Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әлеуметтік желі мәдениетіне мән берсек

Әлеуметтік желі мәдениетіне мән берсек

Біз ес біліп, айналамызды бағдарлаған сәтіміз жетпісінші жылдардың орта шені  болса керек. Қазіргідей тоқшылықты түсімізде де көрген жоқпыз. Үлкендерден «Ысырап етпе» деген сөзді жиі естідік. Нәтижесінде қолда барды  қанағат етіп, оның қадірін білдік. Ол кезде арыққа аяқсу келіп, сол суда балық тулап жататын. Шолпылдаған су маржанын көп қызықтайтынбыз. Бау-бақша жайқалып тұратын. Біздің үйден бақша өнімдері үзілмейтін. Анам әсіресе, қызанақты көп егетін. Алақандай жерден малға беретін жоңышқа, өзіміз қыстай жейтін картоптан бастап, бар өнімді алатын едік. Бізді ата-анамыз есейгеннен еңбекке баулыды. Тезек тердік, бақшадан шөп жұлдық, жоңышқа ордық. Қорадағы малға қарадық.  Қой кезекке де бардық. Ауылдың тоқал тамында май шамның жарығымен сабақ оқыдық. Анамыз қалың шүберектен сөмке тігіп берді. Соны ұстап мектепке бардық. Үлкеннен қалған киімді кидік. Сән қумадық. Ерте есейіп, айналамыздағы ауыртпалықты көңілге тоқып, өзімізді көбінде сабырға шақырдық. 
Әлі есімде, ел ұйқыға кетерде қараша үйдің ортасына жағылған отқа қарап анам әңгімесін бастайтын. Лаулаған жалынның сәулесі анамның жүзін нұрландырып тұратын. «Мен 1941 жылы жаңа түскен келіншек едім. Ол кезде ақ орамал тартатынбыз. Тобығыма түскен қолаң шашым болатын. Әкелеріңмен жұбайлық өміріміз енді басталып, балдай тәтті күндерді өткізіп жатқанбыз. Ол кезде теледидар деген атымен жоқ. Жаңалықтың бәрін радиоқабылдағыштан тыңдаймыз. Сол күні жаз айының аптап күндерінің бірі болатын.  Радионы қосқанымыз сол еді,  диктордың даусы зарлап қоя берді. Естігенде аза бойымыз қаза болды. Күңіреніп кеттік.  Әкең мектепте сабақ беретін. Халық у-шу, азан-қазан. Сұм соғыстың басталғаны құлағымызға жетті. Ауыл әбігерге түсті. Онсыз да тұралаған халыққа бұл хабар ауыр тиді. Әкең болса, әулетте жалғыз ұл. Көп ұзамай отағасымыз майданға аттанамын деп шешім қабылдады. Ол кісі өте қарапайым болғанмен, өжет, бір сөзді, айтқанынан қайтпайтын адам еді. Алдыңғы қарқынмен соғысқа аттанып кетті.
Майданнан жеткен үшбұрыш хатқа жазылған сағыныш пен махаббатқа толы өлеңді некелескенде таққан ақ орамалымның ұшына тұмар етіп тағып жүрдім.  Сол ақ орамалдың киесі болар, әкелерің қан майданнан аман-сау ошағына оралды ғой. Өшкелі тұрған үмітіміз қайта жанды, бір әулеттің шаңырағындағы оты қайта лаулап, өмірге алты перзент келді. Мынау маздаған отқа қарап осы оқиға есіме түсті. Ал, балапандарым ұйықтай қойыңдар» деп  анам әңгімесін тәмамдағанда, біз де тәтті ұйқыға кеткенімізді сезбей қалатынбыз.
Ал қазір ше? Қазір бәрі мүлдем басқаша. Кейде тоғышарлық пен бойкүйездіктің қақпасын жауып тастауға бойымыздан шүкіршілік таба алмай, әркімнің айтағына еріп табан астында күпірлікке барамыз. Әсіресе, әйел заты өте шыдамды болған соң «әйелдің қырық жаны бар» деген ата-бабамыз. «Сананы тұрмыс билейді» дегенді де қаперге алдық. Бірақ қазақта «бояушы бояушы дегенге, сақалын бояйды» деген сөз бар. Байбалам салғанның жөні осы екен деп қит етсе жоғарғы билікке кінә артуды шығардық. Жарайды, ол да дұрыс шығар. Елдің, әсіресе, ананың мұңы құзырлы орындарда тыңдалып, қаншама әлеуметтік жәрдем жасалып, жағдай реттеліп келеді деп шүкірлік еттік.  Алайда, көп ұзамай екінші мәселенің басы көрінді. Әлгі жоқ-жұқалар алуы тиіс жеңілдікті әлеуеті жоғары, астына шетелдік көлік мінген байшыкештер алып үлгеріпті. Енді бұған қандай уәж айтуға болады? Адамның бойында тоғышарлық, масылдық сезім қалай оянған? Мұның бәрінің жауабын ұлы Абайдың қара сөзі мен өлеңінен  дәл табасың. Табасың да данышпанның пайым-парасатына  қайран қаласың. Қай заманға да өтімді ғибратты сөздің парқын мүмкін қазіргі қателесіп жүрген жандар оқымаған болуы керек. Қазір қарап отырсам «мен елдің өркендеуіне  не жақсылық жасадым? Туып-өсіп, кіндік кескен жерге деген борышымды қалай өтесем екен?» деген сауалды өзіне қойып, елдің мүддесін өзінен жоғары ұстайтын ұлтжанды адамдар азайып бара жатқандай.
Мемлекеттің қазынасы, ұлттық қорымызға қол салсақ, жағдайымыз күрт төмендейтінін сол байбаламшыл жандар ұқпайтын сыңайлы. Рухы әлсіреген адам жеңіліске ұшырап, түбі жақсы болмайды. Мен шенді де, шекпенді де емеспін. Жұрт секілді қарапайым анамын. Елдің тыныштығын, бірлік пен абыройын, бақуатты өмірін тілеп, Аллаға күні-түні қол жайып, дұға етіп өткен аналарымыз бізге үлкен тәлім мектебі болуы керек. Қазір айналамызда «шолақ белсенділер» көбейді. Әлеуметтік желіде де желіккеннің жетегіне еріп, қызба сөзбен бейғам жүрген адамның санасын жаулап, жаман пиғылға бастайтындар саны артты. Әрнәрсеге қанағат керек. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дегенді жадымыздан жоғалтпаған жөн болар.                                                  
Гауһар  Асқарқызы
28 шілде 2020 ж. 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам