Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әлеуметтік ахуал қалай?

Әлеуметтік ахуал қалай?

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  төтенше жағдай режиміне байланысты кезекті мәлімдеме жариялады. Президент кәсіпкерлерге қолдау білдіру, халықтың әлеуметтік ахуалын оңалту, жұмыспен қамту төңірегінде бірқатар мәселенің шешім табатынын жеткізген болатын. Осы орайда, облыс орталығындағы «Бақытты отбасы» орталығына бас сұғып, қаладағы жұмыспен қамту жоспары мен мемлекеттік бағдаламаны жүзеге асыру жай-жапсарын білген едік. Сала мамандары атаулы әлеуметтік көмектің әлеуеті, қысқа мерзімді оқыту, Enbek.kz сайтының алгоритмі секілді тақырыпта толымды ақпарат берді.
Қазіргі таңда әлеуметтік сала мамандарына артылған жүктің салмағы ауыр. Оларға өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың нақты табысын ұлғайту және сүйемелдеу міндеті жүктелген. Аталған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту, еңбек қабілеттілігін шыңдау, нақты ақпарат беру секілді қадам да басты назарда. Бүгінде бұл міндетті қаладағы «Бақытты отбасы» орталығы атқарылып келеді. Азаматтарға бір орталықтан керекті қызметтерді көрсету мақсатында мекемеге Денсаулық сақтау, Білім басқармалары, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы және «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ секілді ұйым өкілдерін шоғырландыру жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік көмектегі алты өзгеріс
Әлеуметтік көмекке қатысты көпшілік көкейінде сауал көп. Ең маңыздысы – биылғы өзерістер жайы. Тұрғындар әлеуметтік көмек талаптарының өзгеріске ұшырағанын білгенімен, нақты қай салада жүргізілетінінен бейхабар еді. Сондықтан, бұл өзгерістің неліктен қабылданғанын және қандай жағдайда жүзеге асатын тарқатайық. Жалпы көрсеткішке назар аударсақ, кәмелет жасқа толмаған 4  және одан да көп баласы бар отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен табысы ең төменгі шектен төмен отбасылар үшін көмек тағайындау жұмыстары бұрынғы қарқында жүргізілуде. Тіпті, жыл басынан бері аталған көмек қаладағы 3 600-ден астам отбасыға берілген. Ендеше, әлеуметтік көмекте орын алған өзгерістің нендей маңызы бар? Жұртшылықты толғандырған «АӘК қалай тағайындалады?», «2020 жылғы өзгерістер қандай?» деген сауалға Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» КМ-нің директоры Ернұр Биқожаев былай деп жауап берді:
–Биылдан бастап заңға өзгерістер мен толықтырулар енгені рас. Соның бірі АӘК тағайындау үшін табыстың ең төменгі критерийі әр аймақтың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті көлемінде болады. Яғни, Қызылорда облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 276 теңге болса, осы көрсеткіштің 70 пайызы – 19 793 теңге болып белгіленеді. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап АӘК 2 түрге бөлініп, шартты және шартсыз ақшалай көмек болып төленуде. Оған сәйкес, шартсыз ақшалай көмек алу үшін құрамында жұмысқа қабілетті мүшелері жоқ отбасылар үміткер бола алса, шартты ақшалай көмек алу үшін құрамында жұмысқа қабілетті мүшелері тұрақты жұмысқа немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан болу шарт, – деді.
  Сонымен қатар, мекеме басшысы өткен жылмен салыстырғанда АӘК-ке енген алты өзерісті де атап өтті. Аталған өзгерістің алғашқысы – халық арасында сыни пікір нысанына айналған 21 мың теңге. Өзгеріс нәтижесінде, өткен жылы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына барлығына бірдей 21 мың теңгеден төленсе, биылдан бастап жан басына шаққандағы орташа табыс пен облыста бекітілген АӘК критерийі арасындағы айырма түрінде төленетін болады. Бұл дегеніміз, бұрынғы «21 мың теңге» ұғымының жойылғанын білдіреді.
Сондай-ақ, көмек алушы отбасыларға кәмелет жасқа толмаған, мектеп жасындағы балалары үшін әлеуметтік пакет қарастырылатын болады. Оған сәкес, кепілдендірілген әлеуметтік пакет құрамына 1-6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік, тұрмыстық химия заттары қамтамасыз етілген болса, 6-18 жас аралығындағы балаларға бір жылдық мектеп құралдарының жиынтығы және оқу орнынан күнделікті ыстық тамақ пен қалаішілік қоғамдық көлікте жүру жолақысын өтеу қарастырылған. Осылайша, көмекке зәру жандарға нақты көмек беретін мүмкіндік туды.
  Тағы бір маңызды өзгеріске жалған ажырасу фактілерін болдырмау және еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуын міндеттеу де енгізілді. Демек, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады. Оған қоса, ажырасқан отбасында жұбайлардың бірінен алимент өндірілмесе, олардың ажырасу жағдайына қарамастан жұбайының табысы отбасының жиынтық табысына ескерілетін болады. Яғни, алаяқтық пен мемлекетке масылдық секілді кемшіліктер жойылады деген сөз. Сала мамандарының сөзінше, мұндай қадам жалған ажырасу жағдайларын азайтып, нақты мұқтаж жандарға ғана көмек көрсетуді жеңілдетеді.
  Сонымен қатар, бала күтімін жүзеге асыратын аналар үшін ең кіші баланың жасын 3 жасқа дейін қысқарту, көмекті тағайындау мерзімін 1 тоқсанға ғана бекіту, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасының тұрмыстық жағдайына зерттеу жүргізетін учаскелік комиссияның құзыретін қеңейту секілді өзгерістер енгізілген. Мұндай жүйелі түрде қолға алынған әдістер әлеуметтік көмек әлеуетін арттырары анық

Қысқа мерзімді оқыту
Ел арасындағы ең жемісті бағдарламаның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Қазіргі таңда республика бойынша аталған бастаманың игілігін көріп, кәсіптен нәсіп айырған азаматтар мыңдап саналады. Өткен жылдың өзінде қаладағы 803 азамат бағдарлама бойынша визажист, шаштараз, кондитер, маникюр-педикюр шебері секілді қысқа мерзімді қайта даярлау оқу курсын тәмамдап, тұрақты жұмысқа орналасқан. Оған қоса, 340 азамат мемлекеттік грант иеленіп, кәсіп бастауға мүмкіндік алды. Мұндай жылдам да пайдалы бастамаға қатысуға ниет білдіруші саны жыл санап артып келеді. Биылдың өзінде оқуға қатысуға өтініш білдіргендер саны 2500-ден асса, «Бастау бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздерін оқытуға тіркелгендер саны да артқан.
Тұрғындардың оқуға құмартуының сыры да белгілі. Оқу курсын аяқтаған азаматқа бизнес-идеяларды іске бойынша мемлекеттік грант пен несие беру қарастырылған. Тіпті, бастапқы бизнесті іске асырып жатқан немесе жоспарлаған азаматтарға берілетін грант мөлшері 200 АЕК құрайды. Бұл қаражатқа қатысушылар қажетті инвентарь, еңбек құралын, технологиялық жабдықты сатып алуға жұмсайды деп жоспарланған. Нәтижесі де жоқ емес. 2020 жылы аталған грантқа 105 азамат қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға септескен. Бұл – кәсіптің көзін тауып, табысқа жетемін деген талапкерге үлкен олжа.

Enbek.kz – жұмыс
Халықты жұмыспен қамту алгоритмі жыл санап өзгеруде. Жаңа технологиялық артықшылықтар жеңіл әдістер пен оңтайлы шешімдерге жол ашып келеді. Осындай тиімді әдістің бірі Enbek.kz сайтының қолжетімділігі десек артық емес. Арнайы сайттың қажетті қызметті жылдам табу міндетінен өзге, жұмысқа орналасу кезінде жиі туындайтын жұмыс тәжірибесі, жалақы мөлшері және атқаратын лауазымына сәйкестігі секілді келіспеушілікті болдырмауға пайдасы мол. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс іздеуші азаматтарға мекеме жағаламай, электронды еңбек биржасы арқылы үйде отырып жұмыс іздеу мүмкіндігін пайдалануды ұсынады.
–Қазіргі таңда жұмыс беруші тарапынан барлық сұраныс Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы жүргізіледі. Мұнда әрбір азамат мамандығына сәйкес жұмысты, жалақы мөлшерін толық көруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жұмыс іздеуші есебінде тіркеліп, түйіндеме мен өзіңіз туралы ақпаратты сайтқа орналастыруға болады.  Сайтқа қажетті аймақты, саланы таңдау, деректерді өңдеу секілді пайдалы функциялар қарастырылған, – деді Ернұр Биқожаев.
P.S. Әлемдік ахуалдың ушыққан шағында жұмыссыздық пен әлеуметтік көмек мәселесі алғашқы орынға шығары белгілі. Өзара тәуелді қос саланың жай-күйі келешек экономикалық қадамның бағдарына да айналып, ерекше бақылауды қажет етуде. Сол себепті, дүрбелең шақта еңбек нарығы мен әлеуметтік көмек әлеуетін жетілдірген ел ғана қиын күнді шығынсыз еңсеріп, зиянсыз өткері анық.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
28 сәуір 2020 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 084 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам