Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Құшағыңды аш, Қызылжарма

Құшағыңды аш, Қызылжарма

   Әдеттегіше, журналистердің жедел тобы жиналып, жолға шықтық. Қарсы алдымызда – Қызылжарма. Кәдімгі соғыс жылдарында кетпендеп, қолмен қазылған, топырағы қызыл жоса қан секілді көне арықтың атауы. Тереңсай (тауық база), Қызыл егінші (Коммунизм), Колос (Талсуат), Қарауылтөбе колхоздары бірігіп, 1928 жылы құрылған Қызылжарма ауылы осы.
 Елді мекен қаламен қабаттас жатыр. Тіпті бөліп-жаруға келмейді, арасы қосылып кеткен. Кіре-берісі ұзыннан-ұзақ көше. Ерсілі-қарсылы көлік көп. Жердің тоң жібіп, көктемнің лебі байқалады. Асфальттың екі беті иленген кебір батпақ, кебіске жабысса кете қоймайды.
Алдымен ауылдық округ әкімдігі ғимаратына келіп, ауылдың жай-жапсарын білдік. Ауыл алқасында адамға қажеттінің бәрі бар: Мәдениет үйі, мектеп, мешіт, бала бақша, сауда және қызмет көрсету орындары... Қаладан бір мысқал кем емес. Әкім Медет Сейлов іскер азаматтың бірі, бұған дейін де кәсіби мүмкіндігін талай дәлелдеген. Бүгін ол тұрғындардың мақсатты ісімен айналысып жатқан көрінеді. Ал, орынбасары Сердалы Әбдіқадыров бізге жол көрсетіп, іздеген адамды адаспай табуға көмектесті.

Ақылман аға
   Біз бұл кісімен мәдениет үйінде ұшырастық. Салиқалы, ақылман ағаның жасы жетпіс екіде екен. Сөзі салмақты, өзі ардақты адам секілді. Сырт көздің сыны осыны аңғартты.
Бұл Сәруарбек Сөкенов болып шықты. Кезінде «Қызылжарма» ұжымдық кәсіпорынның, сосын серіктестік төрағасы болған, денсаулығына байланысты тізгінді ертерек тапсырған кісі. Қазір округтегі қоғамдық кеңестің төрағасы, ауылдың тіршілігін бес саусақтай білетін жан-жақты жан. Әңгімеміміз де жараса кетті, алдымен өткенге ой жібердік.
Қала халқын сүт, көкөніспен қамтамасыз етуге лайықталған шаруашылық едік, соған сай үш бригада көкөніспен, бір бригада картоппен, екі бригада жем-шөп дайындаумен айналысты. Әрқайсысында 50-60 адамнан еңбек етті. 1971 жылы Қазалыдан совхоз техникум көшіп келді де, олардың күші арқасында шаруашылыққа көмек  қолын созу артты. Бұл да тарихқа айналып барады.
Қазір ауыл үлкейді. Қармақшы, Жалағаш аудандарынан көшіп келуші көп. Халық саны бас-аяғы 14 мыңға жетті. Газ, су жүйесі тартылған. Судың тұрақты берілуі үшін 4 скважина жұмыс істейді. Жарық пен жол мәселесіне келгенде шет аймақта шамалы өзекті. Тас төселмегені де бар. Балалардың мектеп пен бала бақшаға бару жаңбырлы, қар жауған уақытта қиынға соғады. Дегенмен қала әкімінің есебінен кейін 14 көшеге жөндеу жүргізілетін болды. Оған 101 млн теңге бөлінеді деп күтілуде. Сол секілді көшені жарықтандыруды да қолға алмақшы. Аяқ су толық шешілген. Егін егуге мүмкіндік мол, – деді ол.
Мал ұрлығы жоқ ауыл
  Барлық ауылға тән жағдай – мал ұрлығынан безер болуы еді. Басында тұрғындар базына етіп көтеріп, аяғында ағайынгершілікке салынып, кешірім жасау салдарынан ұрлық ушығып кетті. Бір қызығы, Қызылжармада мал ұрлығы сап тиылған. Неге? Қалай?
Оның себебін Сәруарбек Сөкенов ашық айтты. Біріншіден, ауылдағы қай мәселе болсын, әкімшілік, қоғамдық  және ардагерлер кеңесі ортақ талқыға салады. Кінәлі кісіге кісен салмағанмен кінаратын бетіне басып, айыбын екінші рет қайталамауға түрткі болады. –Екіншіден, – деді Сердәлі Әбдіқадыров, – пада мәселесі жолға қойылған. Бақылау бар, жауапкершілік жоғары.
Бәлкім, бұл да ықпалды іс шығар, ең бастысы, ауылдың ауызбіршілігінде секілді. Осыдан кейін сырттан жау келе ме?
Жалпы, есеп бойынша Қызылжарма ауылдық округінде 1872 мүйізді ірі қара, 385 жылқы, 69 түйе, 604 қой, 653 ешкі тіркелген. Демек, мал басының өскені байқалады. Лайым өсе берсін!
Мектеп мәселесі маңызды
Қазіргі мектептің ескіріп тұрғаны шамалы. Және ауылдық округтер ішіндегі  ең жаңасы, әрі еңселісі.  1200 оқушыға есептелген. Бұл жерде оқушының сыйымдылығы болып тұр. Сенесіз бе, биыл бірінші сыныпқа барған оқушыны 13 сыныпқа бөлген.  Мұндай жағдай қалада да жоқ шығар. Енді не істеу керек?
Жергілікті атқарушы биліктің араласуымен бұрынғы тауық фермасының орнынан мемлекеттік мұқтаждыққа байланысты 2,6 га жер алынып жатыр. Осы орынға 600 орындық мектеп салуды көздейді. Бірақ мұның қаржысы бір күнде шешіле қоймауы мүмкін. Республикалық бюджеттен сұрау қажеттігі туындап тұр.
Амбулатория тарлық етеді
  Жасыратыны жоқ, ауыл адамының бірінші бас сұғатын орны осы амбулатория. Алғашқы медициналық көмек көрсететін амбулаторияда 9800 адам тіркеуде тұр. Оларға төрт дәрігер қызмет көрсетіп келеді. Әлі де дәрігердің жетімсіздігі сезіледі. Бұл жерде амбулатория тарлық етеді, мұнша адамға қызмет көрсету қиындық туғызады. Сол үшін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы мен №5 емхана басшылығы келіп, жағдайды көрді, шешілу жағын қарастыруға тырыспақ.
Қатынас қалай?
Сөз ретінде айттық, халық саны жыл санап өсу үстінде. Біздің білуімізше, жұмысқа қабілетті  азаматтардан бөлек, 400-дей еңбек ардагері, 65 батыр ана тұрады. Кішінің үлкенді тыңдауы, тұрғындардың бір-біріне құрметі ерекше екен. Тіпті орыс, украйн, кәріс секілді өзге ұлт өкілдері де бар. Ынтымағы жұдырықтай жұмылған.
Ал, қалаға қатынас мәселесі қалай шешілген? Бақсақ, такси тасымалы дамыған. Арнайы әлеуметтік желіде топ ашылып, жолаушы өз талабын айта алады. Мұнан басқа қоғамдық көлік те жеткілікті. Мәселен, осы округтен қалаға №1, 14, 20, 21 қоғамдық көлігі үзіліссіз қатынайды.
Кәсіпкерліктің өрісі кеңейді
  Ауыл ішін аралап жүріп  Болат Смайловтың шаңырағына сау етіп түстік. Күтпеген қонаққа абыржыған жоқ, қайта шаруашылығын таныстыруға тырысты.
 Мал баққан елміз ғой, қорада төрт түлік болмаса төрт құбыла тең тұрмайтындай әсер береді. Жылқы ұстаймын, саумал сатып, нәпақа тауып отырмыз. Бірақ қазір бәрі суалып тұр. Кәсіпкерлікке бет бұрған жақсы ғой, соның пайдасын көргенге не жетсін! Мен «Аяулым» ЖК ашып, «Ауылшаруашылығы қолдау қоры» АҚ арқылы 4 млн теңге несие иеленіп,  оған 25 мүйізді ірі қара сатып алдым. Қолда ұстау тиімсіздік тудырды. Жем де, шөп те қымбат. Амал жоқ, таныстарымды алға тартып, соларға уақытша өткіздім. Қазір елсіз жерде жайын жүр, – дейді кәсіпкер.
Былай қарағанда қорасы кең-ақ, талай мал ұстауға ыңғайлы. Алайда бағып-қағу оңайға түспей тұр. Ал, сауу мәселесін келіншегі Айнұр атқарады. Әлі балалар жас екен, алды ептеп әкесіне қолқанат болып қалыпты.
Дәл осындай мал шаруашылығымен айналысатын 17 жоба қолдау тауып, 69,4 млн теңге қаражатқа қол жеткізген округ тұрғындары бар. Бір қызығы, жыл санап олардың қатары өсіп келеді. Бүгінгі таңда ауылда 245 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Арасынан ірі-ірі деген таза су шығаратын «Аквалайн» мекемесін, «Ақмарал» мейрамханасын атауға болады.
   Болашақтың бағдары
Өзге ауылдық округтерге қарағанда Қызылжармадағы мектеп ерекше көзге көрінеді. №144 С.Әлжіков атындағы мектептің жаңа ғимаратқа көшкеніне 10 жылдан асты. Дегенмен, әлі де жаңа секілді. Оқу ордасының іші кіргеннен гүлмен көмкерілген, әсемдікті байқатады.
Ауыл мектебінің қаладағы білім ошақтарынан еш айырмашылығы жоқ. Оқушылардың білім сапасы жоғары. Жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде мектеп абыройын сақтап, түлектер сынақта оқ бойы озып келеді. Айта кетерлігі, 11 сынып оқушыларының түгелі дерлік басты сынаққа қатысады. Биыл да 36 оқушы ҰБТ-ға дайындық үстінде. Олар өзге оқу орталықтарынан гөрі, өз мектептерінде дайындалғанды құп көреді. Себебі, ұстаздардың  негізгі пәнге дайындық үлгісі жоғары, сынақтан сүріндірмей алып шығатынына сенеді. 
Білім ордасының жақсы жай-күйі көзге көрініп тұр. Заманауи сыныптармен толықтырылған. Түрлі үйірме бар. Мәселен, 67 үйірме болса, оған 1548 бала қатысады. Демек, оқушылар уақытты босқа өткізбейді.
 – Үйірмелер эстетикалық, технологиялық, лингвистикалық, жаратылыстану бағыты бойынша бөлінеді. Сонымен қатар спорттық үйірмелер жұмыс жасайды.  STEM білім беру негізінде балалардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік мол, – дейді мектеп директоры Жұмагүл Сейдахметова.
   1200 орындық ғимаратта бүгінгі таңда 2326 оқушы білім алып жүр. Одан бөлек 158 бала мектепалды даярлық тобында оқиды.
Ауыл мектебі білімнің биік мінберінен ойып орын алған. Осылайша өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етуде. Орайы келгенде айта кетейік, ауыл мақтанышына айналған білім ошағында медицина ғылымдарының докторы, профессор Шәдібай Абдуллаев пен сатираның сардары Сақтапберген Әлжіков оқыған. Ал оқушылар осындай тұлғалар түлеп ұшқан мектепте білім алуды мақтаныш санайды. 

Білімнің алғашқы баспалдағы
Бастауыш сынып баланың білім жолындағы алғашқы баспалдағы деп айтсақ болады. Алғаш партаға отырғаннан әріп танытып, үлкен өмірге жолдама беру – бастауыш мұғалімінің ерен еңбегі. Бірдей мектеп формасын киіп, таласа-тартыса қол көтеріп жатқан өрендерге көзіміз түсті. Бұл – 2 «б» сынып оқушылары. Бір сәт мұғалім Гауһар Маханованың тынымсыз еңбегінің куәсі болдық. 30 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Гауһар апайдың сабақ беру тәсілі ерекше. Мен де партаға отыра қалып, оқушы болғым келіп кетті. Кішкентай өрендерді өзіне баурап алған. Үйінде түрлі мінез көрсетіп, еркелік танытатын 7 жастағы балалар мұғалімді ұйып тыңдап отыр. Бұған ұлағатты ұстаздың баланы баурап, білімге баулып, қиялмен қияға қондырған ерекше қасиеті арқау.
  Біз мектеппен танысып жүргенде директорды іздеп бірнеше ата-ана келгенін айтты. Бұл мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың нық екенін дәлелдей түседі. Білікті мектеп басшысы Жұмагүл Әбдіманапқызы мен бірлігі жарасқан мектеп ұжымы тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың бойында мерейлі мақтаныш, көзінде от, жүрегінде рух бар екендігіне куә болдық. Елдің тұтқасын ұстар азаматтар міне, осындай ауылдан және жастан шығады.

Бақытты шақтың бесігі
Ауылдағы «Сыр дидары» балабақшасы алыстан менмұндалап тұр. Еңселі ғимарат түрлі-түсті безендіріліп, ойын алаңдары жасақталған. Жинақы көрінісімен де көз тартады. Енді кшкі дүниесі қандай, арнайы атбасын бұрып келгендіктен, мұндағы өрендердің жағдайын білгенді жөн көрдік. Бізді балабақша меңгерушісі Мейрамкүл Ахметова жылы қарсы алды. Бала бағбанының бүлдіршіндермен етене жұмыс жасайтыны анық аңғарылады. Көзінен мейірімділік табы сезіледі. Осындай мейірім көзқараспен 280 өренді тәрбиелеп отыр.
– Негізгі бағытымыз – жаңартылған мазмұнды технология бойынша тәлім-тәрбие беру. Тәрбиеленушілер әрбір күнін таңертеңгі жаттығудан бастап, өзін-өзі, қоршаған ортаны тану, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу мақсатындағы түрлі сабаққа қатысады. Сабақ үш тілде жүргізіледі. Бала – біздің болашағымыз. Бұғанасы енді бекіген өрендер бойына бүгіннен бастап адамгершілік, ұлтжандылық, инабаттылық қасиетін сіңіру қажет. Бұл орайда біздің ұжым талмай еңбек етіп келеді. Олардың бәрі өз ісіне берілген, баланы бар жан-тәнімен түсініп, жылуын, мейірімін, сүйіспеншілігін бере алатын жандар, – дейді балабақша меңгерушісі.
Мұнда ән, би өнеріне ба­у­ли­ды. Әр топтан  аңғал баланың арманы аңғарылады, кіршіксіз алғыр да зерек ынтаның ықыласы тебіндеп тұр. Олар үшін толықтай жағдай жасаған. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бүлдіршін бойы­на сіңіруді алға қойған. Оған «Тәй-тәй» технологиясы көп көмек тигізген. Балабақшадағы 44 тәрбиеші-педагогқа ауыл тұрғындары дән риза. Ата-аналар тарапынан шағым жоқ. Бүлдіршіндерге үш мезгіл ыстық тамақ, бір мезгіл қосымша тамақ беріледі.
Бүгінгі балабақша – өскелең өмірдің айнасы ғана емес, білімің де бесігі. Әрбір үйдің еркесін маңдайынан сипап, арқасынан қағып, әріп үйретуге машықтанған осы жерден мектепке толыққанды таным мен білімін оятып жібереді.
Балабақшаның іші ертегіде жүргендей керемет. Ғимарат тұтастай гүлмен, түрлі көрнекілікпен безендірілген. Тап-таза, жылы. Жанға жайлы. Осындай балабақшада тәрбие алған кішкене өрендерде арман жоқ шығар. Бүгінгі балалардың жағдайы жақсы, шүкір деуге болады. Балалық шақтың бақытты бесігі екені байқалып тұр.
              
Маманы көп мәдениет үйі
         Ауылға арнайы ат басын бұрған соң жергілікті халықтың рухани хал-ахуалын да назарға алдық. Солай бағытымызды Қызылжарма мәдениет үйіне бұрдық. Бізді ғимарат алдында гитарасын ұстап, ән әуелеткен В.Высоцкий мен қыз бейнесі мұнда қалай келіп қалғаны қызықтырды.
          Мәдениет үйінің басшысы Рүстембек Қожабеков деген азамат, әнге әуес, өнерді сүйетін маман. Ол келген жайымызды айтқан соң, іркілместен жұмыс барысын таныстырды. 150 орындық мәдениет ошағы 2013 жылы ел игілігіне берілген. Ұйымшыл ұжымда мәдениет қызметкерлері мен «Қожабековтер» халықтық-отбасылық ансамблі, «Қуаныш» әжелер ансамблі бар. Одан бөлек түрлі үйірме жұмыс істейді. Өнер ұжымы шетінен өнерлі екен. Күзетшіден бастап, гардеробшы келіншек те, еден жуушы апай да, газоператор, аула сыпырушыға дейін ауылда өтетін мәдени шаралардың көрігін қыздырушы. Айтқандай-ақ, осы кісілерден құралған «Ошаған» әзіл-ысқақ театры да бар мұнда.
          Ал, үйірменің жөні тіпті бөлек. Қала іргесінде орналасқандықтан, оған ұстаздардың біліктілігін қосыңыз, соны ескеріп қаладан арнайы келетін оқушы көп. Қазіргі уақытта домбыра, ән, көркем-сөз, хор, би (биден ересектер мен бүлдіршіндер тобы бар) сынды онға жуық үйірме балаларды өнер-білімге баулиды. Бұған әзілкеш жігіттердің басын біріктірген «Қызылжарма қырандары» атты көңілді тапқырлар клубын қосыңыз. Қажет болса ұжым жұмыла жүріп, фольклорлық ансамбльге де айналады. Байқасақ,мәдениет үйі мамандардан тапшы емес.
Өнерлі отбасының өнегесі
        
  Мәдениет саласында 30 жылға жуық еңбегі бар Рүстембек Қожабеков пен жары Қуаныш Мырзабаеваның отбасылық ансамбль ретіндегі жолы сонау 2012 жылдан бастау алыпты. Көпшілікке өнерімен танылған жұп, содан бері осы жолда қол ұстасып бірге келеді. Білетіндер Қуаныштың кең, сыңғырлаған дауысын жақсы таниды. Ал, өмірде де, өнерде де байыпты қалпынан таймайтын Рүстембек ансамбль жетекшісі, әрі демеушісі.
          Бұл шағын отбасылық ұжымның қоржынынан жұртшылық халық әндерін де, эстрадалық әндерді де көре алады. Өзіндік тыңдарманы қалыптасқан ансамбль осыдан 3 жыл бұрын халықтық атауға ие болды. Бұл жолда еткен еңбек, төккен тер зая кетпеді.
          Бүгінде жарасымды жұп жеті бала тәрбиелеп отыр. Олар да шетінен өнерлі, халық руханиятынан сусындағаны көрініп-ақ тұр. Республика көлемінде өткен отбасылық өнер сайысында бас жүлдені қанжығаға байлап, Дубай қаласында өтетін байқауға жолдама алған екен. Қаржы жағы қол байлап, бас тартуға тура келгені. Әйтпесе, өнерімен де, өнегесімен де үлгі боларлық ұжым. Нағыз халықтық-отбасылық ансамбль деуге негіз бар.
Ән айтатын әжелер
       
  Қайсыбір дүние болмасын ұрпақтар сабақтастығы арқылы өрбитіні рас. Халықтың рухани танымы, мәдениеті, ата-баба дәстүрінің жалғасы буыннан буынға жалғасып отырады. Осы орайда әжелер ансамблін құру – жақсы ой. Мәдениет үйі ашылған соң, көп ұзамай «Қуаныш» әжелер ансамблі өз жұмысын бастады. Ауыл іші ән-күйге жақын, ақ жаулықты әжеден құр алақан емес. Сондықтан өнерге жанашыр жандардың басы осы жерде қосылды. Қазір Раушан, Сәнтай, Бидаш, Гүлжан, Бибіхадиша, Гүлжан, Сәуле, Ұлбике сынды әжелер қауымыөнер десе өзегін жұлып беруге дайын. Осындай шын пейілден ақтарылған әжелер әлемі ата дәстүрді, қолөнерді, ән мен жырды, биді, ісмерлік қасиетті, отбасы өнегесін ауыл ішінде кеңінен дәріптеп келеді.
          Ал, түрлі өнер додаларында жеткен жетістігін жіпке тізу мүмкін емес. Бірде-бір байқауға ансамбльдің қатыспай қалған сәті жоқ. Олар да жүлдесіз қайтпапты. Айтпақшы, биыл олардың сахна төрінде жүргеніне 5 жыл толады екен. Соған орай жеке шығармашылық кеш өткізсек дейді. Ансамбль – ауылдың арқауы, өнердің өміршең көрінісі, ең бастысы, үйде қол қусырып отырмай халықпен біте қайнасқан көңілдеріне шаттандым. 
Сандық технологияға серпіледі
          Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты №17 кітапхана осы ауылда орналасқан. Он төрт мыңдай кітап қоры бар руханият ошағы заманауи үлгімен жабдықталған. Өлкетану бағытында, сала бойынша сирек кездесетін кітап қорын сақтау мақсатында сандық технология енгізілген. Мұнда рухани шынығу үшін келетін тұрақты оқырман саны 800-ден асады. Кітапханашы Мира Оразбекованың айтуынша, келген оқырманның қалауындағы кез келген оқулықты тауып бере алады. Ал, биылғы мерейтой иелерінен А.Құнанбаевтың барлық шығармасы бар болса, Ә.Фарабидің 15 томдық жинағы бар екен.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Айтолқын АЙТЖАНОВА,
Айдана СЕЙІЛ,
Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
22 ақпан 2020 ж. 1 788 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам