Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бірлігі бекем ел – бақытты ел. Біз бақыттымыз!

Бірлігі бекем ел – бақытты ел. Біз бақыттымыз!

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских:
Бірлігі бекем ел – бақытты ел. Біз бақыттымыз!

Мамырдың алғашқы күні мерекемен басталады. Өзгеше мереке.  Қазақ елінің шаңырағын биіктеткен, мерейін асырған да осы ел бірлігі мен тұтастығы. Ұлан-байтақ қазақ жерінде қоныстанған ұлт пен ұлысқа заң ортақ. Ешкімді ұлтына, нәсіліне қарай кемсітуге жол жоқ. Қиын-қыстау кездерде талайға пана болған қазақ елі бүгінде қаншама ұлт пен ұлыстың берекелі бейбіт өмір сүруіне жайлы мекен.
Мереке қарсаңында қазақ тілінің мәртебесі үшін шырылдайтын, өзі айтқандай, ұлты орыс болса да тілі қазақша шыққан Мәжіліс депутаты, Сыр перзенті Геннадий Шиповскихпен сұхбаттастық.
– 1 мамыр мерекесі сізге қалай әсер етеді? Кімді құттықтайсыз?
–  Бұл мереке әрбіріміз үшін маңызды. Бірлік мерекесі біздің еліміз үшін, Қазақстан халқы үшін ерекше мейрам деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігіміз, бағындырған белестің барлығы бірліктің арқасы. Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді. Бірлік бар елде береке бар. Бұл күні ең әуелі ата-анамды құттықтаймын. «Отан – отбасынан басталады» демекші, әрбір азаматтың қалыптасуы, елге құрметі отбасындағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны белгілі.
– Бірлік, ынтымақ деген ұғымның мемлекет үшін маңызын қалай насихаттар едіңіз?
– Қандай ел болсын, бірлік, ынтымақ ұғымы құнды. Әрине, біздің елімізде бірлікті насихаттау БАҚ арқылы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл жұмысты белсенді атқаруда. Шынында ел бірлігінің бәрінен маңызды екенін әрбір азамат ұғынып, насихаттауы тиіс. Айналаңа жылы лебіз айту, бауырмал болу, жақындарыңнан жылы сөзді аямау арқылы біз күн сайын бірлікті насихаттайтынымызды өзіміз байқамауымыз мүмкін. Сондықтан адам бойындағы осындай ізгі қасиеттер бірлігіміздің бекем болуына үлесін тигізеді.
– Ең алғаш қазақ тілінде үйренген сөзіңіз?
– Кіндік қаным тамған жер – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кенті. Қазақ тілді балабақшаға бардым. Ең қызығы, менің тілім қазақша шыққан. Содан кейін орыс тілін әрең үйрендім.
– Досыңыз қай ұлттан көп?
– Менің достарым әртүрлі ұлттардан. Достық ұлтқа бөлінбейді екен. Тіпті, кімнің ұлты қандай екенін кейде ұмытып қалып жатамыз. Тіпті, бір ерекшелігі, айырмашылығы да сезілмейді екен. Достықтың қасиеті де осында болса керек.  Бұл көпұлтты, кең байтақ еліміздің әсері де болар.
– Ең жиі айтатын мақалыңыз...
– Әкем Мұраттың берген тәлім-тәрбиесі өмір жолыма үлкен азық. Қазақ қашан да қонақжай, бауырмал халық қой. Содан да болар әкем «Я азанды бол, я қазандыбол» дегенді жиі айтатын. Азанды бол дегені иманға бай бол дегені, қазанды бол дегені қонақжай бол дегені ғой. Есейіп, азамат болған соң  әке өсиетінің мәнін ұғына түседі екенсің. Әкемнің жиі айтатын осы мақалы санамда жатталып қалған.
– Қазақ тілінде еркін сөйлейтін депутат кей министрлерді қазақша сөйлете алмай жүр. Бұл – сырт көздің сіз туралы пікірі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қандай мәселе көтеріп жүрсіз?
– Қазақ тілінде сөйлеуді трендке айналдыру керек. Мен осы мәселені үлкен алаңдарда көтеріп те жүрмін. Трендке қалай айналдырамыз? Бұл – жаңа технологиялар ғасыры. Біз бұл мүміндікті де қазақ тілін меңгеруге, үйретуге, насихаттауға пайдалана білуіміз керек. Қазақ тілін жаңа деңгейге көтеру үшін сапалы контент қажет. Интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, вайн арқылы болсын, өлең арқылы болсын, ең бастысы жастарды қызықтыратын трендтерді тиімді пайдалансақ, өзге ұлттардың да қазақ тілін үйренуге қызықтырар едік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мәселесін жан-жақты қарау керек. Мен әрдайым сапалы контент арқылы қазақ тілін кеңінен насихаттауды айтып келемін.
– Қандай кітап оқып жүрсіз?
– Соңғы кездері кітапқа көбірек ден қойдым. Өзм түрлі жанрларда кітап оқығанды ұнатамын. Мистикалық, ғылыми-фантастикалық, криптологиялық жанр, тарихи кітаптар оқимын. Сондай-ақ әлемдік классикаға қадам басудамын. Брэм Стоккердің «Дракуласын», Оскар Уайльдтің «Портрет Дориана Грея» шығармасын оқып шықтым. Сондай-ақ  өзім саясатта жүрген соң саяси кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бүгінде Сэмюэль Хантингтоннның «Столкновение цивилизаций» шығармасына  тапсырыс беріп, оқуды жоспарлап қойдым.
– Карантин уақытын қандай пайдалы іске арнадыңыз?
– Төтенше жағдай болған күнде де Парламент өзінің жұмысын тоқтатпайды. Заң жобаларымен жұмыс жасаудамыз. Негізі уақытты босқа өткізбеу керек. Әрбір адам карантин уақытында үйде отырып қалса, уақытты пайдалы іске, үйренуге жұмсауы керек. Жұмыстан кейінгі уақытты кітап, ғылыми мақалалар оқуға, тіл үйренуге арнаймын.
– Бейбітшілік пен келісім формуласы: сіздің анықтамаңыз?
– Бұл өте кең ұғым. Еліміздің тұрақтылығы мен бірлігі. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің бір-бірімен, қазақ халқымен бірлесе, бір шаңырақ астында бейбітшілікті сақтап өмір сүруі. 1995 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Ассамблея сол уақыттан бері бейбітшілік пен келісім формуласын жүзеге асырып келеді.
Сіздің ұғымыңызда бақытты ел –қандай ел?
– Қазақта әдемі теңеу бар: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген. Аллаға мың да бір шүкір, Қазақстан әлем бойынша қауіпсіз, аспаны ашық мемлекет. Айналамыздағы  кейбір елдерде орын алып жатқан оқиғаларды естігенде, жаңалық оқығанда түрлі қақтығыстардың орын алып жатқанын оқығанда денеміз түршігеді. Тағы да шүкіршілік етемін, тәуелсіз ел болғалы қаншама қиындықтар болды, ең бастысы бірлігіміз бекем. Бұл – біздің бақытымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, отбасымыз дін аман. Меніңше, бірлігі мықты ел – бақытты ел.
– Мерекелік лебізіңіз...
– Бірлік мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын. Елімізде әрдайым бейбітшілік, тыныштық болсын! Коронавирус індетін жеңіп, бақытты күндерде ғұмыр кешуді барлығымызға нәсіп етсін. Әрине, биылғы мерекені үйде отырып қарсы аламыз. Өкінішке орай, көктемнің шуақты күндері көз алдымызда өтуде. Біз бірнәрсені ұмытпауымыз керек,  бұл уақыт құрбандығы – болашағымыз үшін, амандығымыз үшін. Керемет мерекені әрбір отбасы үйінде, отбасымен қарсы алады деп ойлаймын. «Күн жаманы кетер» деген. Бұл күн де бір кездері жай еске түсіретін, шүкіршілік ететін күнтізбе парағында қалар. Дәл қазір біз үшін тиімдісі – үйде отырып, отбасымен бірге мерекені қарсы алу, бейбіт күнге шүкіршілік ету.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
01 мамыр 2020 ж. 683 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам