ӨМІРГЕ ҒАШЫҚПЫН...
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде халықаралық мүгедектер күніне орай «Өмірге ғашықпын» атты мерекелік концерт өтті. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.
– Қазаққа қажетті табиғи болмысты сақтай білу, басты қасиетіміз қамқорлық, кеңпейілділіктен айырылмау – біздің басты парызымыз. 2015 жылы еліміз Біріккен Ұлттар ұйымының мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы конвенциясын ратификациялап, өзіне осы бағытта тиісті міндеттемелерді алды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық – мемлекет алдындағы ең басты міндет. Ағымдағы жылдың сәуір айында облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жобасын бекітті. Жоба аясында оңалту бағдарламаларының орындалуына тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді облыстық мәслихат хатшысы.
Мүгедектерге арналған мемлекеттік бағдарламалар, жұмыс квоталары, оңалту шаралары және басқа да мемлекеттік көмектер туралы қажетті мәліметтерді қамтитын дербес және қолжетімді «Кедергісіз келешек» жұмысы басталды. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту, денсаулығын жіті назарда ұстау аса маңызды. Сондай-ақ, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап ерекше қабілеттілігі бар балаларды иппотерапиямен оңалту шаралары жүргізіле бастады. Сонымен қатар, барлық мүгедек жандар үшін аудандар мен Қызылорда қаласында 18 әлеуметтік орындар қызмет көрсетуде.
Бүгінде облыста 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың барлығына тиісінше көмек көрсетіліп келеді. Жеке оңалту бағдарламаларының орындалуына облыстық бюджеттен үстіміздегі жылы 415 млн. теңге бөлінген. Нәтижесінде оңалту бағдарламасы даярланып, бұл бағыттағы іс-шаралар сәтті орындалған.
«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген бар. Жүректі ізгілендіру, нұрландыру арқылы адам жанына жылулық сыйлауды арқау еткен шарада игілікті істердің бастаушысы болып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Биыл төртінші мәрте өтіп жатқан дәстүрлі шарада қиындыққа қарсы тұра білген жандар түрлі жанрда ән айтып, би биледі.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.