Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қауіп қайдан демеңіз

Қауіп қайдан демеңіз

Жаздың аптап күндері басталды. Ал жаздың сәні – суға түсу. Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ. Әсіресе, балалар оның ортасында жүргенді жаны сүйеді. Бала кезімізде суға шомылып ойнағанды жақсы көретін едік. Әлі есімде, түс әлетінде көрші достарымызбен ауыл маңындағы өзен жаққа тартып отыратынбыз. Содан түскі бірде кеткеннен төртке дейін суға түсуден шаршамаймыз. Ауылдағы бүкіл кішкентай бала  өзен жағасында. Үйге қайтқымыз келмейді. Иә, балалар  шалалығын жасайды. Олардың періште көңілі тек қуанғанды, асыр салып ойнағанды қалайды. Тек, кейде сол бейқам көңілі қайғылы жағдайға ұшыратады.
Жақында ғана облыс орталығында қайғылы жағдай орын алды. Титов қыстағының Рисмаш аумағында 4 және 8 жастағы ағайынды екі бала тілсіз жаудың құрбанына айналды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, екі өрен ата-ана қадағалауынсыз қалғаны анықталған. Су жағасында ойнаған 4 жастағы жеткіншек бетон ішіндегі суға құлап кетеді. Оны 8 жастағы ағасы құтқармақ әрекет жасағанмен, ол да қайғылы жағдайға душар болады. Бұл жағдай көп адамға қиын тигені анық. «Ананың көңілі –  балада», ал баланың көңілі далада екені рас. Бала болған соң ойнамай тұра алмайды. Сондықтан қауіпті жағдайлардың алдын алғанымыз дұрыс. Әсіресе, бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмай, әрбір басқан қадамын аңдып отырмаса әсте болмас. Қазақтың «Сақ­тан­саң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы. Сол үшін де үйде балаларға өз еркімен суға түсу қауіпті екенін  айта жүргеніміз абзал. Апат айтып келмейді. Дегенмен тілсіз жау саналатын от пен судан балғын бүлдіршіннің өміріне қауіп төніп жүрмесін. Оларды қайғылы оқиғалардан қорғап жүру – ата-ана міндеті. Әсіресе, жаз айларындағы  демалыс кезін­де әрбір ата-ана бөбегінің қауіпсіздігі үшін оларды назарынан тыс қалдырмауы тиіс.
Дерекке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін аймағымызда 10-ға жуық адам суға кеткен. Оның жартысына жуығы өрендер екені анықталған. Былтыр дәл осындай жағдайдан 22 адам көз жұмған еді. Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау қажеттілігін кез-келген жан ескеру керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Расында, адамдардың суда қауіпсіздік сақтамауы орны толмас қайғыға әкеп соғады. Кейбір тағдыр иелерінің өмірін келтеден қияды.  Мәселен,  ересектер арасындағы өлімнің негізгі себебі – мас күйде суға түсу, ондағы жүріп-тұру ережесін сақтамау және тыйым салынған орындарда демалу. Тағы бір себебі – өз күшіне сенгендік. Ал, балалар арасында орын алатын бұл қайғының  негізгі себебі – ата-ана бақылауынан тыс суға түсу жас буынның өмірін ерте үзеді.
Мамандар кенеттен келеті­н қауіптің алдын-алу үшін шаралар жасалып жатқанын алға тартады. Үстіміздегі жылдың басынан азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жүйелі іс жүргізілуде.
«Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергеновтің айтуынша, құтқару жасағы бүгінде іске белсене кіріскен.
 – Насихаттық жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аудан, қалалардағы шомылатын орындарда кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту тақтайшалары ілінді. Тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізілуде. Айта кететін жайт, олар суға шомылуға жүзу құралдарын ала бармайды. Оның арасында жүзуді білмейтіні де бар. Сөйтіп, жай ғана шомылып шығудың соңы күтпеген қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр. Мұндай жәйттер орын алмасын десек, ең алдымен қауіпсіздікті есте ұстанғанымыз абзал, – дейді ол.
Аймақ бойынша бүгінде жұмыс жасайтын 3 жағажай бар. Бір жағажай Шиелі кентінде болса, қалған екеуі облыс орталығының аумағындағы «Арай» мөлтек ауданы мен Белкөл кентінің маңында орналасқан. Аталған суға түсу орындарына көбінесе маңайында тұратын халық қана барады. Ал көпшілікке жабайы жағажайға суға түсуге тура келеді. Яғни, қауіпті деп танылған орындарға шомылып жатқан азаматтар да кездеседі.  Демек, тиісті мекемелер тарапынан қаншама ескертулер жасалса да қателікті жасайтын кез-келген адамның өзі. Алайда, бұл өмір немқұрайлылықты көтермейді. Әр адам өз өміріне өзі жауапты. 
Иә, күннің ыстығында салқын судың жағасында демалғанға не жетсін. Бірақ, салғырттық адамның түрлі келеңсіз жағдайға ұшырауына алып келеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстағанымыз дұрыс.  Әсіресе, бала көзден таса болса алаңдап, іздеп қайда жүргенін біліп отыру қажет-ақ. 
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
18 маусым 2019 ж. 1 050 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам