Баймұрат ауылына барғанда
Күре жолдың бойында орналасқан, жүргінші елдің назары етене ауатын ауылың осы – Баймұрат батыр атындағы ауыл. Ал, округ атауы – Ақжарма, ол 1979 жылы құрылған. Аумағы ат шаптырым, бақандай 6419 гектар. Халқы санаулы Құбас, Қалғандария секілді ауылдар Талдыаралға қосылған. Сол Талдыарал Ақжарманың құрамына кіретін ауылдың үлкені. Округте 2426 адам тұрады. Оның 50 проценті экономикалық белсенді санатта. Біз ішкі есеппен бәрін де көзбен көріп, қаламға арқау еткіміз бар. Ендігісі уақыт еншісінде, үлгеруімізге байланысты.
Сейсенбі күні ауылдық округ әкімшілігінде тұрақты түрде мәжіліс өтеді. Әкім Жұмабек Әлиев округ аумағындағы барлық мекеме, әлеметтік нысан, қоғамдық және ардагерлер кеңесі басшыларын, учаскелік инспекторды қатыстырып, апталық шаруаны шешіп отырады. Біз дәл осы жиынға тап келдік.
Ауылдағы басты мәселе не?
Расында, ауыл ажары айшықталып, бұрыңғы жадағай күйіне жаңаша келбет кіргізген әлді әрекет көзге ұрады. Жыл сайын жаңарудың лебіне жағымды жаңалық қосылып келеді. Айталық, 2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша Талдыарал елді мекеніне амбулатория, 2019 жылы Баймұрат батыр ауылына жеке кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Қайрат Орынбасарұлы арқылы 150 орындық мәдениет үйі салынды. Сондай-ақ ауыз су, кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға, М.Шоқай, А.Молдағұлова А.Иманов көшелеріне орташа жөндеу жүрді. Мұнымен қоса А.Иманов көшесі жарықтандырылды, кәсіпкер Марат Бақбергеновтың демеушілігімен «Рахматулла» мешітін күрделі жөндеу жасалды. Сонымен қатар ол ауылдың шеткі көшелеріндегі тұрғын үйлерге электрдің төменгі қуаты баратындықтан трансформатор қойды. Былай қарағанда, ауыл үшін ең қажетті сұраныс орындалған. Ал, енді қазіргі басты мәселе не?
Бұл мәселенің де шешімі бар. Ол – амбулатория. Тетігін тапса шешілмейтін түйін жоқ. Оның да орайы келді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде «Интегрострой» компаниясы атқаратын болды. Қалалық мәслихат депутаты Бағдаулет Исқақов басқаратын компания алдағы уақытта құрылысты бастауға дайындық жасауда.
Телефонмен тілдесу
Біз әкімнің кабинетінде отырмыз. Қасымызда қоғамдық кеңестің төрағасы Есентай Ізтілеуов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Қазымбетов. Өзара әңгіме қызып кетті. Жұмыс десе жеңін түріп, жұмыла кететін Жұмабектің телефоны тыным бермей жатыр. Кенет байланысқа Ринат Ильясов шықты. Кәдімгі Кеңес Одағының батыры Нағи Ильясовтың ұлы. Бүгінде ол «Intertec» ЖШС директоры.
–Жұмеке, Наурыз мерекесін Баймұрат ауылының халқы лайықты қарсы алуына өзіңіз үнемі көп көңіл бөлесіз. Бұған мен де атсалыссам деймін. Жақында ауылға барамын. Реті келсе, наурыз айының 17-не қойсақ қалай қарайсыз?
–Реке, жөн. Біз сізде қолдаймыз. Ауыл жұрты да бұған қарсы болмас...
Бір айта кететіні, мұнда Баймұрат батырдың ұрпақтары демеушелік жасап, ауылды көтеруге тұрақты атсалысып жүр.
Ауруханалар арқауы
Ақжарма ауылдық округінде екі аурухана орналасқан. Бірі – Қазақтың республикалық лепрозорий ауруханасы, екіншісі – облыстық наркология бөлімшесі. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, екі аурухананың да ауылға өз арқауы бар. Олай болатыны, бірінде тоқсанға тарта, екіншісінде жиырмаға жуық ауыл азаматы еңбек етеді. Қаншама отбасының нәпақасы осы жұмыс орындарының ықпалына сүйенеді.
Күнкөріс күйі
Ауылдан қалаға қатынап қызмет істейтін де, кәсіпкерлікпен айналысатын да азамат аз емес. Жалпы, кәсіпкерлік нысан 111-ге жетіп, 255 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерліктің даму динамикасы бізді қуантты.
Округте 2800 гектар инженерлік жүйеге келтірілген жер болса, оның 1194 га күріш, 376 гектарға жоңышқа егіледі. Ірі инвесторлар «Мағжан и К», «Қызылорда НК Құрылыс» ЖШС және жеке кәсіпкер Оңғар Саймағамбетов ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, уақтылы жалақысын төлеп отыр. Сондай-ақ ауылдың да тіршілігіне тірек болып, демеушілік көрсетеді.
Мұндағы тұрғынның 80 проценті мал ұстайды. Әрбір аулада төрт түліктің ізі бар. Ал, мал ұрлығы қалай дегенімізде, олар: «Ардагер, жастар және ауылдық полиция инспекторынан құралған күнделікті кезекшілік ұйымдастырылған» деді.
216 отбасыға жер телімі
Әрбір елді мекеннің шекара аумағын бекіту күн тәртібінен түспеген шаруа еді, оның да түйіні тарқап келеді. Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақты жоспарлау жобасы жүріп жатыр. Қалғандария елді мекені тұрғындарын Талдыаралға көшіру мақсатында 216 отбасыға жер телімін беру жүзеге аспақ. Оның 33 жер телімі Қалғандария тұрғындарына тиесілі. Әрине, мәселе жер телімімен шектелмейді, әлі шаруа шашетектен. Көше орналастыру, инженерлік инфрақұрылымын жүргізу секілді сан алуан жұмыс күтіп тұр.
Жұмабек Төлешұлынан білгеніміздей, тұрмысы төмен 16 отбасыға демеушілік ретінде үй салып беру, көшкен отбасылардың жүгін тасымалдауға қолдау білдіру сынды жұмыстарға да қалталы азаматтарды тартуға ден қойып отыр. Қазірдің өзінде 7 отбасы баспаналы болды, 9 отбасының үй-жайы алдағы уақытта шешіледі.
Ата мен келін
Ауыл топырағына табан тигеннен-ақ осындағы көнекөз қариямен емен- жарқын әңгімелесуге асықтым. Алдымен белгілі күрішші, Еңбек Ері Амангелді Ахметовке сәлем берудің салтымен шаңырағына аялдадық. Алайда, ардақты ағамыз сырқаттанып, ауруханаға түскенін білдік. Сонан соң кешегі шопан, бүгінгі бағбан Гажданбек Іздіқұлов ақсақалдың мекен-жайына бағыт алдық. Жанымда-бағыттаушым және ардагерлер кеңесінің мүшесі Есентай Ізтілеуов. Ел елеген еңбек адамынан сыр тартуға жүрексініп келемін. Сонда да сұхбаттасудың күнде сәті түспейтінін сезіп, батыл байлам жасап әлекпін.
«Ассалаумағалейкүм» деп есік қақпай ішке ендік. Қарсы тұстан атамның қолындағы келіні қабағын жазып, қарсы алды. Қазақы қонақжайлықтың жөні бөлек қой. Жасым кіші болса да жолды сыйлап, бірден төрін ұсынды. Ауылдың осы бір патшадай кеңдігіне ризамын. Қолындағы барын қонағына беретін даладай дархан көңіл тек ауылдың айналасында қалып қойды ма деймін кейде?
Гажданбек ақсақалды тірі тарих десе де болады. Көрмегені жоқ, көргені алдында. Колхозда талай жыл тер төкті. Ауылдың үлкені де, кішісі де шопан жайлы сұрай қалсаң мақтанышпен жарыса айтады. Өмір жолы өнегеге толы еңбек ардагері өскелең ұрпаққа ұлағат болуға әбден лайық. Зейнеткердің қай қырын айтсақ та оқырманға ой салар дүниелер жетерлік.
Әңгіме ауылдың бүгінгі бет-бейнесі турасында басталды. 79 жастағы қарияның шешіліп сөйлегенде таңданбасқа шараң жоқ. Жадының мықтылығы бір бөлек, әлі тың. Ақылдың ажары таймаған. Көпті көрген кемеңгер. Айтпағыңды алыстан аңғарып тұрады.
– Еңбекке ерте араластық. Ол кезде колхоз «Октябрь» аталатын. Әкем – Ұлы Отан соғысының мүгедегі, шешем де ауруға беріліп тұр. 3 жылдық әскерден кейін, үйдегі нұсқаумен шопан болып ауылда қалып қойдым. Қазақы тәрбие солай. Әкемнің бір сөзі үшін Семейдегі әскери училищені отар қойға айырбас еттім. Ол кездер бір қиын кезеңдер болатын. 17 жыл колхоз малын бақтым. Үлкен шаруашылықтың бел ортасында жүріп, елмен бірге еңбек еттік.
– Ақсақал, жайылым жағы қалай еді. Саулықтан төл алу қалай орындалды?
– Кеңестік кезең бізге көп нәрсе жүктейтін. Иелігімде 780 бас қой болды. Шамамен алпысыншы жылдары колхозда 20 мыңға жуық саулық болатын. Орта қомнан жоғары қой діттеген мақсатқа жетелейді. Соның нәжижесінде болар, 100 саулықтан 140 бас төл береді. Октябрьдің 50 жылдығы шаруашылығына 900 қозы өткізіп тұрдым. Мал өзінен өзі төлдей бермейді. Күтім керек. Екі отар қойды таң сәрісінде және түнгі салқында жаю оңай шаруа емес. Жайылым жақсы болуы шарт. Шөбі шүйгін жерді көре білуі қажет. «Торғай оты» дегенді естіген боларсыз. Наурыздың бел ортасынан асқанда қойдың аузы торғай отына тисе ақсақ қой аурудан айығып, саулық қой семіреді. Жайылым жайын жетік білген адам ғана ата кәсіпті игеріп кете алады.
Еңбек ардагері бүгінде зейнет жасында. Алайда ақсақал күйбең тірліктен бір сәтке қол үзген емес.Үй маңынан 30 сотық жер телімін алып, бақша өнімдерін өсіруде. 2019 жылдың «ең үздік бағбаны» атанған Гажданбек ата қолдағы кәсібін Нұрсана келініне аманаттады. Өйткені ол еңбекке епті, тіршілікке еті тірі.
Дастархан жайылып, алдымызға айран қойды. Сіміріп алдық. Сонан соң шәйдің қамына кірісті. Қолдың сары майын әкелді, бабы келген шәй ұсынды.
Келін қанша сиыр сауасыз?Төрт.
Күбі пісесіз бе?
Әрине, қолмен.
Ауыр емес пе?
Аға, мен Шиелінің қызымын, ауылдан шыққанмын. Маған мұндай шаруа түкке тұрмайды. Алла тағала әйел болуды жаратты ма, бала табу парызым. Жолдасыма, ата-енеме құрмет көрсетпесем қазақы дәстүрден аттағаным ғой. Ал, еңбек етпей, біреуге алақан жайғаннан сорақы нәрсе болмас. Ауылда жұмыс жоқ дегенге мүлдем сенбеймін. Сосын жұмыссызбын деп он екі мүшесі сау адамның айтуға ары қалай барады? Қазір мен жеке кәсіпкер ретінде өсірген өнімді үйден сатылымға қоямын. Береке емес пе, сол өнімнен жоқ-жұқанға, тұрмысы төмен отбасыға тегін таратамын, – деді Нұрсана келін.
Атаммен әңгіме арасы үзілмей біраз сөйлестік. Ақсақалдың сөзінде қандай сиқыр барын білмеймін, көз алдымнан жапанда кезіктірген жансыз бейнесі кетпей қойды. Тіпті, жанымызға жайғасқан келіннің қалай дастархан жайып үлгергенін аңғармай да қалыппын. Тіске басар тәттілерді күнде жайпап жүрміз ғой. Көзіме дастархандағы қолдың сары майы оттай басылды. Ауылдан ұзағалы да біраз болды. Алдыма қойған ағарғанды төңкеріп тастадым. Сол мезет әжемнің қолының ізі бар құрт пен қолдың майы көз алдымнан кетпей қойды.
Өткен маусымда 9 тонна картоп алыпты. Алақандай жерден осынша астық жинау нағыз бағбанның ғана қолынан келсе керек. Ауылдық әкімдіктен қолдау тапқан кіші кәсібі жоспарлы түрде жүріп жатыр. Сексеннің сеңгіріне келгені болмаса, таяқ ұстаған қартты көрмедік. Кез келген шаруаға қауқарлы. Қазір кәсібін қолындағы келіні жүргізіп отыр.
Шағын ауладан шыққан өнімдер ауыл тұрғындарын түгел қамтамасыз етеді.Отбасылық бизнесіміз өрге домалап келеді. Атамның еңбекқорлығын, жанкештілігін айтпасқа болмас. Бұрын балаларын тынымсыз тірлікке үйретсе, қазір немерелерін еңбекке баулып жүр. Өткен маусымда қияр, қызанақтан бөлек, 9 тонна картоп жинадық. Алдағы уақытта жер көлемін ұлғайту ойда бар. Біз тұтынатын өнімдер ауыл тұрғындарына қол жетімді. Базар бағасынан 20 теңге төмен. Жұмыссыз жүрген жастарды түсінбеймін. Ауылда көзін тапсаң, кәсіп деген көп. Біз бақшаға айналдырған жер бұрындары соры шығып жататын. Қазір сол қара жердің арқасында нан-пұлымызды ажыратып отырмыз,– дейді Нұрсана Жүзбенбетова.
Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын деген нақыл бар.
Қалт етсе қолынан кетпен түспейтін қарияның өмір жолы расында көпке үлгі. Қора-қора мал жинамай, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіруі ұрпақ тәрбиелеуде маңызды бастама. Біз барғанда атам бесік тербетіп отыр екен. Осындай ғажап көрініспен бетпе-бет келдік. Ақылы дария ақсақалдың тәрбиесін көрген немере жаман болмас. Маңдай тердің қадірін біліп өсетін болады. Қазіргі кей жасқа жетпейтіні де осы.
P.S: Қазіргі балғындар әке аманаты үшін арманынан бас тарта алады ма? Өзі таңдаған әскери өмірді шопанның жайылымына айырбастаған ақсақалдың шешімі шынында таң қалдырды.
Үздік оқушы
Шұғыла Абсалим ауылдағы озат оқушылардың бірі. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өзінің ерекшелігімен, дарынымен көзге түсті. Әсіресе, математика сабағына жүйрік. Есеп шығару, логикалық ойлану қабілеті бар екендігі анық аңғарылды. Бүгінде №218 орта мектептің мақтанышы. Шәкірттің үздіктер қатарынан көрінуі ұстаз еңбегінің зор жемісі.
– Қаланың үздік мектептерінде оқымадым деген өкініш жоқ. Ауылдағы ұстаздардың шәкірттерге көңілі ерекше. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жүргізудеміз. Мұғалімнің және өзімнің біліміме сенемін. Арнайы сынаққа мектептен дайындаламын. Математика пәнін жақсы көретіндіктен, физика пәнін қосымша таңдадым, – дейді 11 сынып оқушысы Шұғыла Бауыржанқызы.
Айта кетейік, биыл мектепке 50 жыл толады екен. Бүгінде 315 оқушы білім алып жүр. Ең алғаш рет орыс мектебі ретінде ашылған. Себебі, округті 16 ұлт өкілі мекен еткен. 2001 жылдан бері тек қана қазақ сыныптары оқытылады. 2017 жылы қала бойынша «Үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алған. Ал ҰБТ нәтижесі бойынша жеті жылдан бері алдыңғы ондыққа ілесіп жүр. Жарты ғасыр шәкірт тәрбиелеген білім ошағы торқалы тойын тойлауға дайындықты бастап кеткен. Соның бір көрінісі ретінде мектеп ішінен ашылған мұражайды айтуға болады. Мұнда тарихи құжаттар мен суреттер сақталған. Сол арқылы өрендердің жеке тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік жасап, олардың өлке тарихына қызығушылығын арттырмақ. Қазіргі таңда мұражай қорын толықтыру бағытында жұмыстар жасалуда. Мектептің мерейтойында арнайы ашылады.
– Негізгі мақсатымыз – ауыл мектебін қаланың мектебіндей дәрежеге жеткізу. Халықаралық деңгейде жұмыс жүргізуді алға қойдық. Директорлық қызметіме кіріскен сәттен бастап «Алтын белгі» алу барысында түлектермен бірлесе жұмыс жасадық. Іздендік. Нәтижесінде 2016 жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеуден «Алтын белгі» иегері атанатындар қатары артты. Бұл да мектептің өз алдына бір жетістігі, – дейді мектеп директоры Жаухар Азнабаева.
Білім ошағынан көңіліміз көтеріңкі шықтық. Себебі, ауылда қаладағыдай білім алуға бар мүмкіншілік жасалған.
Ендігі бағытым – мәдениет үйі. Өнер ордасы жақын болғандықтан жаяу барғанды жөн санадым. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Қазымбетов екеуміз ауылдың тыныс-тіршілігі жайында сөз етіп келеміз. Мұнда айтарлықтай мәселе жоқ. Тек «көгілдір отын» келсе деген көптің тілегі бар. Ерекше байқалғаны елді мекеннің іші тап-таза. Ауылдың таза саф ауасы адамды өзіне баурай түседі.
Таланттар тасада қалмайды
Жол қысқарсын деген оймен, Темірбек ағаны әңгімеге тарттым.
– Ауыл таланттары тасада қалып жүрген жоқ. Түрлі өнер жарыстарынан бәйгесіз қайтқан емес. Осы орайда, жас таланттардың басын бір арнаға қосатын ғимараттың қажет екендігі анық сезілетін. Бұл өтінішті ауылдың депутаты қолдап, мәдениет үйін ашуға уәде берді. Уәдеге берік азамат қалалық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Орынбасарұлы іске белсене кірісті. Соның нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде заман талабына сай әсем ғимарат бой көтерді. Осы уақытқа дейін ауылда мәдениет үйі болмағандықтан, тұрғындар ерекше қуанды, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Сонымен жаңа ғимараттың табалдырығын аттадық. Әсем дауысымен ән салып жатқан қоңыр үн құлағымызға талып естілді. Сөйтсек, мұнда 8-наурыз Халықаралық әйелдері күніне үлкен дайындық жүріп жатыр екен.
– Қаладағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ене мен келін сайысы өтеді. Оған қалаға қарасты округ пен кенттер қатысады. Сол шараға дайындық жүргізудеміз. Ең бастысы, ауыл халқына шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік туып отыр, – деді мәдениет үйінің басшысы Айман Баймбетова.
Жаңа клубтың көрерменге арналған залы 150 орынға лайықталған. Сондай-ақ, ардагерлер, директор, әдіскер, әрлену бөлмесі бар. Одан бөлек кітапхана мен бес үйірме жұмыс жасайды. Мекеме іші заманауи технологиямен жабдықталған. Музыкалық құрал-жабдықтары да жаңаланған.
Таланттар тасада қалмайтынын байқадық. Баймұрат ауылының жас өрендері әрдайым өнердің биік төрінен көрініп келеді. Қалалық, облыстық, республикалық ән, би байқауларында жүлделі орын алады. Мәселен, жас талант Гүлназ Рысбекова бір жылда 8 бас жүлде алып, ерекше көзге түскен. Аталған таланттарды «ән, би» үйірмесінің жетекшісі Мақпал Қалданова дайындайды. Биыл «Сәулем-ай» әжелер ансамблін республикалық әжелер байқауына апару жоспарлануда.
Мәдениет үйінің ішінде кітапхана орналасқан екен. Кітапханаға кіріп жатқандардың қарасы қалың. Мен де ішіне бас сұғып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын байқадым.
– Ауыл тұрғындары бір сәт осында келіп кітап оқығанды жақсы көреді. «Коворкинг» орталығында түрлі іс-шара өтеді. Кітап қоры 21607 дана. Тұрақты 700-ден аса оқырман жиі бас сұғып, өзіне қажетті дүниелерді іздейді. Жастар әдеби кітаптарға үлкен сұраныс жасайды. Сонымен қатар, үйіне апарып беретін де қарт кісілер бар, – деді кітапханашы Әлия Жылқайдарова.
Отбасы құндылығы сақталған
Мұндағы жандардың өзара сыйластығы, қамқорлығы отбасының мығымдығына алып барады. Әлеуметтік демографиялық өсімі артып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Әсіресе, ауылда ерлі-зайыптының ажырасуы азайған.
– Өткен жылы елді мекенде ажырасу дерегі тіркелген жоқ. Біздің ауылда отбасы құндылығын сақтауға ерекше мән береміз. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен, кейбір жандардың жеке мәселесін қоғамдық кеңес алдында талқылап, көмектесуге қол ұшын созамыз. Көшеде бос жүретін жастар жоқ. Күйбең тірліктің уақыты болғандықтан бос уақыт бола бермейді. Әрбір үйде көктемгі егінге дайындық басталған, – дейді аналар кеңесінің төрайымы Қалдыгүл Болтаева.
Көмек демекші, ауылда екі еріктілер тобы құрылған. 35-70 жас аралығындағы «Мейірім» және 35-14 жас аралығындағы «Айналайын» тобы қызу жұмыс жүргізуде. Ауылдағы жалғызбасты аналарға қол көмек береді. Таяу арада қаладағы қарттар үйіне барып, қамкөңіл жандардың көңілін көтеруге атсалысты.
Келешектің кілті
Иә, келешектің кілті кемел білімнен басталады. Сол үшін де алғаш партаға отырған сәттен білімнің шыңына жетуге талпыну қажет. Осы орайда, Талдыарал елді мекеніндегі №215 орта мектепке қарай бет алдық. Мұндағы мақсатымыз білім ошағының ішкі жұмысымен танысып, өрендердің болашаққа бағдарын саралау болатын.
– Ассалаумағалейкум!
Қарсы алдымыздан шыққан әрбір оқушының аузынан ыстық сәлемі естіледі. Бұдан аңғарғанымыз, ауыл баласының тәрбиені дұрыс алып жатқаны. Мектептің сырты да, іші де мұнтаздай тап-таза. Сыртынан байқасақ, оқушылар алаңсыз білім алуда. Келешектің кілті осы жастарда екені анық.
Талдыарал ауылындағы мектепке Қалғандария және Құбас елді мекендерінен балалар қатынайды. Олардың мектепке қатынауына арнайы көлік бөлінген. Барлығы 142 оқушы оқу ошағында білім алады.
– Жылда 11 сынып оқушылары грант негізінде оқуға түседі. Тұрмысы төмен отбасының 54 баласы тегін ыстық тамақ ішеді. 3 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Ал 9 сынып бойынша екі оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр, – деді оқу ісі жөніндегі орынбасары Манат Бекетова.
Оқу ошағы білікті басшысымен мақтанады. Мәселен, мектеп директоры Абсаттар Абдіғапбаров облыстық математиктер байқауында «миллионер мұғалім» атанған. Сондай-ақ, өткен оқу жылында «Ауыл – ел бесігі» номинациясын жеңіп алған.
Мұндағы білім сапасы көңіл көншітерліктей. Мектептің іші де заманға сай безендірілген. Тек көңілге кірбің түсіретін бір ғана мәселе бар. Ауылдағы жол мәселесі. Оқушылар жаңбырлы күнде мектепке келу үшін әлекке түседі. Дегенмен, мектептегі оқу ісі жөніндегі орынбасары аталған мәселенің таяу арада шешімін табатынын айтып өтті.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ,
Айтолқын АЙТЖАНОВА