Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жаңа қоныс, жайлы баспана

Жаңа қоныс, жайлы баспана

    Гүлзат Спанованың отбасында бүгін ерекше қуаныш, ерекше той. Себебі, көпбалалы анаға қаланың сол жағалауынан жаңа баспана берілді. Ананың қуанышына ортақтасып, біз де жаңа үйдің табалдырығынан аттадық. Алдымыздан көздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндер жүгіріп шықты. Өз үйіне қолы жетіп, асыр салып ойнап жүргендері анық. Жарқын күлкілері балалықтың бал дәмін сездіргендей.
      Баспанаға қолы жеткен Гүлзат үйлі болсам деген арманының орындалғанына сене алар емес. Көз жасына ерік берді.
     – Ерекше қуанып тұрмын. Балаларымның несібесі деп білемін. Жалпы, отбасымның тұрмыс жағдайымен әкімдік қызметкерлері таныс. Баспанаға мұқтаж екенімізді де біледі. Үй береміз деп хабарласқанда ерекше күйге бөлендік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш болды. 11 жыл бойы кезекте тұрып, бүгін қоныс тойымызды тойлаудамыз. Отбасымызда төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Пәтер өзімізге жайлы, 1 қабаттан берілген. Үш бөлмелі. Бөлмелері ыңғайлы. Есік алдында ойын алаңы да бар. Мұқтаждығымызға түсіністікпен қарап, көмек қолын созған жергілікті атқарушы органдарға айтар ризашылығымыз шексіз, Енді алаңсыз еңбек етіп, балаларымызды көз алдымызда өсіріп, жеткізетін боламыз. «Өз үйім – өлең төсегім» деген осы емес пе?, – деп ағынан жарылды ол.
     Расында, өз үйің, өз қонысың болғанға не жетсін. Қазіргі таңда баспаналы болу – көпшіліктің басты арманы. Дегенмен, тұрғындарды сол арманға жеткізу үшін облыс орталығында ауқымды шаралар жүзеге асуда. Тұрғын үй кезегінде тұрған жандар бүгінде аз уақытта жаңа қонысқа қол жеткізуде.
     Мемлекеттік рәміздер күнінде 180 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 4 жаңа тұрғын үй «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларға берілді. Оларға пәтәр кілтін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова табыстады.
     – Тәуелсіз еліміздің елдігін, мемлекетіміздің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтарымыз Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде сіздердің қуаныштарыңызды бөліскелі тұрмыз. Соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс бойынша тұрғын үйлердің құрылысына 45,4 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 398 мың шаршы метрді құрайтын 141 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Демек, соңғы 3 жылда 5 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. 20 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етілді. Биылдың өзінде өңірімізде 1 186 пәтерді құрайтын 81 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгін міне, сол жағалауда жаңа тұрғын үйді пайдалануға берудеміз. Қоныстарыңыз құтты болсын, – деді аймақ басшысы Г.Әбдіқалықова.
     Мереке қарсаңында тамаша тартуға ие болған көп балалы аналардың қуанышы шексіз. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризашылығын жеткізіп, облыс басшылығына алғыс білдірді.
    Қала тұрғыны Алмагүл Өтепова 12 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған. Баспана мұқтаждығын көрген ол бүгін өз үйінің табалдырығын аттамақ.
   – Пәтер кілтін алып, ерекше әсерде тұрмын. Отбасымызбен айрықша қуанышқа бөленудеміз. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтқым келеді. Аймақ басшыларына ризашылығымды жеткіземін. Қуанышты күндеріміз көп болсын, – дейді «Алтын алқа» иегері А.Өтепова.
     Баспана – қиын мәселе. Басында басыбайлы үйі жоқ, пәтер жалдап тұратын жандардың ішкі сезімін ешкім сезіне алмас. Бүгінде бұл күрделі мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соңғы жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Бүгінгі көрініс те соның айқын дәлелі.

Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
06 маусым 2020 ж. 520 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 593 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам