КҮРІШТЕН ТАУ ТҰРҒЫЗҒАН ЖАЛАҒАШ
Өткен аптада облыстық коммуникациялар қызметінде Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Аталмыш аудан аграрлық өңір болғандықтан ауыл шаруашылығы өндірісіне басымдық беріп келеді.
Облыс диқандары биыл басты дақыл күріштен тарихта бұрын-соңды болмаған 500 мың тонна өнім жинады. Онда Жалағаш ауданы еңбеккерлерінің зор үлесі бар. 129 мың тонна өнім жиналды. Бұл – облыс бойынша жиналған күріштің үштен бір бөлігі. Ауыл шаруашылығы саласында бүгінге 14 ЖШС, 133 шаруа қожалығы және 25 фермерлік қожалығы бар.
– Аудан бойынша 13 млрд. 20,6 млн. теңгенің өнімдері өндірілді. Былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 3,4 пайызға артық. Шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануға барынша атсалысуда. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы өсті, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша оң нәтиже бар. Аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Ұсақ тауарлы өндірісті біріктіру арқылы ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды.
Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 856,1 млн. теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 102,2 млн. теңге салық түсті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламалар аясында барынша қолдаулар көрсетілуде. Жалпы, құны 1 млрд. 133 млн. теңгені құрайтын 166 жоба қаржыландырылды. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек аудан бойынша жеке қаражат есебінен 22 жоба іске асырылып, 104 жұмыс орны ашылды.
«Елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» бағдарламасы бойынша Жалағаш ауданында Қаракеткен, Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерін сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейтуге республикалық, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға қосымша қаржы бөлінді. Қаралған қаржы толығымен игеріліп, Қаракеткен елді мекенінің сумен жабдықтау жүйелері қайта жаңғыртылды. Ал, Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінде ол келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Оған қоса жалпы көлемі 4714 гектар құрайтын ауылшаруашылығы мақсатындағы 39, кәсіпкерлік бағытындағы 7,6 гектар жер учаскелері аукцион арқылы сатылды. Одан жергілікті бюджетке барлығы 29,2 млн. теңге қаржы түсірілді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.