Сыбайластық жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс
Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен комиссия отырысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар барысы сараланды. Комиссия отырысын қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жүргізді.
Бүгінде сыбайлас жемқорлықты жою бағытында мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бекмағанбет Нұрманов аталмыш бағытта өз саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап берді. Аталған саланың негізгі капиталы төрт түлік мал, құс, егін шаруашылығы мен тағам өнеркәсібі өнімдерінен құралады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар нәтижесінде өсім байқалады. Биыл қорға түскен инвестициялық салым көлемі 291,7 млн теңгені құраған. Ал, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда негізгі факторлар бойынша тұрақты шаралар жүргізілуде. Бөлім тарапынан көрсетілетін ветеринариялық қадағалау мен қорытынды, анықтама беру және ауыл шаруашылығы жануарларын сырғаландыру қызметі бойынша теріс бағыттағы деректер анықталмаған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы бойынша берілетін жер телімдерінің мақсатына сай игерілмегенін мемлекет меншігіне беру жұмыстары жасалған. Сала бойынша жүргізілген жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын электронды үкімет порталына ақпарат жарияланған.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында қала әкімі сала басшысының міндетін атқарушы маманға бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде бөлімге қатысты мемлекеттік қызмет түрлерінің сапалы әрі мерзімінде жүргізілуін, бөлінген қаржының өз мақсатына уақытылы игерілуін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы мемлекеттік субсидия тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қатаң бақылауды міндеттеді.
Ал, екінші мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау бағытында атқарған жұмыстарға тоқталды. Халықпен тікелей байланыс жасайтын бөлімге артылған жауапкершілік зор. Сондықтан аталған мәселенің бұл салада орын алуына жол берілмеуі керек. Мәселен, осы жылы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде жұртшылық тарапынан біршама құқық бұзушылық орын алған. Қазіргі таңда жалған ақпарат беріп, атаулы көмекті пайдаланған азаматтардың табыс көрсеткіштері анықталып, берілген қаржыны кері қайтару жұмыстары жүргізілген. Келер жылы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы тағайындалады. Бұл ретте алдыңғыдай өрескел заң бұзушылық орын алмауы тиіс.
Осыған орай қала басшысы сыбайлас жемқорлыққа жол бермес үшін заң қағидаттарының сақталуын қатаң қадағалау қажеттігін баса айтты. Барлық әкім орынбасарлары мен сала басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын кешенді жүргізуді тапсырды.
Айдана СЕЙІЛ