Медиация татулықты дәріптейді
Елімізде халықтың сотқа деген сенімін арттыру өзекті мәселе болып табылады. Шындығына келгенде халықта дау-дамайды тек қана сот арқылы шешу керек деген көзқарас қалыптасқан. Сондықтан, дау туындай қалса дереу сотқа жүгінетіміз рас.
Ал, сотқа жүгінудің ретіне келетін болсақ, ол біраз әуре-сарсаңға, яғни арыз беруден басталып, мемлекеттік баж салығы, сот шығыны, жол қаражаты, заңгерлерді жалдау сияқты шығынға әкеледі. Әрі іске соңғы нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, сотта екі тараптың арасында үлкен дау туындап, олар адамгершілік пен имандылықтың бәрін жиып қойып, бір-бірімен айтысады, таласып, тартысады. Оның соңы, кешегі тума-туыс, дос-жаран, таныстардың араздасуына, жауласуына алып келеді. Міне осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау және оның алдын алу мақсатында «Медиация туралы» заң өмірге келген еді. Алғашқы кезде аталмыш заң жүзеге аспай, қолданылуы мен орындалуында көптеген мәселе туындаған болатын. Содан кейін қабылдаған Азаматтық процестік кодекс дауды бітімге келтірудің бірнеше рәсімін бекітті. Атап айтқанда заңнама татуласудың төрт түрін қарастырды. Олар сотта татуласу келісімін жасау, медиация немесе соттық медиация тәртібімен дауды не болмаса даушарды реттеу арқылы келісімге келу, сондай-ақ, екі тарап адвокатының қатысуымен дауды партисипативтік рәсім арқылы реттеу. Сондай-ақ, біздің елімізде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы іске асып жатыр. Соған байланысты әрбір өңірде соттан тыс татуластыру орталықтары ашылып, жұмыстануда. Бұл орталықтан медиатордың, адвокат, нотариустар мен сот орындаушылар қызметін тегін алуға болады. Сонымен қатар аудандар мен ауылдық округтерде де билер кеңесі құрылып, жергілікті халықтың тыныштығын бұзатын келеңсіздіктерді, атап айтқанда отбасының ажырасуы, ішімдікке салыну, ұрлық тағы басқа да құқық бұзушылықтарды тоқтату үшін қызмет жасауда. Дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешудің оңтайлы тұсы көп. Дауды татуластыру арқылы реттеу біріншіден, сот шешіміне қарағанда тараптардың бір шешімге келуі ыңғайлы, екіншіден, көп жағдайда екі жақ заң нормаларын дұрыс түсінбеуден дауласып жатады, ал соттың сол нормаларды дұрыс әрі тиісті түрде түсіндіру екі тараптың бір мәмілеге келуіне алғы шарт болып табылады. Үшіншіден, сот тек шешімі бір тарапты ғана қанағаттандыруы мүмкін болса, бітімге келу арқылы екі тарап та ортақ мәмілеге келіп, яғни қол алысып, дауға соңғы нүкте қойылады. Ал, төртіншіден, дауды келісім арқылы реттеу екі жақтың да қаржысы мен уақытын, сонымен қатар соттың да уақытын үнемдейді. Дауды бейбіт жолмен шешу барысында судьяға арыз қабылданған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып, істі қараудың барлық сатысында талапты түсіндіру жүктелген. Азаматтық процестік кодекстің 174-бабына сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады және даулы процестің барлық сатыларында істі келісіммен реттеуге жәрдемдеседі. Азаматтық процестік кодекстің 176-бабында көзделгендей, тараптар келісімді жазбаша түрде дайындап, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Бұл құжатта келісімді орындау мерзімі мен тәртібі міндетті түрде көрсетіледі. Және де азаматтар өздерінің шарттарын қойып, оған өзара келіскен жағдайда ғана олардың келісімін сот бекітеді. Сондай-ақ, қазіргі тәжірибе медиация туралы заңды қылмыстық іс жүргізуде де қолдану қолайлы екенін көрсетіп отыр. Көбіне-көп қылмыс жасалғаннан кейін жәбірленуші мен айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнап, көп жағдайда айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұрап және келтірген залалдың орынын толтыруға әрекет жасаса да, жәбірленуші жақ көңіліндегі реніштен арыла алмағандықтан онымен байланысқа бара алмай жатады. Ал, мұндай жағдайда медиатор екі жаққа да заңды әрекет жасауға ықпал жасай алады.
Қ.Абдуллаев
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы