Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қарауылтөбе: Көше күтімді күтеді

Қарауылтөбе: Көше күтімді күтеді

   Бүгін ауылдың берекесі бүгін ғана белгілі болған жоқ, ертеректен елеулі. Оны әкім есебінде де ерекше таныдық. Егінге де, малға да жайлы, тұрғындар саны өсіп, ауқымы артқан ауылға бізде бардық.
          Әдеттегідей жүзеге асқан жұмыстарды, түйіні тарқаған мәселелерді ауыл әкімі Бекболат Шәріпбеков тарқатты. Сонымен биыл 80-нен аса қарауылтөбелік тұрғын кәсіпкер атаныпты. Мемлекеттік бағдарлама аясында өз ісін бастаған олар ауыл шаруашылығын дамытуды көздеген. Солай шағын және орта бизнесті дамыту өріс алған. Бұл өз кезегінде жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға сеп болса, ауыл бюджетінің өсім алуына да оң әсер етіпті. Оған қоса жұмыссыздар санының азайғанын да атап өтті.
          Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде ауыл басшысы басты қуаныш – табиғи «көгілдір отын» мәселесінің толықтай шешілуін  тебіреніспен жеткізді. Залда отырған қалың көпшілік бұл сәтте бірдей бас изеп, мақұлдағандай болды. Сондай-ақ, бірлігі бекем ауылға жаңадан қоныстанғандар үшін өзекті болған ауыз су жайы да шешімін тапқан. Бірқатар көшеге жарық бағанасы орнатылып, орташа жөндеу жүргізілген. Бұл өткен жылдағы игі істердің бір парасы. Бұдан өзге, мәдениет, денсаулық, білім сынды басқа да сала бойынша ілкімді істер жетерлік.
          Ауыл әкімінен соң мінберге шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев шықты. Сөз басында ол қалалық бюджеттің бұрынғы көрсеткіші мен бүгінгі деңгейіне тоқталды. Бұл – облыс орталығында атқарылған ауқымды істердің нәтижесі. Жалпы қаланың келбеті жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келеді.  Халықтың тұрмысы да жақсарған. Құрылыс қарқыны да мықты. Соның бәрі ел игілігі жолында атқарылуда. Қала әкімі өз сөзінде өңірдегі баспана мәселесінің оңтайлы шешім тапқанын тілге тиек етті. Тіпті, атаулы мереке күндері тұрғындарға жаңа баспананың кілтін табыстау үрдіске айналған деуге болады. Одан бөлек көшелердің асфальттануына, қала тазалығына көпшіліктің өзі куә. Бұдан бөлек экономиканың негізгі күші – ауыл шаруашылығы саласы да толағай табысты болды. Өткен жылы егін және мал шаруашылығы өнімі 8 млрд теңгені құраған. 20 мың тоннадан аса күріш қамбаға құйылған. Сөз соңын қала басшысы «бұл жетістікке елдің ауызбірлігінің арқасында жетіп отырмыз» деп тәмамдады. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны секілді, халықтың бірлігі бекем болғанда алынбас асу болмайтынын еске салды.
          Мұнан соң тұрғындардың тілек-өтініштеріне де кезек келді. Ауыл жұртшылығының аманатын арқалап келген ақсақалдар қауымы олардың ризашылығын жеткізді. Еңбектеріне береке тілеп, ақеден пейілдерін білдірді. Десе де, тіршілік бар жерде тірлік бітпейді. Атқарылған жұмыс та ауқымды. Атқарылуы тиіс іс те жетерлік. Осы орайда ауыл тұрғыны Жұмагүл Алпамысова ауылдағы А.Құнанбаев көшесіне жөндеу жүргізілсе деген өтінішін білдірді.
– Жаңбырлы күні балшықтан, жаздыгүні шаңнан көз ашпаймыз, –  дейді тұрғын.
Бұған қала әкімі тұщымды жауабын берді. Биыл елді мекендердің ең нашар көшелерін жөндеуге 620 млрд теңге бөлініпті. Осы қаржыға қазіргі таңда зерттеп, зерделенген 28 көшеге жөндеу жүргізілмек. Оның қатарында Қарауылтөбе ауылындағы А.Құнабаев көшесі де бар.
          Сондай-ақ ауылда мәдениет үйі салынса дейді. Бұл – тұрғындардың көптен бергі тілегі. Бұған мүмкіндік бар-жоғын ауыл ақсақалы Бейісов Оразбек сұрады. Жастар бос уақытын тиімді өткізсе деген тілегі бар екен. Ал, қала басшысы мұны кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асыру керектігін атап өтті. Соған сәйкес тиісті сала басшысына тапсырма берді.
          Шаһар басшысының «Ауылға күнде келе бермейміз. Осы сәтте барлық түйткілді мәселені айтыңыздар. Сіздерді тыңдау үшін, тұрғындар жағдайын білу үшін келдік» деген сөзінен соң жұртшылық мазалаған сұрақтарын қоя бастады. Бірі мал басын асылдандыруға қолдау көрсетуді сұраса, бірі қоғамдық көлікке жүргізілетін тексерудің көптігіне шағымданды.
          Халықтың көкейіндегі мәселесін шешуде қала әкімі орынбасарлары мен тиісті сала басшыларына нақтылы тапсырма жүктеді. Ал, жалпы ауыл жұртшылығы әкімдердің атқарған жұмысын оң бағалап, дәстүрге сай ақ батасын берді.

Айдана СЕЙІЛ
21 қаңтар 2020 ж. 684 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам