Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аялдашы, автобус

Аялдашы, автобус

      Қызылорда қаласы күннен күнге дамып, өркендеу үстінде. Шаһар халқы да көбейіп, тұрғын үйлер бой түзеуде. Осындай әдемі қаланың мәдениеттілігі тұрғындармен қатар, қоғамдық көліктен басталатыны сөзсіз. Себебі, «театр мәдениеті киім ілгіштен басталады» дегендей, халық қоғамдық көліктен де үлкен мәдениеттілік күтеді. Сондықтан оның талапқа сай болғанын қалайды. Тек қара халық емес, биліктегілер де қоғамдық көлікке қатаң талап қойып отыр. Өйткені, жолаушыға барынша жағдай жасалуы тиіс. Жақсы істі де көре білген жөн. Шүкір деуіміз қажет. Бұрынғымен салыстырғанда  қазіргі автобустардың жағдайы мен тәртібі оң жағынан өзгерген. Көш жүре түзеледі...

Таңертеңгілік текетірес
«Бол, бол, бол! Тезірек түс», «Мін...!», «Қимылдасайшы тез, болсайшы енді ...», «Әй, неге сонша итересің?» Адам тұрғанын көрмеймісің?!», «Ағай, бар салмағыңызбен сүйенбей тұра алмайсыз ба»? Бұл сөздерді күнде еститін болғандықтан құлағымызда  жатталып қалған. Осылайша, қоғамдық көлік жайы таң атпастан «керемет көңіл-күй» қалыптастырады. Бір жағынан қызық. Автобустың жүргізушісі мен кондукторға тағатын мініміз көп. Алайда, осы қызметті атқарып жүрген олардың жан-дүниесіне үңіліп көрдік пе? Тек кіналауды білеміз. «Жүргізуші дұрыс емес, кондукторы халықпен жұмыс жасай алмайды». Біздің күнделікті айтатын сынымыз. Қоғамдық көлікке мінген сайын осы кісілердің жұмысымен танысқым келетін. Міне, бүгін мақалама тақырып етудің сәті түсті. Таңертеңгілік текетіреспен басталатын маршруттардағы қызметкерлердің шын мәніндегі жұмысы қалай? Бүгін танысудың сәті түсті.

Қоғамдық көліктің жағдайы қалай?
   Қоғамдық көліктің жай-жапсарын ғана емес, мұндағы қызметкерлердің де жұмысын көзбен көру болды біздің мақсатымыз. Ол үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарай аяңдадық. Мұндағы қызу тірлік таңғы сағат 5:30-дан басталады.  Жүргізушілер келіп, медициналық тексерістен өтеді. Бұл жерде олардың қан қысымы өлшенеді. Содан соң, алкотестер тапсырады. Яғни, жүргізушінің ішімдік ішпегенін арнайы құрылғымен анықтайды. Міне, осы тексерістен өткендер ғана жолаушы тасымалдауға шығады.
Қазіргі таңда қалаішілік 32 бағыттың 6 бағыты бойынша парк өз көліктерімен, қалған 26 бағытта жеке тасымалдаушы кәсіпкерлермен келісім-шарт жасасу арқылы қызмет етуде.
Парк теңгеріміндегі 122 автобуспен № 1, 17, 18, 11, 14, 30 - шы бағыттарда жасалатын қызметтер жалпы қала бойынша тасымалдаушылардың 25 пайызын құрайды. Яғни, бұл бағыттар қаланың негізгі орталық көшелерінде халыққа сапалы қызмет етуде.
 – Заманауи автобустар қауіпсіздік талаптарын толығымен қанағаттандырады. Атап айтқанда, олар мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуіне қолайлы болатын аппарель орналастырылған, қозғалыс бағытын бақылау үшін GPS құрылғылар, бейне камералар, ақпараттық рациялар мен дыбыс орнатқыштары бар. Негізгі артықшылығы – қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайтын экологиялық таза отын газ-метанмен жүреді, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Айта кеткен жөн, бүгінде тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктердің шет аймақтағы бағытын өзгертуге байланысты көптеген ұсыныс түсіп отыр. Алайда, дәл қазіргі уақытта оған мүмкіндік жоқтың қасы.
 –  Қоғамдық көліктер 2013 жылдың сызбасымен жүруде. Ол уақыттан бері 14 мөлтек аудан қосылды. Демек, аялдамалар саны ұзарып отыр. Арақашықтық көп. Сол үшін де автобустардың кешігуі, адамдарды толтырып жүруі жиі орын алады. Қала бойынша бүгінде 150-дей қоғамдық көлік жетіспейді. Егерде автокөліктер жеткілікті болған жағдайда тұрғындар тілегін орындауға болады. Бұл салаға кәсіпкерлердің қызығушылығы төмендеп отыр. Себебі, табысы көп мөлшерде емес, – дейді Қанат Рахметов.
 

Кондуктордың бір күні
   Алдын ала келіскендей, «Қалалық автобус паркі» ЖШС-нің директоры Нұржан Ахатов бізге кондуктор болып жұмыс жасауға рұқсатын берді.
Кондуктор мен жүргізушінің жұмысы таң қылаң бергеннен басталады. Ол кезде көпшілік шырт ұйқыда жатады. Тағы да «бес минут» ұйықтап алғың келеді. Алайда, уақыт оған дес бермейді.
№11 маршрутта екі кондуктор келеміз. Қасымдағы кондуктордың аты-жөні – Нұрлан Тобжанов.  Мен ол кісіге қарап, негізгі қызметті жасауға кірістім. Алайда, жол үстінде бұл жұмыстың қыр-сырын түсініп алу қажет. Арасында Нұрлан ағаға сұрақ қойып, өзіме қажет мән-жайды білім аламын.
 – Бұл жұмысты істеп жүргеніме бес жыл болды. Қиын әрине, бірақ осы уақытқа дейін үйреніп кеттім. Екі күн жұмыс, екі күн демаламын. Халықпен бірге жүргендіктен солардың көңілінен шығуға тырысамыз.
 – Халықты мәдениеттілікке қалай шақырасыздар?
 –Осы тұрғыдан шынын айту керек, шаршаймыз. Жастар бар, құлақтарында наушник, көздерін жұмып отыра береді. Ал кейбірі бірден үлкендерге орын беріп, сыйластық танытады. Қарғап-сілеп кететіндер де бар. Түрі қатыңқы адам көрсек, үндемеуге тырысамыз. Ол ашуын кімнен аларын білмей тұрады(күлді).
 – Көп байқаймыз, телефон арқылы бір-бірлеріңізбен көп сөйлесесіздер...  
–   Бізде арақашықтық 5-7 минут. Орталық көшемен жүрген кезде бәсекелестер көбейеді. Егер алдымызға түсіп кетсе, нәпақамызды сыпырып әкетеді. Сондықтан оларды оздырып алмауға тырысамыз. Мойындау керек, кейде жарысамыз. Автобустағы адамдар «Сендер мал тиеп бара жатсыңдарма?» деп айқайлайтын кездері де болады. Амал жоқ, жұмыстың реті осылай болғандықтан, кейде тәуекелге барамыз. Күнкөрістің қамы ғой, – дейді ол.
          Бірақ, менде жарысып жүруге мүмкіндік болмады. Оған кондукторлық қызметтегі тәжірибем жетпеді. Айтпақшы, осы кондуктор сөзі латын тілінен шыққан. Жалдаушы кәсіпкер мағынасында.
          Сондай-ақ, кондуктор есепке жүйрік болу керек. Маған  оқушы кезімде математика сабағынан беске оқығаным көп көмектесті. Алғашқы рет кондуктор болсамда, артық ақшасын тез қайтарып, билет беріп үлгердім. Бір  байқағаным, жолаушылар көбінесе билет сұрамайды екен. Дегенмен, өзімнің міндетім болғандықтан, әрқайсысына билет беріп тұрдым. Жайбасарлықты кондуктор кешірмейді. Аузыңда, қолыңда тез-тез қимылдау қажет. Әр аялдамаға тоқтаған сайын, «Ескі базар, Сарқырама, Орталық алаң, Универсам, Южный» деп  ескертіп айтасың. Әрбір аялдаманы айтып, жолақысын қайтаруда қиынның қиыны. Шатасып кеттім шынын айтсам.
Олардың айлығы 15 күнге 45 мың. бір күнде 6 айналым жасаса, 46 мың теңге автобус паркіне өткізеді.  Бір күнгі жоспар осы. Айта кеткен жөн, маршруттардың бір күндік жоспары әр түрлі. Себебі, қатынау арақашықтығы мен жүру бағыты ескеріледі. Бүгінгі жұмыстан байқағаным, халықтың арасында қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Осылайша, жұмыс аяқталды.
          «Заводская, Айдан, Училище, Смолдан барма? » айқайлап жатырмын. Атып тұрсам, үйде жатыр екенмін. Бір күн кондуктор боламын деп қатты шаршаппын.

Жүргізуші жүгенсіз емес
  Иә, көбіміз қоғамдық көлік жүргізушілерін асығып жүреді деп жазғырамыз. Бірақ бұл кісілер жылдамдықты асырмайды. Камера бақылауда.
– Адамға қатты жүріп келе жатқандай көрінетіні, бұл үлкен автобус, даусы қатты естіледі де, қасыңнан зу-зу ете қалады.  Ал тексерген сәтте жылдамдықты асырмағаны анықталады, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат  Рахметов.
Ал мен қызмет еткен №11 маршруттағы жүргізуші Нұржан Ақтөреев 4 жылдан  бері автобус жүргізіп келеді. Таң қыла бере басталған қызметі түнгі 23:00-де аяқталады. Соңғы айналымын жасағаннан кейін автобусты автотұраққа қойып, іші-сыртын тазалап, азанғы жұмысқа дайындап кетеді.
 –  Мемлекеттік көлікті жүргізгендіктен заңға сүйену басты талап. Біз тек көшенің аялдамасына тоқтаймыз. Үлкен сыйымдылықтағы көлік болғандықтан, әр жерге аялдау қауіп тудырады. Кіші сыйымдылықтағы маршруттар алдыға түсіп, текетіресіп қалатын кездер кездеседі. Олар тез жүріп, біздің алдымызды орауға тырысады. Міне, осындай, асығыстық жол қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан барынша халықтың қауіпсіздігін сақтауға тырысамыз. Автобуста адам көп болғандықтан, олардың амандығын ойлап, жауапкершілікті сақтау біздің міндетіміз, – дейді жүргізуші Нұржан Ақтөреев.

Тұрғындар талабы
Қызмет болған жерде талап болатыны белгілі. Тұрғындардың қоғамдық көлікке талабы көп. Оның ішінде кондукторларға. Ең алдымен, кондуктор мәдениетті болу қажет. Халықтың жағдайын жасауға тиесілі. Үлкен кісілерге орын бергізіп, жастарды тәртіпке шақырып отыру қажет. Сонымен қатар, тазалыққа да тұрғындар жіті мән береді. Мінген көлігің таза болғаны жақсы ғой.
Ал жүргізушілер қауіпсіздікті сақтаса дейді. Яғни, бұл тұрғыда қоғамдық көліктердің бір-бірімен жарысуы қатаң қадағаланса деген ұсыныс бар. Қалай дегенмен, қауіпсіздікті сақтау әркімнің міндеті саналады.
Сондай-ақ, кешкі сағат 19:00, мен 20:00-ге дейін қатынаса деген көпшіліктің тілегі де бар. «Қызылорда автобус паркіне» тиесілі көліктер кешкі мезгілде қатынағанымен, жеке көліктер тоқтап қалады. Міне, осыны ескерген жөн.  
Қазіргі таңда қыз мезгілі болғандықтан, кейде жер тайғақ болады. Ауа райына да сенім  жоқ. Аяқ астынан құбылып күн суытып кетеді. Сол үшін де маршруттар аялдамаларда сәл аяңдап тұрса... Аялдашы, автобус.

Айтолқын АЙТЖАНОВА
18 ақпан 2020 ж. 1 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам