Әкім шыршасы шаттыққа бөледі

«Біз - еліміздің жарқын болашағымыз!» атты мерекелік шара шымылдығы «Қар ханшайымы» ертегісінің желісінде түріліп, ертегі кейіпкерлері қонақтарды сырттан арнайы безендірілген ертегілер әлеміне алып кірді.
Балақайлардың ерекше қойылымына куә болған аудан басшысы ортада сөз алып, шырша тойымен құттықтады.
- Сіздерді, ертегілер әлеміне еліктірер шаттық шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі - Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл өмірде Сіздердің жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірлерінде өздеріңіздей өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Сондықтан да, осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Ендеше, келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын, - деп ақжарма лебізін жеткізіп, шырша шамын жақты.

Шарада балаларға арнайы дайындаған сыйлықтар мен тәттілер табысталып, аудан әкімі балаларға жаңа жылдық тортты үлестірді. Шара соңында, барлық қатысушы бүлдіршіндер мерекелік тәтті торттан дәм татты.