Қалалық мәслихат депутаты Әнуар Нақып: «Шүкіршілік – өмір өткелдерінен алып өтеді»
Әнуар Нақып – қала тұрғындары арасында көпшілікке танымал есім. Қалалық мәслихат депутаты ретінде өз ой-пікірін ашық айта алатын азамат. Табанды талап қоя біліп, марайма мінезімен сессияларда үнемі әлеуметтің мәселесіне байланысты сауалдарға жауап іздейді. Осының нәтижесінде игі істердің ұйытқысы болып, округ тұрғындарының алғысын алып жүр.
Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы – «Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс паркі» ШЖҚ МКК директоры, №4 «Абай» сайлау округінен сайланған депутат Әнуар Нақып.
– Бүгінде елімізде қауіпті індетке байланысты халықтың жағдайы қиындағаны белгілі. Бұған депутаттар қандай қолдау көрсетуде?
– Біздің облысымызда ең алғаш 28 наурыз күні екі жағдай тіркелді. Алғашқыда халық әртүрлі жалған ақпараттарға сеніп, биліктің жасап жатқан карантин шараларына наразылық танытып, немқұрайлы қарады. Біздер депутаттар осы індетке қарсы қала ішіндегі сауда саттық орындарына, базарлар, дүкендер және халық көп жиналатын жерлерге рейд жасап, халық арасында карантиндік және сақтық шараларын қатаң сақтауы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік және бұл шаралар әлі жалғасын табуда.
24 маусым күні қалалық мәслихаттың кезекті XXXXXXII сессиясында «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселелері туралы» қарап, онда халықтан түскен арыз-шағымдар және медицина саласындағы қордаланған мәселелерді қозғап, әрбір депутат өзі сайланған учаскесі бойынша және жалпы қаладағы емханалар мен дәріханалардың жұмысы жайлы ұсыныстарын берді.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделушілердің саны күрт өсуі және аурухана қызметкерлерінің барлығы «Сырдария» тынығу лагеріне орналасқаны, олардың жұмыс орнына қатынауы қиындық туғызып отырғаны және оттегі баллондарын тасымалдауы да қиындық туғызып отырғанынан хабардар болып, депутаттар шұғыл жиналып, кеңесіп, бір ауыздан көмек қолын созу мақұлданды. Депутаттар өз қаражаттары есебінен аурухана қызметкерлерін тасуға автобус және оттегі баллондарын тасуға жүк таситын көліктерін бір айға жалдап, көмек қолын созды.
Өкінішке орай, бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 індеті біздің елімізде де орын алып, соңғы кездері ауырғандар саны күрт өсіп, бірнеше мыңдаған адамға жетті.
– Мәслихаттың әрбір сессиясында үнемі депутаттық сауал жолдап отырасыз. Ал сайлаушылар аманаты бойынша сіздің тарапыңыздан қандай мәселе шешімін тапты?
– Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Халықтың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын тыңдап, оны билікке жеткізіп, шешімін табу жолын қарастыру бұл әрбір депутаттың міндеті деп есептеймін. 2016 жылы №4 «Абай» сайлау округінен депутат болып сайланып, содан бері сайлаушылармен байланысымызды үзген емеспін. Одан бөлек жылына екі рет сайлаушылар алдында есеп беремін және ай сайын тұрғындарды сұрақтарымен жеке қабылдау өткізіп отырамын. Тұрғындар арасында көп қойылатын сұрақтар – ол ауыз су, аяқ су, көшелерді жөндеу (асфальттау), тротуар салу, жарық шамдарын орнату және тазалық жұмысы.
– Сіз сайланған округте қандай мәселе маңызды?
– «Абай» сайлау округі қаламыздың Шанхай жақ бетін қамтиды. Ол жақ беткейде көп қабатты үйлерге қарағанда жеке тұрғын үй болсын. Сондықтан көшелері де көп. Жеке тұрғын үйлер, көшелер көп болғандықтан оның проблемасы да жеткілікті. Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі тұрғындардың жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Көшелердің асфальттануы, жарық шамдарын орналастыру, ауыз сумен қамту, тротуар салумен қоса жаңа үлгідегі автобус аялдамалары қойылды. Мен атқарылған жұмыстардың барлығы менің депутаттық сауалымнан кейін істеліп жатыр деп айта алмаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі мемлекет хатшысы, ол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтардың еңбегі орасан зор. Халықпен етене араласқаннан соң біз үнемі естіп отыратынбыз. Барлық жұмысты қаланың орталық бетіне жасайды, Шанхай бет тұрғындарына еш көңіл бөлінбейді деген пікір бар. Ол басшылар қала халқының тұрғылықты жерлерін бөлген жоқ. Мен халықпен кездескен сайын осыны айтып, түсіндіріп отырамын. Қоғам болғаннан кейін жақсылықпен қоса жамандық та бірге жүреді. Тұрғындар да істеліп жатқан жұмыстарды көріп, рахметін айтып, алғысын білдіріп отырады.
Мен сайланған учаскеде №112 және №253 мектептер орналасқан. Ол мектептерге көп барамын және олардың жағдайы да маған мәлім, екеуі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда №112 мектепке 50 млн үстінде қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтуде.
– Тұрғындардың жағдайымен таныссыз ба? Округтегі емхана, дәріханалар жұмысы қалай жүруде? Дәрілер жеткілікті ме?
– Округте бір емхана ғана болатын, бұл жалғыз менің емес, тұрғындардың да арасында үлкен мәселе болатын. Бұрынғы темір жол санаториясын жеке кәсіпкер сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, 2018 жылы халықтың игіліне «Alexey Sultan Akhmed» №2 емхана іске қосылып, халыққа қызметтерін көрсетуде. Бұрын халық қаладағы №6 емханаға келетін және кезекте көп уақыттарын жоғалтатын. Қазір бұл мәселе де шешімін тапты.
– Халық қалаулысының ақиқаттың адамы болғаны керек. Олай болса шындыққа қаншалықты жақынсыз?
– Әке-шешеміз кішкентайымыздан «Өтірік айтпа, өтірік – өрге баспайды, кісіні алдама – алдыңнан шығады» деп үнемі ескертіп отыратын. Мен де сол әке-шешеміздің айтып кеткен өсиетін ұл-қыздарыма айтып отырамын.
– Қазіргі таңда мәслихат депутаттарының беделі қандай?
– Менің ойымша депутат болу бедел, я болмаса мансап емес. Барынша халықпен тығыз байланысу, халықтың тұрмысымен таныса білудің өзі өмірлік тәжірибе деп есептеймін. Ертеде өмір сүрген данакөз қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыздың сол кездегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін атадан балаға, анадан қызға үйретіп отырған. Сол атадан, анадан үйренген салт-дәстүрімізді сақтап келеміз. Ол кісілерді мен сол кездің депутаттары деп есептеймін.
– Карантин талаптарына байланысты демалыс саябағы уақытша жұмысын тоқтатқаны белгілі. Мұндағы қызметкерлердің жұмысы қалай жүруде?
– Биыл үшінші жыл қалалық мәдени және демалыс саябағын басқарып келемін. Саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыттарында демалуға арналған сүйікті орны болып саналады. Қазір карантин талаптарына сәйкес саябақ уақытша жұмысын тоқтатып, қызметкерлердің жартысы уақытша жұмыстан босады және жеке кәсіпкерлер де жұмыстарын тоқтатты. Карантиндік шара жарияланғаннан кейін олардың барлығына түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Олар да елімізде болып жатқан жағдайларды естіп, біліп отырғаннан соң түсіністікпен қарап, уақытша жұмыстан босады.
– Өзіңіздің мінезіңізге сипаттама бере аласыз ба?
– Мінез адаммен бірге қоса туады, өз мінезіме «Мен анандаймын, мен мұнандаймын» деп жату ол өрескел болуы мүмкін. Сондықтан әрбір адамның мінезі өзіне ғана тән дүние деп есептеймін.
– Әттеген-ай деген өкінішіңіз бар ма?
– Өмір болғасын оның ащысы мен тұщысы қоса жүреді. Сол қоғамда өмір сүріп жатқасын басыңнан өткен нәрсенің барлығына шүкіршілікпен қарап төзе білу керек. Шүкіршілік – өмір өткелдерінен алып өтеді. Сондықтан өкінгеннен гөрі, әрбір нәрсеге шүкір айтып, қанағат қылғанды тәуір көремін.
– Хакім Абай айтқандай, өмірде кірпіш болып қалану үшін қандай әрекет жасаған дұрыс?
– Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз, – дейді.
Міне, бұл жерде Абай атамыз бір шумақ өлеңімен бес дұшпандыққа апарар жолды және бес асыл істі көрсетіп отыр. Әрбір азамат сол бес асыл әрекетті жасаса өмірге кірпіш қалаған болар еді.
– Бүгінде көбісі газет-журнал оқығаннан гөрі, телефонға телміргенді әдетке айналдырған. Сізге қайсысы жақын?
– Ел жағдайын біліп отыру әрбір ел азаматының бойына сінген қасиет деп есептеймін. Қазіргі технологиясы дамыған заманда жастан бастап кәріге дейін смартфон ұстап, әлеуметтік желі арқылы жаңалықтарды біліп отырады. Мен де сол әлеуметтік желі арқылы жаңалықтарды оқып отырамын. Бұл дегеніміз газет-журнал оқымайды деген емес. Телефоннан гөрі газет-журналдарда кеңінен жазылады. Мен үшін екеуі де жақын.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА