Covid-19: Соңғы тәулікте 6 дерек тіркелді
Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 204-ке жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
« Соңғы тәулікте жаңадан 6 жағдай анықталды. Оның үшеуі – Көпбейінді қалалық аурухананың қызметкері. Олардан скринингтік тексеру барысында белгілі болды. Ал, қалған үшеуі - Атырау облысынан вахталық әдіспен жұмыс жасап келген қызметкердің арасынан анықталды. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы бірқалыпты , емдерін хаттамаға сәйкес алуда», – деді Жақсылық Әбілқасымұлы.
Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған– 2966 азамат анықталды. Оның ішінде, 1577-і жақын қарым-қатынаста, 1389-ы жанама байланыста болған.
Өз сөзінде бас дәрігер карантин ережелерінің жеңілдетілуі мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру үшін емес, күнделікті қажеттілікті өтеу және экономиканың кейбір салаларының жұмысының алға ілгерілеуі екенін айтты.
Құрметті облыс тұрғындары, денсаулықтарыңызды күтіп, сақ болыңыздар.