Жақсыға жанас, жарлыға қарас
Енді қала тұрғындары жұмыспен қамту, атулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру және де басқа да қызметтер үшін ұзын сонар кезекке тұрмайды. Олар үшін бүгінде ауқымды істер қолға алынған. Соның бірі ретінде облыс орталығындағы «Жұмыспен қамту орталығы» жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда қызмет алушыларға барлық жағдай көрсетілмек. Мәселен, 150 адамға арналған күту залы, балаларға арналған ойын бұрышы бар. Жағымды жаңалықты естісімен ол ғимаратқа бас сұғуды жөн көрдік. Әрине, ішінде халықтың қарасы қалың. Енді бірі жұмыс іздеп жүрсе, көпбалалы аналар несие алуға өтініш білдіруге келіпті. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыратындар тағы бар. Әйтеуір, аналар қарап жатпай отбасы үшін әрекет етудің қамында жүр. Мұндай істің басында көбінесе әйел кісілер жүретіні белгілі. Сондықтан да бәрі де аналар үшін жасалуда.
Бізді қалалық «жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Ернұр Бихожаевтің өзі қарсы алды.
– Бүгінгі таңда көп балалы және аз қамтылған отбасындағы аналардың мәселесін шешу серпінді жүзеге асырылуда. Сондай жұмыстың бір бағыты ретінде облыс әкімінің қаржылай қолдауымен, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың шешімімен «Жұмыспен қамту орталығы» жалпы аумағы 750 шаршы метр болатын ғимаратқа көшірілді. Бұған дейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімімен бір ғимаратта жұмыс істеп келген едік. Жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдауға орай бұл мекемелер арқылы қызмет алушылардың саны бірнеше есеге ұлғайып, ғимараттың тарлығы сезіле бастаған болатын. Сол үшінде тұрғындарға жағдай жасап, іші кең ғимаратқа көшуді жөн деп таптық. Орталық «Бақытты отбасы» атауымен «OPEN SPACE» форматында өз жұмысын бастады, – деді ол.
Жаңғырған ғимарат, жаңа жұмыс форматы, жаңаша мүмкіндіктер. Мұның бәрі «Бақытты отбасында» кеңінен қарастырылған. Орталықта жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлік бастамалар мен кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржылар қарастыру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Алдағы уақытта орталықтан заңгер мен психолог маман кеңес беретін орын, Аналар бөлмесін ашу жоспарлануда.
Жыл басынан қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 700-ден астам өтінім қабылдаған. Қала тұрғыны Эльвира Бекмолдаева – төрт баланың анасы. Ол бүгін жаңа ғимаратқа атаулы әлеуметтік көмекке құжатын қайтадан дайындау үшін келіпті. Қолында бір жасқа толмаған айлық баласын көтерген. Мұндағы өзгерістерге қарап, өздеріне мүмкіндік жасалғанын айтып өтті.
– Бұрынғы ғимарат іші тар, адамдар тығылысып тұратын. Мұнда жайлы. Талон алып, өз кезегіңді отырып күтуге мүмкіндік қарастырылған. Тағы бір қуантқаны, балаларға арналған арнайы бұрыш бар. Үйде баланы тастап кеткетін адам жоқ. Кішкентай нәрестемен әбіржитініміз анық. Міне, енді кезегім келгенше баламды ойнатып отырмын, – деді ол.
Одан бөлек, «Жастар тәжірибесі» арқылы 125 жасқа, әлеуметтік жұмыспен қамту арқылы 80 адамға, 450 азаматқа қоғамдық жұмысқа және 250-ден астам қала тұрғынына тұрақты жұмыс орындарына жолдама бергенін сұрап білдік. Мәселен, Жанар Алпысбайқызы «жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасуға келіпті. Ол 2018 жылы төтенше жағдайда қорғану мамандығы бойынша оқу бітірген. Дегенмен, осы уақытқа дейін еңбекпен қамтылудың реті келмепті.
– Бүгін төтенше жағдайлар департаментіне жолдама береміз деді. Осы жаңалықты естік қуанып қалдым. Ғимаратта барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр. Тұрғындарға жайлылық сыйлайды. Әр бағыт бойынша кеңес алатын мамандар терезесі көп. Құжаттарды тез арада қабылдап жатыр, – деді Жанар Алпысбайқызы.
Расында, мұнда жұмыс қызып тұр. Десекте, барғанымызда байқағанымыз, бұл жерден қоғамдық көліктер жүрмейді екен. Тұрғындарды аталған мәселе де ойландыратыны анық. Сондықтан да алдағы уақытта үш маршутты осы жерден айналып өту бойынша жұмыстар жасалуда. Қызметкер санын көбейтуде жоспарға енгізілген. «Бақытты отбасы» деп аталуының себебі де жоқ емес. Бұл жөнінде мекеме директоры айтып өтті.
– Орталықтың атауын бұлай алуымызға да негіз бар. Мәселен, қандай ана болсын отбасының жағдайын жасау үшін жүгіріп жүр. Сондықтан да көмекке мұқтаж аналарға қызмет етуге тиістіміз. Осыған дейін тек қана кеңес беру бойынша қызметтер жасалды. Алайда, ол өз нәтижесін көрсеткен жоқ. Сол үшін де мұнда кәсіпкерлікке бағыттап несие алуға көмектесу, жұмыспен қамту бағытында нақты істер қолға алынбақ. Алда тұрған негізі мақсат – істен нәтиже шығарып, қиналғанда демеу беріп, бақытты отбасыға айналдыру, – дейді Е.Бихожаев.
Олай болса, «Бақытты отбасы» орталығы баласының болашағы үшін жүгіріп жүрген аналарға жайлы ғимарат болсын деп тіледік бізде. Жұмыс қыза түссін. Осы орталықта әрбір тұрғынның мәселесі шешіліп, көңілінде қуаныш ұяласа соның өзі де бір бақыт емес пе?
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ