат болып өсіңіздер, – деді шаһар басшысы.
Бұдан кейін барлық бала қала әкімінің қолынан мерекелік сыйлықтар алып, естелік суреттерге түсті. Арнайы әзірленген жаңа жылдық торт үлестіріліп, мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.