Күйеу жақын ба, әлде жезде жақын ба?

Бірақ, бір мәселе ашық айтылмайды. Қазақы дәстүрде апасы мезгілсіз мерт болғанда төркін жағы жиендерді жетімдікке қимай балдызды жездесіне қосқан. Себебі балаларға өгей көзқараспен қарамау тек жанашырдың жанына ғана тән. Демек, балдызға жезде жақын. Әрине, ол салт қазір жоқ есебінде. Және де әке-шешенің мықтылығына байланысты. Дейтұрғанмен балдызды бауырына басып, әзіл жарастырып, ашық пікірлесу әлі қойылмаған.
Ал, күйеу ше? Туасы, Пайғамбар сыйлаған қадірін сабақтаудан басқа ештеңе білмейміз. Сыбағасына төс тартылатынын да түсінеміз. Өйткені майлы төс сыйлаудың сырын сездіреді. Мұнан өзге не бар? Күйеуді дұшпан дейді. Неге? Қас қылатындай қырып тастаған ештеңесі жоқ емес пе?
Өтірік дей алмаймыз, өзімізден де бар. Ата-ененің қай-қайсысы да қызымның үйіне барып келдік дейді. Үй күйеу баланыкі болса да қыздыкі деуден танбаймыз. Осыдан-ақ шеттету шиыршық атады.
Соңғы кездері жиенді немереге жатқызып алу әдетке айналды. Бұл дұрыс емес. Жиен жиендігімен қалу керек. Жалпы нағашы мен жиеннің арасында қандай алшақтық жатыр. Нағашыны үзілген жерді жалғайтын, үнемі бүйрегі бұрып тұратын туыс дейміз. Ал, жиенді ел болмасқа, желкені ас болмасқа телу дағдылы. Сонда да байлы болса жиендікі жөн саналады. Демек, ағайындық ауытқу байқалады. Қарап отырсақ бәріміз де қарға тамырлы қазақпыз ғой. Мәселен менің нағашым басқа біреудің жиені. Осыдан шығатын ой – ол біреуге жақсы, біреуге ұнамсыз дегенге саяды. Ендеше, біржақты баға беру әділдікке жатпайтынын көрсетті. Себебі, кемшіліксіз адам болмайды. Ал, адалдық Аллаға ғана тән қасиет. Қазекемнің данышпандығы сол – таразының екі басын теңестірмеуге тырысқан. Өйткені біреуден ілгері, біреуден кеш дегендей ел қатарлы жүруді мақсат тұтқан секілді.
Жеңге мен қайнының жарасымдығы қандай ғажап. Мырзаш деп маңдайынан сипап, мерейін марқайтып қоятын жеңгелер де жетерлік. Сондай-ақ, салқын сезім танытып, аралықты алшақ ұстайтындар да бар. Бұлар көбінше үйдің тұңғышы, яғни жеңгелердің қолынан шықпағаны білінеді. Ұлттық педагогикада есеюге тәрбиелеуге, жар таңдауға, отбасы берекесін ойластыруға жеңгенің қызметі орасан. Алайда, бүгінгі кезде бұның белгісін көрмей келеміз. Себебі жеңгелер өз жолын, жөнін білмейді. Біздегі әлеуметтік құлдыраудың бір ұшы осында жатқан сыңайлы. Жаңа өмірдің босағасын аттаған жас жұбайлардың жиі ажырасуы – болашаққа дайынсыздығы, теңін дұрыс таппауы деуге тұрарлық. Тіпті қыздардың оң жақта отырып қалуы да соған сәйкес.
Жалпы, қазақ боп туған соң оның салт-дәстүрінен ешкім аттап өтуі мүмкін емес. Бірлігі жарасып, берекелі күй кешу үшін мұның ықпалы да зор. Келіндеріміздің орамал тартып, иіліп сәлем беруінің өзінен ұлағат нұры шашылатынын сезсек, салт сақталғаны жөн. Мұнан тәрбие де, сыйластық та, татулық та табылады.
Қ.Құрбан.