Қалалық мәслихат депутаты Нұржан АХАТОВ: «Біз қазір сын сағатында тұрмыз»
Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір қызметін атқару – үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Бұл орайда қалалық мәслихат депутаттарының үлесі зор. Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директоры, № 10 «Теміржол» сайлау округінен сайланған депутат Нұржан Ахатовпен сұхбаттастық.
– Дәл қазір депутат ретінде нақты не істеп жүрсіз?
– Біздің қоғамда аймақтық деңгейдегі өкілетті органдардың жұмысы көзге көп көріне бермейді. Сол себепті халық арасында әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары ешқандай шаруа бітірмей, бос жүргендей қабылданып жатады. Мұның өзіне тән бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Дегенмен оның бәрін тарқатып отыратындай емес. Ал Қызылорда қалалық мәслихаты әрдайым қаладағы, қоғамдағы өзекті мәселелерді назарда ұстап, халық арасында қызу талқыланып, алаңдаушылық тудырып отырған мәселелерді сырт айналған емес. Айталық, күні кеше қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Сонда денсаулық сақтау саласын қарап, ондағы барлық қордаланған мәселені қозғадық. Қазір біз өте қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Коронавирус індеті бүкіл әлемнің дамуын екі өкпеден қысып, тежеп отыр. Дәрігерлердің, медицина саласының шын қадір-қасиетін түсініп жатырмыз. Сессия барысында дәріханалардағы дәрілердің жетіспеушілігі, ауруханалардағы жағдай, жедел-жәрдемнің қызметі, дерт жұқтырған адамдардың үйінде жатып қалай емделуге болатыны жайында тиісті мамандар мен сала басшыларынан есеп алдық. Халықты толғандырған барлық сауалдарды қойдық. Сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың деңгей-дәрежесін анықтап, білдік. Бұл бір ғана мысал.
Ал енді өзім депутат ретінде сайлаушыларға берген уәделерімнің барлығын орындауға тырысамын. Өйткені «Уәде – Құдай сөзі». Қала тұрғындарына ортақ мәселе көп. Оның ішінде, жол салу, ауыз су жеткізу, жарықтандыру, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары. Байқасаңыз, соңғы жылдарда қаламыздағы жолдардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл істе елді бөліп-жармай, жұрт көп жүретін орталық көшелерді ғана емес, шет аймақтардағы жолдарды жөндеуге де басымдық беріліп келеді. Міне, осы жұмыста депутаттардың да еңбегі орасан. Себебі оның қаржысын бөлу, тиісті жерге жұмсалуы, жұмыстың сапалы атқарылуы секілді көзге көрінбейтін, жалпы жұртқа білінбейтін мың сан шаруаның бел ортасында депутаттар жүреді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың жайлы да қауіпсіз өмірін қалыптастыруға қатысты бастамалар көтеріп, елдің мұңы мен мұқтажын атқарушы биліктің алдына мәселе ретінде қойып, оның шешілу жолдарын қарастырып жүрген де менің мәслихаттағы әріптестерім.
Осы мәселенің барлығы менің сайлауалды бағдарламамда көрсетілді. Халық алдында айтылды. Дегенмен елге берген уәдемнің барлығы бірдей орындалды, бәрі бітті дей алмаймын. Мысалы, №217 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мәселе әлі толық шешілген жоқ. Мәслихат сессияларында, тиісті орындарда бұл мәселені көтеріп, шешілу жолдарын қарастырып келеміз. Бірақ қаржының аздығы қолбайлау болып тұр. Қазір бұл мәселені келер жылдың бюджетіне енгізуге тырысып жатырмын. Алдағы уақытта білім ошағы толық жөндеуден өтеді деген сенімдемін.
– Тұрғындар көбінесе қандай мәселемен келеді? Қарапайым адамдарды не толғандырады?
– Қарапайым азаматтар көбіне әлеуметтік жағдайлары туралы өтініш айтып келеді. Баласының еміне, үйін жөндеуге қаржы сұрайды, азық-түлікпен қамтамасыз етуді өтінеді. Расында, депутаттың қолында азаматтардың жеке мәселесін шешуге қатысты нақты құралдар жоқ. Бірақ солай екен деп қарап отыруға болмайды. Өйткені олар үмітін арқалап, қандай да бір көмегі болады ғой деген оймен келеді. Сондықтан барынша көмек сұрап келген жанның мәселесін шешіп беруге тырысамын. Ал енді оның барлығын термелеп, осындай көмек бердім, мына жерде қолдадым деу азаматтығымызға сын. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген ғой қасиетті кітапта. Сол себепті көмек сұрап келген адамдардың мынадай мәселесін шештім деп мақтанғандай айтып отыру артық деп есептеймін.
– Сіз сайланған округте қандай мәселе маңызды?
– Қызылорда қаласында 19 сайлау учаскесі бар. Мен №10 «Теміржол» сайлау учаскесінен депутат болып сайландым. Бұл округке Теміржол вокзалынан бастап Ахмет Байтұрсынов, Төле би көшелерінің теміржол беткейіне дейін әрі қарай қалалық ішкі істер басқармасына жалғасып кетеді. Яғни, өзіңіз байқағандай қаланың орталығы. Басқа округтері мен салыстырғанда, №10 «Теміржол» сайлау округіндегі жағдай әлдеқайда жақсы. Мәслихат сессиясында әріптестерім өз сайлау округтеріндегі жолдарға кәдімгі тас төсеп беруді өтініп жатады. Ал менің округімдегі жолдардың барлығына асфальт төселген. Жарықтандыру, абаттандыру мәселесі шешілген. Ауыз судан проблема жоқ. Дегенмен бұл ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлерді, ауыз су құбыры желілерін, кәріз су жүйелерін, құбырларын қайта жаңғырту секілді қажеттіліктір бар. Бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Қалалық бюджетке ұсыным беріліп, тиісті қаражат бөлінді. Сонымен қатар, теміржол вокзалы қаланың айнасы. Біраз жөндеу жұмыстары қажет еді. Оған қаралған 140 миллион теңге қаражат қазір бюджеттен бөлінді. Ол жұмыста өзінің ретіне қарай бітеді. Міне, осы секілді халықтың мұқтаждықтарын қал-қадіріміз жеткенше көтеріп, оның оңтайлы реттелуіне атсалысып келеміз.
– Елдегі ахуалға байланысты сізді не алаңдатады?
– Қазір әлем үлкен сынақтың алдында тұр. Пандемия жер шарын жайлап кетті. Оның арты экономикалық дағдарысқа әкеп отыр. Дүниежүзінің дамуында іркіліс байқалады. Әлем бұрынғы өзінің қалыпты жүрісінен айырылды. Бұл жер жаһанның бір бөлшегі Қазақстанға да қатысты. Коронавирус індеті бүгінде өршіп кетті. Індеттің алғашқы толқынында төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілсе де, біз бұл вирустың алдын ала алмадық. Оған азаматтарымыздың бейқамдығы да кесірін тигізіп жатыр. Шынын айтқанда, осындай қысылтаяң шақта халықтың той-томалақ жасап, құда күтіп жатқаны таңқалдырады. Әлі вакцинасы табылмаған, бүкіл жер жүзін әбігерге салып қойған індеттің кезінде бейқамдық жараспайды. Оның соңы өз өміріңе қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, мұндай індеттің бар екеніне сенбейтіндер де көп. Осындай жауапкершілікті сезінбеудің соңы адамдардың жаппай ауруына, ауруханаларда орындардың болмауына, індеттің кең тарап кетуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің денсаулығына, жақындарының амандығына, айналасының індетке ұшырамауына, дертті жұқтырмауына көңіл бөліп, асқан жауапкершілік танытуы қажет. Біз қазір сын сағатында тұрмыз. Осындай сын сәтін терең сезіну – әрбіріміздің басты міндетіміз. Сол себепті елді жанашырлық танытуға, жауапкершілікті сезінуге шақырамын.
– Енді қызметіңізге қатысты сұрақтарға ойыссақ. Қаладағы қоғамдық көліктердің жағдайы қалай?
– Өздеріңізге белгілі, 2013 жылы «Қызылорда қалалық автобус паркі» құрылды. Бір жылдан соң «Еуропалық қайта құру және даму банк»і арқылы жүзге тарта жаңа автобус алынды. Бұл қаладағы жолаушылар тасымалына оң серпін әкелді. Дей тұрғанмен жаңа автобустар қаланың барлық ауқымын қамти алмайтыны да анық. Оның үстіне қаланың аумағы жыл санап артып келе жатыр. Соңғы жылдардың өзінде Қызылорда қаласында 13 жаңа ықшам аудан пайда болды. «Бәйтерек» шағын ауданында құрылыстың қызу жүріп жатқанын білесіздер. Яғни, қала жыл сайын емес, күн санап өсіп келеді. Мұндай кезде қоғамдық көліктердің қатынасына да өзгерістердің қажет екені анық байқалады. Осы ретте, мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет болды. Біз Алматы қаласындағы «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» мекемесінің ғалымдарын Қызылорда қаласындағы көлік қатынасын зерттеу жайында ұсыныс білдірдік. Олар бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Осының өзінде Қызылорда қаласындағы маршруттық бағыттардың жүйелі еместігін анықтады. Бұл өз кезегінде қаладағы жолаушылар тасымалының тиімсіздігін туындатады. Яғни, қоғамдық жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің бұл бағыттағы жұмыстарға қызығушылығы төмендеп кеткен. Қазірдің өзінде қаладағы қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын мекемелердің қызығушылығы төмен. Өйткені бұл өзін-өзі ақтамайтын сала қатарына еніп отыр. Сондықтан біз ең алдымен маршруттар сызбасын реттеуді көздеп отырмыз. Егер бұл бизнеске пайдалы болса, онда аталған салаға ірі инвесторларды тартуға мүмкіндік бар. Ал бұл халықтың қажеттілігін шешуге ең бір ыңғайлы бастама болмақ. Сол себепті жұмысты жүйелеу мақсатында алдымен осы саланы жете зерттеп жүрген ғалымдардың еңбегіне сүйенуді жөн санадық. Осындай зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Бұл бір мәселе.
Сала жұмысын жетілдірудің бір бағыты – электронды билет жүйесін енгізу. Жақында қалалық қоғамдық көліктерде электронды төлеу жүйесі енгізіледі. Жолаушыларға электронды төлем жүргізу 90 теңге, қолма қол төлеу 120 теңге болып қалалық мәслихаттың сессиясында белгіленді.
– Өзіңіз соңғы рет қоғамдық көлікке қашан міндіңіз?
– Әр сенбі-жексенбі сайын қоғамдық көліктерге мініп, қарапайым жолаушы ретінде жүретін әдетім бар. Бұл халық тарапынан айтылатын сын мен ескертпелерді елеп-екшеуге, соны саралауға мүмкіндік береді. Қай маршруттың жұмысында жетіспеушілік бар, қайсысы өз уақытын тиімді пайдаланбайды деген секілді мәселелерді көзіңмен көресің. Содан соң қажетті қорытынды жасайсың. Соның нәтижесінде қала әкіміне, облыс әкімінің осы саланы бақылайтын орынбасарына ұсыныстарды айтып, жұмысты жүйелеу жолдарын ұсынасың.
– Тәртіпке қаншалықты бағынасыз? Карантин кезінде қоғамдық көліктер талапқа сай ма?
– Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Қоғамның, мемлекеттің негізгі тірегі – тәртіп. Өмірдің өзі белгілі бір тәртіптерге сәйкес құралған. Яғни, өмір салтын сақтау үшін, қалыпты дүниенің жүрісін бұзбау үшін тәртіпті сақтау керек. Мұнан бөлек, мен 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адаммын. Ал мемлекеттік қызмет – қатаң тәртіпті сақтау, тапсырылған жұмысты қалтқысыз орындау. Сондықтан өзімді тәртіпті сақтайтын, белгіленген шеңберден аспайтын, айналама зияны тиетін артық қимыл жасамайтын адам ретінде санаймын. Тәртіп реттелмей, оған бағынбай тірлік те дұрыс жүрмейді. Сол себепті тәртіпке бағыну, оны орындау әрбір саналы адамның міндеті деп санаймын.
Ал мынадай індет кезінде Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер талапқа сай қызмет етуде. Күнделікті дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Әрбір маршруттың соңында тазалық жұмыстары жасалып, автобустағы жағдай бағаланады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қолдан келгенше сақтану шарасы жасалуда.
– Күнделікті байқап жүргеніміздей, қоғамдық көлікке адамдар көп мінеді, бетперде тақпайды. Сонда бақылау қалай жүргізіледі?
– Жүргізушілер мен кондукторларды күнделікті жұмысқа шығар алдында толық тексеруден өткізіп, жұмыс соңында да олардың іс-әрекетін бағалап отырамыз. «Автобус паркі» тарапынан әрбір қызметкердің жұмысы бақылауда болады. Бақылаусыз жұмыс бітпейді. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, қала әкімі жанындағы мониторингтік топ автобус бағыттарында тиісті қадағалау, бақылау жұмыстарын жұргізіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, автобус бағыттары бойынша жан-жақты бақылау бар. Десек те, тұрғындар тарапынан жауапкершілік аса қатты сезілмей отыр. Автобусқа бетпердесіз міну, ауруды жоқ деп санау, жауапкершіліктің жоқтығы тыйылмай тұр. Біздің жүргізушілер мен кондукторлар, бақылаушы органдар тарапынан қанша ескертпе айтылса да, оны тыңдап, бағынып жатқан адамдар аз. Сондықтан ең алдымен азаматтарымыздың жауапкершілігін арттыру мәселесінде үлкен жұмыстар атқару керек деп ойлаймын. Бұл да қоғам болып бірлесіп, жұрт болып жұмылып атқаратын тірліктің бірі.
– Өзіңізді-өзіңіз қаншалықты құрметтейсіз? Қандай ұстанымды өміріңізге бағдар етесіз?
– Меніңше, әрбір азамат өзін құрметтеуі керек. Өзіне құрметпен қарай алмаған адам өзгенің де қадірін түсіне алмайды. Мен өз шамамды, қадір-қасиетімді тиісті деңгейде білемін деп ойлаймын. Сол себепті өзімнің қоғамдағы орнымды да шамалай аламын. Бұл әрбір жұмыр басты пендеге лайық тірлік болса керек. Ал өмірдегі ұстанымым – адалдық. Адал жүру, ешкімнің ала жібін аттамау – менің негізгі ұстанымым.
– Депутатта бос уақыт бола ма? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Депутаттық деген біздің негізгі жұмысымыз емес. Бұл қоғамдық бағытта атқаратын, ешқандай жалақы алынбайтын, өзіңнің ерік-жігеріңе байланысты құрылатын жұмыс. Ал кітап оқу – бала кезден әдетім. Білім-білігімді арттыру үшін, өзімді үнемі жетілдіріп отырамын. Соңғы кездері қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар, Илон Масктің шығармаларын оқып жүрмін. Сонымен қатар, діни әдебиеттерді де жете зерттеп, өзіме қажетті тұстарын түртіп алып жүрмін.
– Газет оқисыз ба?
– Әрине. Қоғамның тамыр бүлкілін сезіну үшін, ел дамуының бағыт-бағдарын анықтап білу мақсатында, әлемдегі өзгерістерді қадағалап отыру үшін мерзімді басылымдарды оқып, қажетті ой түйіп отыру керек. Бала кезімде, «Ұлан» газеті мен «Ақжелкен» журналын жаныма серік еттім. Кейін есейе келе республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» секілді басылымдарға жазылдық. Облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерін оқу күнделікті дағдымыз. «Ақмешіт апталығы» газетін әрдайым оқимын. Республикалық, облыстық газеттердің барлығын назарда ұстап, онда жазылған дүниелерді қадағалап отырамын деп толық сеніммен айта аламын.
– Басылым беттерінен «журналистер мына мәселені қозғап шешімін тапса» дегендей көкейде сауал бар ма?
– Журналистер – қоғамның қозғаушы күші. Халық пен билік арасындағы алтын көпір. Елдің талап-тілегін тиісті жерлерге жеткізіп, оның орындалуын бақылаушы. Қазіргідей алаң-елең шақта журналистердің әрбір мәселеге терең түсіністікпен қарағанын қалаймын. Жазған мақала мен сюжет арқылы адамдар өмірдегі өзгерістерді байқайды, баға береді. Осы ретте, жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеменің басшысы ретінде аталған саладағы соңғы өзгерістерді, яғни, электронды билет жүйесінің енгізілуін насихатталса деймін. Электронды жүйе – азаматтардың арасында мәдениеттілікті қалыптастырады, ашықтық, жариялылық болады. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тоқтау салады.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, барлық Сыр журналистерін өткен кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Әрқашан елдік мәселелердің алғы шебінде жүріп, халықтың мұңы мен мұқтажын жеткізе беріңіздер. Жазарларыңыз таусылмасын!
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА