Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қарлығашым келдің бе?

Қарлығашым келдің бе?

Үлкен шаңырақтан бөлек кетіп, жаңа қонысқа келген кезде үйімізге қарлығаш ұя салды. Алғашқы кезде мән бермесем де, бірте-бірте үйренісіп кеттім. Қарлығаш ұясына қарап қоямын. Оның азық тауып әкелгеніне назар аударамын. Қызық көріп тамашалаймын. Арада екі жыл өтті. Қасиетті құс ұясына оралмады. Жыл сайын мен де оларды күтемін. Қайта оралса, үйіме жақсылық әкелетін секілді.
 «Қарлығаш адам мен табиғат үндесіп, үйлесім орнаған жерде ғана ұя салады» дейді. Жарасым жоғалған жерде құс екеш құс та тұрақтамайды екен. Биыл кие тұтқан қасиетті құс ұясына қайта оралды. Мен оған балаша мәзбін.
Үлкендерден «олар тұрақтаған жерге береке кіреді» деген әңгімені бала кезден естуші едік. Одан бөлек, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты ертегісі арқылы адам баласын жанына жақын тұтатынын оқыдық. Киелі құстың қазақ үшін ерекшелігі басым. Бүгінде оның мейірімділігін, жанымызға жақын екендігін аңғарып келемін.
Кешке жұмыстан келісімен үйдің бұрышындағы қарлығашты іздеймін. Балапандарын бауырына басқан сол табиғат иесі маған күш-жігер беріп тұрғандай. Бір ауық дамыл таппайды. Шиқ-шиқ етіп балаларына тамақ тасып әуре. Қолайсыз даусы шықса, лезде жетіп келеді. Балапанына қауіп төнді деп ойласа керек-ті. Осы кезде «құс екеш құста  баласын қорғайды» деп тұңғиық ойға батасың.
Бүгінгі заманда адамдар қатыгез болып барады. Туған сәбиін көшеге тастаған тасжүрек әйелдер қаншама. Адамдардың бір-біріне пиғылы, ниеті өзгерді. Құстан байқаған мейірбандық пен жылылық адамзат баласының бойынан жоғалып бара жатқандығы еріксіз ойлантты.
 Күнде аңғаратыным, қос қарлығаш бір-бірімен тату өмір сүреді. Балапандарына екеуі де қамқорлық жасайды. Ұяның тазалығы аналық құстың міндеті. Ал аталығы күні бойы қорек тасиды.
Адамзаттың айнымас серігіне айналған құс туралы аңыз-әңгімелер көп айтылады. Мәселен, Еуропа ғалымдарының арасында қарлығаштың қадір-қасиетін халыққа алғаш рет ғылыми тұрғыда  көрнекті жаратылыстанушы ғалым А.Брэм түсіндірген. Ол алдымен қарлығаштың көрегендігіне назар аударды. Аспанда ұшып жүріп қанша қашықтықта болса да қорегін анық көретінін жазды. Ұшып бара жатып қияндағыны қағып түсетін алғырлығына сүйсінді. Қарлығаш күн жауарда, не бұлтты күндері жерге таяу әрі-бері ұшып шыбын-шіркейді үркітеді, олар көтеріле бергенде қағып түседі. Ғалымдардың айтуынша, қанатты құстардың көпшілігі өзіне қажетті затты  алыстан анық көре алады. Олардың көзі өте қырағы әрі жақсы жетілген.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде ауылға жау шауып бүкіл ел үдере қашады. Сол ауылда тұратын бабамыз Төле би ғана көшпей отырып қалады. Шапқыншылықпен келген жоңғар қолбасшысы, бәрі қашқанда «Бұл неге көшпей қалған, жөнін біліп келіңдер» деп әскерлерін жұмсапты. Сонда бабамыз: «Үйімді бұзсам босағадағы қарлығаш ұясы қоса бұзылады. Сондықтан орнымнан қозғалмадым» – деген екен. Сонда жоңғар қолбасшысы «Бұл әулие адам екен, мазаламаңдар»  – деп бұйырыпты деген сөз бар. Осы жағдайдан кейін Төле бабамызға «Қарлығаш би»  деген ат беріліпті дейді әңгімелерде. Осының бәрі қарлығаштың қасиетті екенін баян етеді.
Ескіден естіген мына әңгімеде санамызға жатталып қалыпты. Әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле-жала, қауіп-қатер, тіл-көзден қорғап жүреді. Адам баласының аңқаулығы сонда – ол өз құсын өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді. Тапса бақытты ғұмыр кешер еді.
Ал мен өз қарлығашымды тапқандаймын. Расында, олар маған үміт пен жігер беретін қос қанатыма айналды. Тіпті қасиетті құсты еншілеп алғандай күй кешемін. Бір сәт көрмесем елеңдейтін болдым. Табиғаттың тылсым сырлары әлі деп көп. Ең бастысы, адам мен қарлығаш арасындағы байланыстың құдыреттілігін сезіне білдім.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
25 сәуір 2020 ж. 777 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам