Сексенінде сексеуіл еккен ғалым теңіз табанында тебіренетін
"Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" деген қанатты сөз бекерге айтылмапты. Хакім Абай осы бір даналықты "Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын соңына сөз қалдырған" деп, өлеңмен өрнектеді емес пе. Тірлігінде атаның емес, адамның баласы болуды ар тұтқан менің Айжігіт көкем бұл қағиданы қаперге алып, білімге ілім жалғап, ғылымға соныдан соқа салды. Білімін жетілдіріп, ғылымға ыждағатпен кіріскен көкем мұның даңғыл жол емес, ойлы қырлы, қызығы мен шыжығы аралас, бойлаған сайын тереңдей түсер тұңғиық екеніне көз жеткізгендей.
Замандас әріптес-шәкірттері ғалым Айжігіт Нұрғызариновтың ғылымға сіңірген еңбегіне тоқталып, талдап, тарқата айтар, біздікі ауыл-елге сыйлы, көзіміз көріп, кісілігін ұққан көкеміздің кіндік кескен жұрты мен өскен ортасына, кісілік келбеті мен бауырмалдығына бір тоқталып өту. Қасиетін қатарластары қадірлеген, біліктілігін ғылыми орта жоғары бағалаған, деңгейі биік дәрісін шәкірттері ынтамен ұққан, ағайын-тумаға майдай жаққан ардақты кісі -- көкеміз 90 жасқа таяған тұста келместің кемесімен кете барды. Пендеміз ғой, мерейлі мерекесінде көкеміздің күлімдеп ортамызда отырмағанына опынамыз-дағы. Тағдырдың жазғаны сол. Медет етері, ел жұртына сіңірген еңбегі, ғылымға қалдырған мол мұрасы, қазақы қалпы мен адамгершілік асыл қасиеті.
Кішіпейіл көкеміздің мейірленіп маңдайымыздан сипайтыны есімізден кетер емес. Жүрегі жұмсақ кісінің аялы алақанның жылуын қалай ұмытарсың. Менің әкем Айсауыт -- Айжігіт көкенің інісі. Әже тәрбиесінде өскен көп балалы отбасынан шыққан жандармыз. Үйдің үлкені менің атымды Арғын деп көкем қойған көрінеді. Жаппас деген тетелес інім болды. Соған қарағанда, Әлім аталығынан тарайтын көкеміз ағалы-інілі екеуміздің есімімізді Арғын, Жаппастан шыққан сыйлас жора-жолдастарының құрметіне қойғанға ұқсайды. Бала күні есімімнің сырынан естігенім осы. Қазақтың біртұтастығын қалаған азамат осындай ынтымақшыл әрі көпшіл болса керек.
"Адам -- ісімен көрікті", айтпағымыз көкеміздің ізгілігі талай жүректің түкпірінде жатталғаны, ел игілігі жолындағы ғылыми ізденісі мұрағатта хатталғаны. Өндіріске еніп, ауылшаруашылығында іске асқан ғылыми жаңалықтары қаншама. Сыр маржаны саналар дәнді дақыл -- күріштің өңірге бейім, талай төзімді жаңа сорттары Ай-көкемнің табандылығымен, маңдай терімен дүниеге келгені мәлім. Осының бәрі тынымсыз ізденіс пен тиянақты тәжірибенің арқасы-тын. "Ұстазы мықтының ұстанымы мықты", Ай-көкемізден тәлім алған талай шәкірті егемен елдің сан тарабында еселі еңбек етуде. Солардың қай-қайсысы да алдымен еңбекторы ұстазының еңбекқорлығын айтары анық. Демек, шәкірттері ұстазын мақтамай, ұстазымен мақтанады екен. Сондай талапкер шәкірт-әріптесінің бірі ұстазын ұлағаттап, естелік-кітап шығаруды қолға алыпты, сәтімен болсын дейік.
1930 жылы Арал теңізінің алыс бір қойнауындағы Тоқпан атты аядай ауылда өмірге келген Айжігіт көке осындағы төртжылдық мектепті түгесіп, көршілес Қасқақұландағы онжылдыққа ойысқан. Бұл іргелі елдімекен оннан астам балық колхозы мен балық аулау учаскесін біріктірген, МРС, ТРС пен ПТС мекемелері орныққан Қуаңдария балық аулау базасының орталығы болатын. Бүгінде теңізі қайтып, қайраңдаған қайықтай бұл ауылдың орнын құмшағылда сап түзеген сексеуілдер сақтап тұр. Осынау оазистегі құм көшкініне бет бақтырмайтын діңі мықты бұтақты өсімдіктің діңгекті тал-теректей бойжетуіне менің көкемнің қосқан үлесі қомақты.
Әріден тартсақ, Нұрғызары атам үш ағайынды болыпты. Атамның үлкен ағасы Жұбатырдан Айдай атты қыз қалса, екінші ағасы Баймаханнан Байжігіт деген ұл ұрпағын жалғады. Нұрғызары мен Иба әжеміздің ақ некесінен Айжігіт, Айғант, Айсауыт, Айғаным мен Нұржігіт өрбіген. "Қайран біздің аналар арды ойлаған" дегендей, әжеміз Иба Смайылқызы соғыстан қайтпаған күйеуінің жоқтығын білдірмей, үш ұл мен қос қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қақты, ұлды ержеткізді, қызды бойжеткізді. Нұрғызарының үлкен ұлы Айжігіт көкеміз бен Айған әжемізден Марина, Зағира мен Жанна есімді үш қыз өсіп-өніп, өрістеді.
Еңбекке ерте баулынған бейнеткеш бозбала Қасқақұланға қоныс аударғанда теңіздің майланар тұсы -- "Азауға" талай барып, ау салып, жылым тартқан балықшылардың жанкешті тірлігін өз көзімен көрген, қолғасын тигізген. Жастайынан үй шаруасының қамтын мойнына іліп, "Кеңқамыс" пен "Жыңғылтүпке" жол тартып, қамыс орды. Қасқақұланнан жаяу-жалпылап "Жыңғылтүпке" жетіп, одан Қазалының "Майдакөлінде" тұратын туыстарына барғаны есінде. Кіндік қаны тамған "Тоқпаны" да осы тұста. Бүйрегі бұрып тұратыны сондықтан. Сонда жиырма-жиырма бес шақырым жаяу-жалпы жүру бұйым болмағаны ғой. Қайран жастық!
Агроном болуды көксеген көкемізді әу бастан-ақ өсімдіктер дүниесі қызықтырғандай. Айналасын көпірішіген көк теңіз айқара құшағына алып жатса да, бұл аумақта шөл далаға тән шөптесін, құмдауыттың бұталы, жапырақты өсімдігі, сортаңға тән сораң жыртылып-айырылатын. Сол Қасқақұланның "Ақтүбегі" мен "Қаратүбегінен" "Кішітау" жаққа шыға бере жолдағы тақырдан ерте көктемде қаракеней теретін. Көктем туа жұпар исі аңқып қоя беретін боз даланың жусанын айтсайшы. Маусымда құмсағыз бен ішексағыз қазып, қарқ болса, шілденің шіліңгірінде майсағыз теру бала шақтың бір қызығы. Сағыз шайнаған жеткіншектің маржандай тізілген аппақ тістері жарқырап тұрар еді. Осындайда "Балалық еске түскенде, Бақтырмай қайтіп жазылдым" деп тербеген аралдық айтулы ақын Зейнолла Шүкіровтың өлең жолы еріксіз еске түседі.
Арал маңы қу медиен дала емес. Тойып жегенде "кекіртетіні" болмаса, Кішітаудың қышқыл ханшиесі керемет дәмді-тін. Бал татитын мойылдай қарамығы қандай десеңші. Ай-көкем бәрінен бұрын көсік тергенді ұнатқан көрінеді. Анығы, оны термейді, қазады. Ақшыл түсті шөлейттің тамыржемісті өсімдігі сәбізге келіңкірегенімен, дәмі тіл үйіреді. Тәтті түбірге қол жеткізу үшін кейде балалар құмдауытты шынтақ бойы қазатын.
Көкеміз бала кезден ақшулан толқынды теңіз қоршаған маңдағы жыңғыл мен барқынға, әсіресе сексеуілге қатты қызығыпты. Бұталы өсімдіктер сусымалы құмды тұқыртып тұрғандай әсер алатын. Сексеуіл құм-теңіздің тірегі іспетті. Бір қызығы, сексеуілді балталасаң, бірден сына қоймайды. Ал сексеуілді сексеуілмен ұрсаң, морт сынар. Құйын ұйытқып, құмшағыл қым-қиғаш болса да, тамырын тереңге салған сексеуілден асып кетпейтін. Содан да болар, қатты да қызуы мол сексеуіл өсіру дағдыға айналған. Табиғат тепе-теңдігі бұзылып, дағдарып қалған даласының тынысын реттеу үшін. Көкем сан мәрте ғылыми-зерттеу экспедиция құрамымен келіп, Арал маңы флорасын зерттеп, зерделеді. Мұндайда ретіне қарай қара шаңыраққа соғып, шешесіне, яки біздің әжемізге сәлем беріп кіріп-шығатыны бар. Көкемізді көріп, қауқылдасып, біз де мәз боп қаламыз.
Оның бала кезі, бозбала шағы теңіздің тебіреніп, шалқып тұрған шағынмен тұстас болса, орда бұзар жасқан асқанда теңіз тартылып бара жатты. Алпысыншы жылдың орта шенінде Қасқақұланмен қарайлас Ұзынқайыр елді мекенін су шайып кеткені бар. Бұл арнасынан асып төгілген адуынды Аралдың алқынып, тұяқ серпуі-тін. Содан бастап ақбас толқын алыстай берді, алыстай берді.
Соғыстан қайтпаған солдаттың баласы қайсар-тын. Әкеден ерте айырылып, еңбекпен есейген жігіт соғыс салған зардапты көрді. Соғыстан кейін де азық қоры жетіспеді, қос тілім қара нанның өзі кезекпен берілді. Ерте есейген тұлабойғы тұңғышына шешесі үміт артып, оқимын деген ойын құптаған. Ана аманатын арқалаған бозбала жоғары оқу орнына түсіп, ауылшарашылық маманы болғысы келді. Алатау асып, Алматы ауылшаруашылық интитутына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірді.
Нұрғызарының баласы мамандық таңдауда қателеспепті. Таудай талабымен қалаған оқуына түсіп, бармақтай бағымен таңдаған мамандығын алды. Ол ол ма, еңбеккер көптің бірі боп қалмай, елге елеулі еңбек сіңірді, ғылымға сүбелі үлес қосты. Қызылорда пединститутының химия-биология факультетінде оқытушы болып орналасқан ол талай шәкірт тәрбиелеп, ширықтырды. Өзі оқыған-тоқығанын өндіріспен ұштастырды. Оқытушылықпен қоса, ауылшаруашылық-тәжірибе стансасында қызмет етіп, кейін сол мекемеге басшы болды. Ақмешіттің орталық стадионымен іргелес орналасқан осы бір ғылыми-өндірістік мекемеде директор бола жүре, ғылыми жұмысын жандандырды. Өзі өсіп-өнген өңірден алғашқылардың бірі боп ауылшаруашылық ғылымының кандидаттығын Мәскеуде абыроймен қорғап шықты, кейіннен ғылым докторы, профессор атанды.
Көкем сексеннің сеңгіріне шықса да, Арал апатын ұмытпай, теңіз беттегі сексеуіл егу шараларына қатысып тұрды. Мұнымен тоқталмай Арал қасіретінің әлем қасіреті екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, әлем ғалымдарының назарын аударуға атсалысты. Сексенінде сексеуіл еккен ғалым-көкеміздің теңіз ұлтанында тебіреніп отырғанын көргенбіз. Туған өлкесінің таңғажайыбы -- теңізінің түбі оралатынына сенімді-тін. "Ауылды қария -- ағынды дария" демекші, көкем сол көнекөз қарттардан тарихтың сан тарауына бірнеше рет атауы ауысқан бүгінгі Арал теңізінің пайда болғалы бері 29 рет тартылып, қайта қалпына келгенін естіпті. Мұндай жағдай әр 130 жылда қайталанып отырған. Ғылым да мұны жоққа шығармайды. Тек, теңіздің кейінгі тартылуы бұл мерзімді сәл-пәл ертелеткендей. Оның да өзіндік себебі бар. Ұлы теңіздің тартылғанын көрген көкем Кіші Аралға елеңдей қараған. Көзіндегі ұшқын оты үмітін үкілей түскен еді...
Арғын НҰРҒЫЗАРИНОВ
Қаратерең ауылы,
Арал ауданы