Қызылжарма: жолдар жөнделеді
Қызылжарма ауылдық округінде өткен есепті кездесуге жарты сағат ерте бардық. Мұндағы мақсат ауылдағы ағайынның амандығын сұрасу. Тұрғындардың жүзінен байқағанымыз ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне ризашылық кейіпте. Себебі бір жылдың ішінде округте тындырылған тірлік аз емес. 7 мыңнан аса халық тұратын мұнда ауыз мен газ мәселесі оң шешімін тапқан. Тұрғындар таза су мен «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Елді мекенге кіре беріс қақпаға қайта жаңғырту жұмыстарын жасаған. Жаңа үлгідегі шағын сәулеттік нысандар орналастырылған.
Ауыл әкімі Медет Сейіловтың айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында алға қойылған жобалардың бірқатары жүзеге асқан. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара сатып алуға көпшілік көңіл аударған. Нәтижесінде округте төрт түлік мал басы 117 пооцентке артқан.
Рас, ауылда әлі де порблемалар кездеседі. Ауылдық округ әкімі жасалған жұмыстардың жай-жапсарын баяндағанымен, бағаны беретін – халық. Осы орайда, «өткен жылы есеп беру барысында айтылған мәселелер шешілде ме»? деген сұрақ туындайтыны рас. Жауабын көпшіліктен білдік. Өткен есепті кездесуде ауылдағы Ө.Махамбетов пен №8 көшеге орташа жол жөндеу және Қызылжарма-2 тұрғын ауданына талапқа сай электр бағаналарын орнату жөнінде айтылыпты. Сұранысқа сай оң нәтиже бар. Аталған көшелерге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 2 шақырымды құрайтын 6 көшеге 1 жинақтық трансформаторлық қосалқы станция мен 50-ге жуық электр бағанасы орнатылған. Демек, айтылған әңгіме жерде қалған жоқ, назарда болды. Осындай оң қорытындыларды көріп, халық пен әкімді жақындата түсетін есеп берудің маңызды екенін айтуға болады.
Сонымен талай жылдан бері тұрғындардың титығына тиіп, тығырыққа тіреген Қызылжармадағы жол жыры биыл бітеді. Мұны тұрғындарға қала әкімінің өзі айтты. Нұрлыбек Нәлібаевтың ауылдағы көше жағдайынан хабары бар. Сондықтан да биылғы бюджеттен қалай болғанда да қаржы қаралады.
Жаңабай Ибрагимов, ардагер-ұстаз: – Қызылжарма жағдайы шүкір жаман емес. Мұндағы әлеуметтік жайттар оң шешімін тауып келеді. Дегенмен, шет аймақтар әлде де назар аударуды қажет етеді. Әсіресе, Сексенбаев көшесі мен мектептің алдындағы көшенің жағдайы қиын болып тұр. Сонымен қатар, Қызылжарма-2 ауданында жүру алаңсыз мүмкін емес. Көлік қатынай алмайды. Сол жердегі 30 көшеге жөндеу жүргізілсе...
Қала әкімі: – Үстіміздегі жылы шет аймақтардағы көше жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Соның ішінде Қызылжарма ауылының көшелеріне 100 млн теңгеге жуық қаражат қаралады. Бұл жұмыстарға биыл ерекше көңіл аударамыз. Ең өзекті көшелер міндетті түрде жасалады.
Сәдуақас Жұмахметов, ауыл тұрғыны: – Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Алайда, біздің ауылда спорттық ойын алаңы жоқ. Спорттық кешен салуға көңіл бөлінсе деген ұсыныс айтқым келеді?
Қала әкімі:– Бүгін, ертең спорт кешені салынады деп айту қиын. Себебі, ол үлкен қаражатты қажет етеді. Ал, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге байланысты, ауылдағы мектептің спорт залы кең. Соны неге пайдаланбасқа? Ауыл әкімі осындай жұмыстарды ұйымдастыру керек. Жас өрендер көшеде босқа теңселіп жүрмеу керек. Мектепте қосымшаға дайындалып, спорттық үйірмелерге қатыстырылсын. Жабық спорт кешенін салуға кәсіпкерлермен ақылдасып, шешеміз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алатын жандар болса құба-құб.
Бекболат Нұрмағанбетов, ауыл тұрғыны: – Ауылда игі істер жасалап, жақсы бастамалар қол алынған. Күннен-күнге елді мекен көркейіп келеді. Ауыл аймағы кеңейіп, жаңадан қоныстанғандар баршылық. Осыған орай, мұндағы бір мектеп өрендерге тарлық етіп отыр. Жылына 300-ден аса бала мектеп табалдырығын аттайды. Алдағы уақытта аталған мәселеде назарда болса...
Қала әкімі: – Біздің одан хабарымыз бар, бақылауымызда тұрған мәселе. Қызылжармадан 900 орындық жаңа мектептің құрылысын салуға жобасы дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қортындысы алынды. Егерде қаражат бөлінетін болса, ең бірінші кезекте осы елді мекеннен білім ошағын саламыз. Реті келсе, биыл бастауға жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда тиісті қаражат сұралуда.
Бір жарым сағат тікесінен тік тұрып тұрғындардың сұрағына жауап берген қала әкіміне халық шын көңілден ризашылығын білдірді. Расында барды бар деп айту керек. Қолдағы қаражатқа сәйкес ауылдағы ауқымды істің бірқатары жасалған. Енді көптің көкейінде жүрген жол мәселесіде оңынан шешілсе, нұр үстіне-нұр. Себебі, жолдың жайын жүрген білер. Енді шамалы уақытта шыдаса, қызылжармалықтар үшін жол мәселесі артта қалады.
Бүгінгі есепті кездесуден көңілге түйгеніміз, қызылжармалықтардың жағдайы жақсы, халқының тұрмысы да көңіл көншітерлік. Дегенмен, алға айқын мақсаттар қойылған. Әлеуметтің әлеуетін көтеріп, жұмыссыздықпен күресу алдыңғы күннің еншісінде.