Апталықтың асқаралы асуы
Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Қайырбай Зәкіров қазір Алматыда тұрады. «Ақмешіт апталығы» газетімен етене араласқан ағамыз телефон арқылы бізбен өткен күндер естелігімен бірге бөлісті. Әсіресе, газеттің негізін қалаушы, әрі алғашқы редакторы Әділхан Бәймен жайлы кеңінен тоқталды.
«Уақыт шіркін, зулаған қадамынан жаңылмайтын, сырғыған күйі сапырылысқан күндерді артқа тастап, жылдамдықпен жылжыған жылдарды тарихқа енгізіп жатыр. Кеше ғана «Ақмешіт апталығы» газеті жарыққа шыққан еді, биыл 26 жыл болыпты. Уығын қадап, керегесін кеңейткен редакция шығармашылықтың ұстаханасы болды. Бүгінге дейін журналистердің қаншасы осы ұстахана мен Әділхан ұстаздың шәкіртіне айналды. Осының өзінде өнеге мен тағылым дәрісі мол деу дұрыс.
Әділханның болмысы биязы, байыпты болатын. Ешқашан дауыс көтеріп, жоқтан өзгені дабыра етпейтін. Сабырлық адами сипаты сияқты еді. Ол аймақта алғашқы болып жеке газетті қолға алғанда елге егемендік енді тиген өтпелі кезең түғын. Халық бірыңғай күнкөріс қамында жүрді, ертеңгі күннің қалай болатынын білмей, елең-алаң жағдайды бастан кешіріп жатты. Бұл 1994 жыл еді.
«Ақмешіт» елдің ежелгі атауы, «апталық» аптасына бір шығатын мерзімін білдірді. Басылымды офсеттік басу деген атымен жоқ, қорғасынмен құйып, мол бейнет кешеді. Клише жасатып, материалды «квадрат» мөлшерімен өлшейді. Өлшем есебі дұрыс шықпаса беттеуге сәйкес келмейді. Ол үшін жауапты хатшы сауатты, әрі сараптау қабілеті ұшқыр болуы шартты.
Әділхан Бәйменовтың артықшылығын айтсам, ол тек қаламгер емес, адамтану, талантты тану ерекшелігімен де айрықша азамат болатын. Соның бір белгісі, елге әлі терең танылмаған жігерлі, талантты жастарды жанына жинады. Қазір қарасам, оның тәрбиесін көрген Аманжол, Дүйсенбек, Әділ, Нұржан, Сабырхан, Талғат, Айнұр секілді жастар осы газеттен түлеп ұшты, бүгінде белгілі азаматқа айналды. Солардың қадамына оң жол сілтеуде, керек кезінде көмек көрсетуде Әділханның еңбегі ерекше. Әдекең оларға сенді, олар ағаларын ардақтай алды, сенімін ақтады.
Сол кездері қол ашық, қамқор пейілді жігіттердің қолдауы арқасында газеттің таралымы да күрт көбейді. Әсіресе, мұнай саласы, ірі өндіріс ошақтары газетке жанашырлық танытты. Бөлшек саудаға да шығарды, дүңгіршекте, базарда сатылымда болды. Әдекеңнің ұйымдастырушылық қасиеті, көппен кеңескен кеңдігі ерекше көрінді. «Сыр бойы» газеті мемлекеттік-әкімшілік тұрғыда қызмет етсе, «Ақмешіт апталығы» – қарапайым халықтың сұранысындағы рухани азық бола білді. Ел іздеп жүріп оқитын идеологиялық игіліктің нышаны іспеттес басылым болды. Тіпті редакцияға келіп, өзінің бұйымтайын, базынасын айтатын ақиқат алаңына айналды. Авторлар артты. Солардың бірі запастағы майор Қазыбек Әшірбеков еді. Әзіл-сықаққа әуес Әшірбеков ақырында қызметке шақырылды. Осылай «Қуақы» бетінің оқырманы өсті.
Менің шеберханам драма театр жанындағы көне де, тарихи ғимарат болатын. Бір қабатты үй, бөлмесі кең, бір қауым ел сыйып кететін. Сол жерде жиі бас қосамыз. Мен суретші болсам да жазу-сызуға құмарлығы бар еді. Сондықтан сөзіміз жарасатын, үлкен-кіші демей сыйластық, былайша айтқанда газет біздің ортақ мүддеміз секілді ойласамыз, жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз. Бірде маған газеттің бірінші бетіне логотип салып беруді өтінді. Әділханның қасында Аманжол Сақыпұлы мен Дүйсенбек Аяшұлы бар. Олар өзінің ұсыныстарын айтты, мен де өзімше ойлануға мұрсат сұрадым. Содан екі вариант логотип жасап шықтым. Бірінші вариант – Сыр елінің символы дария ғой. Судың бетіне күн сәулесін түсіріп, өңірдің өңін ашқым келді. Бірақ бұл шығармашылық ортаға ұнай қоймады. Екінші вариант – «стерилизовать» етіп салуымның себебі, қазақтың көшпенді дәстүрі, жұпар иісті жусанды даланың символы секілді түйенің бейнесін келтірдім. Өркеші төбе құмның тұғыры тектес, ал, жүріс-тұрысы дархан даланы кемесіне ұқсайды.
Қазақта «Түйенің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген қанатты сөз бар, оны заңғар жазушы Шерхан Мұртаза «Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп құбылтып жіберді. Сонда деймін-ау, түйе екі жақты мағынада да маңызды болғаны ғой.
Жалпы, жануарлар әлемінің ішінде пластикалық тұрғыдан айтқанда түйе сұлу көрінеді. Тіршілікке де, көшіп-қонуға да ыңғайлы, байлықтың да белгісі, жалпы, жаратылысы бөлек жануар. Әрине, жылқы да сұлу ғой, ол желмен жарысқан жүйрік, дарабоз дүние. Дегенмен түйемен таразы басына бірге қою болмайды. Сонымен түйені шөктіріп, жаймашуақ жағдайды білдіріп, салынған сурет Әдекеңе бірден ұнай кетті. Қасындағы қосшылары қостай түсті. Сөйтіп беріге дейін сол логотип басылымның бас бейнесі болды. Айтпақшы, редактор Әділхан Бәйменов газеттің бірінші нөмеріне мен туралы үлкен мақала да берді. Дәл сол уақытта Йемен араб республикасында менің жеке көрмем өтіп, соның қорытынды сарабымен сұхбат жасалды.
Сол кезеңдерде қаламгерлермен қатынас мықты өрбіді. Облыста орны озық екі газет болса, олар «Сыр бойы» мен «Ақмешіт апталығы» газеті ғой. Мен сонда ұдайы барып тұрамын. Қомшабай Сүйініш, Құттыбай Сыдық, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәймен, Қази Данабаев шығармашылықтың бір шоғыры еді. Кеудесі алтын сандық азаматтардың көпшілігі өмірден өтіп кетті. Олар санадан сірә ұмытыла ма?». Әрине ұмытпаймын.
Ал, «апталықтың» мерейтойы құтты болсын, шығармашылық шабыт арта берсін!».