Менің құрдасым
Берекелі заманның баласы жаңа технологияға жаны құмар, жаңалыққа жақын келеді екен. Мұны сұхбаттасым Жандостан байқап отырмын. Бүгінгі ІТ технологиядан бастап, бизнесті дамытудың бағдар-бағытын бес саусақтай білген алғыр азамат ағып тұр. Шет ел асып та білім алған, тәжірибесін толықтырған табысы да толағай. Қысқасы, ақылы асқан, абыройы тасыған таңдаулының бірі.
Мен Жандос Оразмахановты бекер таңдаған жоқпын, ол «Ақмешіт апталығы» газетімен түйдей құрдас, жиырма алты жастағы жігіт. Кейіпкерім Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі, 2017 жылдан бері біршама шаруаны ширатып алған.
Бұл орталықтың мақсаты бизнес бастауды қалайтын, бірақ оған мүмкіндігі мен тәжірибесі жоқ студент пен магистранттардың оқу аясында инновациялық идеяларын дамытып, кәсіп ашуға көмек беру болып табылады. Сонымен қатар жұмыс орнын, жиһаз, компьютерлік және көшірме техникасын, интернет пен коммуникация, бухгалтерлік есеп жүргізу, қауіпсіздік, коммуналдық, консалтингтік, ақпараттық, білім беру және басқа да қызметтерді тегін көрсетуге ықпал жасайды. Соның нәтижесі орасан.
-Жандос Шынжырбайұлы, сіз информатика ғылымының магистрісіз. Бүгінгі бизнесте бұл бағыттағы бағдар қалай?
-Бизнес пен ғылым ажырамас сала. Біздің елімізде ғылымды дамытуға әлі де көзқарас кең емес. Қаржыландыру жағы да көңіл көншітпейді. Елеулі ғалымдардың Еуропа асып кетуі соның салдары. Жалпы, бизнесті өрістетуге ғылымның тигізер үлесі ересен. Өңдеу технологиясында, өндірісті өркендетуде ғылымсыз ештеңе жүзеге аспайды. Сондықтан дамыған елдердің деңгейіндегі қолдау қажет.
-Сіз газеттің құрдасысыз. Жалпы, газет оқисыз ба?
- Ұнаған газет-журналдың бағасына қарамаймын. Ең бастысы, өзіме керекті мәлімет болса, одан рухани қуат алсам жеткілікті. Қазір кеңестік жүйеде тәрбиеленген аға буын ағалар газетке көбірек көңіл бөледі. Негізгі оқырман да солар болуы мүмкін. Байқаймын, газет бетінде жақсы дүниелер жоқ емес, бар. Бірақ соны оқырман назарына дұрыс ұсына алмаймыз.
Жаһандану заманында Төртінші өнеркәсіптік революция ағымында бизнеске жетелейтін жолдың бірі – ол интернет, әлеуметтік желі. Инстаграм арқылы сапалы вайн ұсынып, көпшіліктің назарын аударудың да тиімділігі зор. Нарық заманында газет те тауар, өз өніміңізді жарнамалай аласыз, оқырман тартуды да жүзеге асыруға болады. Рас, жастардың көзқарасы, талғамы жоғары. Басылымға тарту үшін міндетті түрде әлеуметтік желінің мүмкіндігіне иек артқан абзал. Жалпы, он берекенің тоғызы саудаға тиесілі. Оның ешбір ұяттығы жоқ. Маркетинг, менеджмент әдісін пайдалану арқылы газет бизнесін жасау бүгінгі уақыт талабына айналды.
-Өмір өскелең жағдайда. Бәрі де автоматты басқару тетігіне байланысты. Бұл бүгінгі ұрпақты жалқаулыққа жетелеп кетпей ме?
-Біз шынында тоқпыз. Тоқ адам басын ауырта бермейді. Жапонияны алыңыз, жерасты байлығы жоқтың қасы. Осыны ұғып, ұрпақ жаңаша ойлауға, жаңалық ашуға ұмтылады. Соның септігі сол, Жапония өндірген тауардың сапасы жоғары, өтімділігі жақсы. Және әлемді жаулап алды.
-Сол үшін не істеу керек?
-Қай нәрсе болсын, бәрі өзімізге байланысты. Біреудің кінәлау, сыртынан ғайбаттау адами болмысқа жат қылық. Әркім өзіне баға беруге тиісті. Көзімізді келешекке қарай салу қажет. Елге не беремін, елге қызметті неден бастаймын деген мақсатты ұстанған жөн.
Жақында Алматыда классикалық киім сататын «Шоқан» сауда дүкенінен тауар алдым. Бағасы да тиімді, қызмет көрсету сапасы қуантты. Еуропадан бір мысқал кем емес. Біз осындай деңгейдегі сауда қызметін өрістетуіміз керек.
«Баланы жастан» демей ме, жалпы, оқушыға да жасы кіші бала деп емес, әлеуеті мен ерік-жігері мықты, креативті ойлай алатын жеке тұлға ретінде қараған жөн. Жақсы жолмен жетілген жеткіншектен болашақта Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск және Марк Цукерберг секілді бизнес серкелері, инноватор кәсіпкерлер шығады.
-Жандос, түрлі байқау ұйымдастырып жүрсін. Соның бірін атап жіберші...
-Облыстық жастар мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында 2019 жылдың екінші жартысынан бастап аймақта кәсіпкерлік сананы дамыту мен бизнес әлеуетті арттыру мақсатында жастарға арналған «Kyzylorda Business Hub» облыстық стартап жобалар байқауы ұйымдастырылуда.
Бұл байқауға 16 мен 29 жас аралығындағы облыс жастары қатыса алады. Жүзеге асыру кезеңіне 2019 жылдың тамыз-желтоқсан айлары кірді. Жобаның білім беру серіктестері: «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Nur Otan партиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болды. Ол бірнеше сатыдан тұрды. Ең бастысы, жауапкершілік пен ықыласты күшейтті. Ел кәсіпкерлері жалынды жастарды қолдап, оларға көмектесуге дайын екендіктерін жоба аясында көрсетті. Менторлық қызметті атқару арқылы жастармен өзінің бизнестегі білімі мен тәжірибесін бөлісті. Кәсіпкерлер қаражат жағынан көмектесті. Соны дамытып, бизнесті өрістеткен өрен артты. Біәр нәрсе анық, қайтарымсыз несие алған жастардың көпшілігі бизнесті орта жолдан қалдырып қояды. Себебі, ол жауапкершіліктен жалтаруға итермелейтін сияқты.
-Ал, енді газетке тілегіңіз...
-Оқырман көбейсін. Оның артуына біздің жастар қолдауға дайын. Жиырма алты жылдың жемісі тәтті болады деп үміттенемін. Олай дейтінім, мен де осы жасымда үйленіп, шаңырақ көтеріп отырмын.
Қаныбек ӘБДУОВ