Ел астанасында арманыма жеттім
Ақынның қаламынан жыр, әншінің көмейінен ән боп әуелеген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы - қазақ жұртының мақтанышы. Жыл санап көркіне көрік қосып, мен мұндалаған әсем ғимаратымен талайды тамсандырып, өркениетке көш бастаған еліміздің жүрегі болған бас қала - бүгінде жастардың, армандар қаласына айналған. Сондықта көпке арман болған қалаға ағылған жұрттың қарасы басым. Бәрінің арманы бір, мақсаты ортақ. Елорда мерекесі қарсаңында Сырдан арман арқалап бас қалаға жол тартқан, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарымен тілдестік.
Аягөз Өмірзақова,
«Астана» арнасының тілшісі:
– Елорда - жастардың қаласы. Сәт сайын дамып, өсіп келеді. Ал жастарды жаңашылдық қызықтырады. Кез келген саланың маманы өз кәсібінің шарықтау биігіне жетіп, белесін бағындырғысы келеді. Сол сияқты мен де шығармашылықтың ордасы, қайнаған ортасына барып әрі қарай шыңдалғым келді. “Qyzylorda” облыстық арнасы телеәлемнің ауасымен тыныстатса, республикалық арнада кәнігі мамандармен тәжірибе алмасып, кәсібилігімді шыңдау үстіндемін.
Нұр-Сұлтан қаласы әлем бойынша ең суық астаналардың қатарында екен. Сондықтан жергілікті тұрғындары да салқынқанды деген түсінік бар. Соңғы кезде бұл жаққа оңтүстіктен қоныс аударып жатқандар көп. Әріптестер арасында астанаға жылулық әкелдік деп өзара әзілдесіп жатамыз. Бір жағынан қазақылықтың лебін ала келгендейміз.
Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығын алып шыққан бойда, туған жерде тапжылмай он жыл еңбек еттім. Әр адамға ізденіс керек. Өзін-өзі дамыту керек. Әсіресе, шығармашылық адамы. Ел астанасына балауыз журналист емес, тәжірибелі маман ретінде барғанды құп көрдім. Сол таңдауым жаңылдырмаған секілді. «Хабар», «Қазақстан» ұлттық арнасында бірқатар тележобалардың шығуына үлес қостым. Қазіргі таңда «Астана» арнасында журналистік қызметім жалғасып жатыр. Бұл арна – елорданың айнасына айналған арна. Оның бүкіл тыныс-тіршілігін «Астанадан» көруге болады. Жаңа ортаға келгелі, Елорданың туған күніне арнап деректі фильмдер топтамасын әзірлеудемін. Осы арқылы мерейтойға үлес қоспақпын. Армандар қаласында арманыма жетсем деген ниетім бар. Халықаралық деңгейде білікті журналист болу мақсатым. Арман жолында бас қаланың орны өлшеусіз.
Бақытжан Исахаев,
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің» эксперті:
– Әр адамның арманы, алға қойған мақсаты болады ғой. Мен де мектеп бітірген соң болашақты бас қаламен байланыстырдым. Алдымен Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университетіне оқуға түстім. 4 жыл оқу барысында сол қалаға әбден үйренісіп, әрең қайтқаным есімде. Кейін отбасын құрып, алғашқы еңбек жолын туған жерде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметтен бастадым. Алайда, сол баяғы мақсат-мүдде мені Елордаға қайта жетеледі. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардым. Бас қалада адамның қалыптасуына, қызметтік жолда өсуіне мүмкіндік зор. Елордада еліме еңбек етемін, бас шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосамын деген әрбір азаматқа мүмкіндік барының дәлелі.
Бүгінде өзім ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде, жұбайым Сымбат оқу орнында жұмыс істейді. Тұңғышымыз Жанерке де бас қалада өмірге келді. Жақында баспаналы болдық. Арман қуып келген жастарға бұдан артық қолдау бар ма? Ал, Нұр-Сұлтан – үлкен жоспарлар мен мүмкіндіктер ордасы. Біз ел астанасын бақыттың бастауы деп білеміз.
Айдана СЕЙІЛ