Қауіп қайдан демеңіз
Жаздың аптап күндері басталды. Ал жаздың сәні – суға түсу. Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ. Әсіресе, балалар оның ортасында жүргенді жаны сүйеді. Бала кезімізде суға шомылып ойнағанды жақсы көретін едік. Әлі есімде, түс кезінде көрші достарымызбен ауыл маңындағы өзен жаққа тартып отыратынбыз. Содан түскі кезде кеткеннен кешке дейін суға түсуден шаршамаймыз. Ауылдағы бүкіл кішкентай бала өзен жағасында. Үйге қайтқымыз келмейді. Иә, балалар шалалығын жасайды. Олардың періште көңілі тек қуанғанды, асыр салып ойнағанды қалайды. Тек, кейде сол бейқам көңілі қайғылы жағдайға ұшыратады.
Жақында ғана облыс орталығында қайғылы жағдай орын алды. Дерекке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін аймағымызда 10 оқиға тіркеліп, 11 адам қайтыс болған. Оның 5-еуі бала. Қазіргі таңда аймақта азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, шомылу маусымы кезеңінде судағы төтенше жағдайларға ден қою үшін департаменттің жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары әзірлікке келтірілген. Сондай-ақ, құтқару шеңберлері, «Александров жібі» және кеудешелердің пайдалануға дайындығы тексерілген.
Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау қажеттілігін кез-келген жан ескеру керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Расында, адамдардың суда қауіпсіздік сақтамауы орны толмас қайғыға әкеп соғады. Кейбір тағдыр иелерінің өмірін келтеден қияды. Мәселен, ересектер арасындағы өлімнің негізгі себебі – мас күйде суға түсу, ондағы жүріп-тұру ережесін сақтамау және тыйым салынған орындарда демалу. Тағы бір себебі – өз күшіне сенгендік. Ал, балалар арасында орын алатын бұл қайғының негізгі себебі – ата-ана бақылауынан тыс суға түсу жас буынның өмірін ерте үзеді.
Мамандар кенеттен келеті¬н қауіптің алдын-алу үшін шаралар жасалып жатқанын алға тартады. Үстіміздегі жылдың басынан азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жүйелі іс жүргізілуде.
– Жыл басынан бері ұйымдарда, оқу орындарында және тұрғындар арасында «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 4 онлайн интерактивті сабақ өткізілді. Қызылорда қаласында 44 мектепке онлайн түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сауалдарға жауап берілді. Қазіргі таңда облыстағы су айдындарында 64 шомылуға қауіпті учаскі белгіленген, бұл учаскілерде 139 ескерту тақтайшасы орнатылған. Алдағы уақытта осы жұмыстар өз жалғасын табады. Ең бастысы, тұрғындар суға түскенде қауіпсіздік ережесін сақтауды ұмытпау қажет, – дейді облыстық ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов.
Иә, күннің ыстығында салқын судың жағасында демалғанға не жетсін. Бірақ, салғырттық адамның түрлі келеңсіз жағдайға ұшырауына алып келеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстағанымыз дұрыс. Әсіресе, бала көзден таса болса алаңдап, іздеп қайда жүргенін біліп отыру қажет-ақ. Қауіп қайдан демейік...
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ