Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тарихтың терең тұнбасы немесе ұлт руханиятына киелі кәде

Тарихтың терең тұнбасы немесе ұлт руханиятына киелі кәде

   Сыр өңірінің рухани мұрасы ­– ғасырлар көшінен жеткен ең асыл қазына. Бүгінде жәдігерлерді топтастыру, зерттеу, жариялау әдістері мен насихаттау бағытындағы ілкі қадамдарда бірізділік қалыптасқан. Сөзіміздің дәлелі, ауыз әдебиет пен жазба ескерткіштер, киелі нысандар мазмұндамасын көпшілікке ғылыми негіздеме арқылы талдап-талғап жеткізген – «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар», «Алаштың асыл мұрасы» кітаптары мен «Киелі Қазақстан» энциклопедиясы руханиятқа қосылған тың дүниелер. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба аясында жарық көрген аталмыш еңбектердің тұсаукесер рәсімі 22 қаңтар күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өтті.  
Сыр бойы тарихы мен әдебиеті үшін елеулі еңбектің түсаукесер рәсіміне Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов және зиялы қауым өкілдері мен ЖОО студенттері қатысты. Шаранының алғы сөзінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов:
–Оқырманға жол тартқалы тұрған үш кітаптың Сыр өңірі  әдеби, мәдени кеңістігі үшін маңызы жоғары екені сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасы аясында жарық көрген рухани қазыналарымыз  зерттеуші ғалымдар мен әдебиетші мамандар үшін ғана емес, бүгінгі қауым мен ертеңгі ұрпақ үшін де мол мұра, құнды дереккөз есебінде маңызды. Сондықтан, елеулі еңбек құтты болсын, – деді.
Жарық көрген үш еңбектің ортақ ­ерекшелік – тың ізденістер мен тарих қойнауындағы оқырманға бейтаныс дүниелерді жарыққа шығару. «Қасиетті Қазақстан»энциклопедиялық жинағының өзі – аймақ тарихын зерттеу бағытындағы өлшеусіз еңбектің жемісі. Энциклопедияның III томына Сырдария өңіріндегі сақ, оғыз, қаңлы тайпалары және қыпшақ мемлекетінің стратегиялық маңызды қалалары мен астанасы болған – Шірік-Рабат, Жанкент, Жент, Сығанақ қалашықтары, XII ғасырдың сәулет өнер ескерткіші – Бегім ана мұнарасы, өлкеміздің әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын киелі нысандар мен кешендері енген.
Ал, «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар»кітабы туралы белгілі ғалым Баймырза Қожамбердиев:
–Республикамызда алғаш рет аймақтағы жергілікті ғалымдардың жинақтауымен Сыр бойының киелі жер-су атаулары, көне қалалары мен тарихи орындар жайлы деректер, халық аңыздары мен мифтік хикаялары, аңыз-әпсаналардан құрастырылған еңбек жарық көрді. «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атауымен көпшілікке жол тартқан кітап – әр алуан тақырыптағы фольклорлық мұраларды бір арнаға тоғыстырғанымен құнды, – деген пікір білдірді.
Аталған еңбектердің ішіндегі соңғысы әрі әдебиетшілер мен өнертанушылар үшін ерекше маңызға ие еңбек ­– «Алаштың асыл мұрасы». Сыр Сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ел арасынан жинаған әдеби үлгілері және алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың басында Ташкент қаласында жарық көрген шығармалары топтастырылған. Жинақты құрастыруға тікелей атсалысқан облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі Серікбай Қосанов кітаптың әзірлену барысы мен мазмұнын айта келе:
–Тұрмағамбет Ізтілеуовтің бүгінге дейін жарық көрмеген еңбегін елге жеткізу көп жылғы мұратыма айналған еді. Сабақты ине сәтімен дегендей, бұл міндет те еңсерілді. Мұрағатта сақталған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің көне араб әліпбиінде хатқа түсірілген шығармасын аударып, ғылыми негіздемесін әзірледім. Одан өзге, антологиялық жинаққа Махамбет Өтемісұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ақмолла Мұхамедиярұлы және т. б. ақындардың шығармалары енгізілді, – деді ғалым.
Сыр өңірінің киелі нысандары мен тарихи тұлғаларын ел жадында жаңғырып, келер ұрпаққа бар болмысы мәнін айшықты қалпында жеткізу – бүгінгі буынның басты міндеті десек, артық айтқандық емес. Осы мақсатта жүргізілген көптеген ғылыми экспедициясы, зерттеу жұмысц жыл өткен сайын өз жемісін беріп, аймақтың мәдени-рухани өмірінің салмақтана түсуіне жол ашуда. Бүгін де құнды рухани қазына үш еңбекпен толықты. Келер күннің жүгі мұнан да ауыр.
Ерсін ШАМШАДИН
 
24 қаңтар 2020 ж. 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам