Кек керген жауынгерміз, батылмыз!
Әлі есімде, сол бір сарғайған хаттарға үңілген сайын анам жанарын жаспен шылап алатын. Сандықтың түбінде жатқан қолжазбаларды ол көздің қарашығындай сақтап, құрмет тұтатын. Көз майын тауысып жазылған үшбұрыш хаттың қанды қырғын соғыстың ортасында, сыз окоптың ішінде жазылған үміт шырағындай қастерлі дүние екенін біз баламыз ғой қайдан білейік. Әйтеуір, жүрек лүпіліне толы тілдей парақтағы маржандай тізілген жыр жолдары оның жанын сыздатқанына іштей қапа болатынбыз. Анамыздың жабырқаған жүзін көріп, сұрауға бата алмай қиналатын едік. 1941 жылы келін болып, ақ босаға аттағанда анам небары 19 жаста екен. Өрімдей азаматын оқ бораған қан майданға аттандырып салып, оның сырлы сезімге толы үшбу хатын зарыға күтеді екен.
Соғыс жылдарындағы өлеңмен жазылған хаттар – ол кезде отбасының құнды жәдігері саналатын. Кескілескен шайқаста жанын шүберекке түйіп отырып жазған әкеміздің елге деген шексіз сағынышын білдірген хаты да көп болатын. Ес жиып, ақыл тоқтатқанда барып, сол сезімді селт еткізер құнды қолжазбаларға сағынышпен қарап, қолға алып, парақтап отырмыз. Әр хатты оқыған сайын ұрыс даласы мен тылдағы адамдардың ерлікке толы шежірелі сәттері көз алдыма келеді.
Мына хат әкем Асқар Қожахметовтің 1941 жылы 30 қарашада майдан даласынан жазылған хаты екен.
Асқардың бірінші хаты
Денің сау ма, алғаным,
Тиді сәлем салғаның.
Сау жүрсеңдер болады,
Қайтем сөздің қалғанын.
Рас жеңе алмаймын,
Бұйрығын да Алланың.
Шын тілекпен тілесең,
Орындалар арманың.
Жаулар да тұр өшігіп,
Егер қалсам кешігіп.
Разы бол, жан жарым,
Кетсе өмір кесіліп.
Ел тілегін ақтасам,
Отанымды сақтасам.
Мен өлсем де атым өлмес,
Өлеңімді жаттасаң.
Осы берген антымыз,
Өшпес күндей даңқымыз.
Тілекші бол балаңа,
Гүл жазира халқымыз.
Бұл хатқа тылда еңбек еткен анам Қатша Жарылхасынова былай жауап қайтарыпты:
Қатшаның жауабы
Сүйген ерім, енді артыңа айналма,
Керек етсе мен де барам майданға.
Өмір болса қауышармыз алтыным,
Жеңіспенен келіп құшақ жайғанда.
Халқың үшін қан майданға барып кел,
Жауды жойып, елдің кегін алып кел!
Үні өшкірдің үнін буып өшіріп,
Омырауға жеңіс құнын тағып кел.
Сертім осы сізге айтқан серігім,
Дұшпанына тастан қатты берігім.
Туған Отан топырағын тазартып,
Қан құмардың қанмен қайтар желігін.
Аталмыш хат майдан даласындағы әкеміздің қолына тигеннен кейін ол кісі өзінің жүрек түкпіріндегі сырын өлеңмен өрбітіп, елде қалған жарына былайша жауап жолдаған екен.
Асқардың екінші хаты
Денім дұрыс, ойын ойнап жатамын,
Қызыл әскер гвардия атағым.
Соғысудың техникасын үйреніп,
Сұм дұшпанға ажал оғын атамын.
Айтқан сертім жауды қуу елімнен.
Адал еңбек, алтын аймақ жерімнен.
«Ойнақтаған от басады» деген сөз,
Жауға көрім көрінгені көрінген.
Әр кезде де асқақтаған төгілер,
Барлық күшім жауға жұт боп жегілер,
Адалдықтың ақ туының астында,
Талқандалып сұм фашистер жеңілер.
Жойқын күшпен жинақталып жатырмыз,
Аттануға арпалысқа жақынбыз.
Баста – каска, автоматым – қолымда,
Кек кернеген жауынгерміз, батылмыз!
Осындай сананы селт еткізер сарғайған сағыныштың белгісіндей хаттар анамның көзіндей ескі сандықтың түбінде әлі жатыр. Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда сол аяулы жандардың қолдарының табы қалған бір бума естелікті оқып шығамын да, екеуінің 1941 жылы отау құрғанда түскен суреттеріне қарап, шүкіршілік етемін.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген сөздің парқын түсінгендей боламын. Себебі, әкемнен 1943 жылы «қайтыс болды» деген қара қағаз да келген. Оны анам 1 жыл бойы жоқтаған. Жылдық асын беріп жатқанда әкетайым күндей күлімдеп дін аман елге оралған. Ал, біздер отбасындағы 6 перзент жеңіс қарлығаштары секілді, сұм соғыстан соң дүниеге келіппіз. Бүгінде Қожахметовтер әулеті миуалы бәйтеректей жапырағын жайып, жемісін төгуде. Ал, әкем мен анамның нұрлы жолы біздерді әркез жігерлі өмірге қанаттандырып отырады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.