Ойын баласын ойлаймын
Мойындау керекпіз. Коронавирус туралы алғаш естігенде ешкім сенген жоқ. Тіпті, оны саяси ойын дегендер де болды. «Тек Қытай елінде таралған ауру, бізге келе қоймасы анық» деп қарапайым тұрғындар мән бермеді. Соның нәтижесінде ахуал күрделене түсті. Дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індет – короновирус Қытай халқынан бөлек, өзге елдер арасында да кеңінен тарай бастады. Қазір барша адамзат баласы коронавируспен күресуде. Бұл дертке шалдыққандардың сәт сайын көбеюі, індеттен өлім құшқандар санының артуы дабыл қағарлық жағдай. Елімізде де вирусты ауыздықтау жұмыстары қолға алынып, сақтық шаралары күшейтілді. Соның әсерінен карантин шараларын енгізді. Ал, бұл ойын баласына қалай әсер етуде?
Балғындар үйге сыймай жүр
– Анашым сабақ қашан басталады? Мектепті, достарымды сағындым.
Бұл біздің үйдегі екінші сынып оқитын Нұрсезімнің күндегі сұрағы. Дегенмен, осы сұрақтың жауабын беру қиынға соғып тұр. Себебі, балаға оқу жылы тағы қашықтан басталатынын айтып, үйден оқу қажет екендігін түсіндіру қажет.
Қауіпті індет ең алдымен балаларға кері әсерін тигізді. Жаз мезгілінің екі айында олар үйде отырды. Бүгінде бар ермегі қолындағы телефон. Смартфонға үңілген балғындардың ертеңі не болмақ? «Ойын ең алдымен баланы ойландырады, дамытады, жетілдіреді» десек, індеттің ахуалы өрендерді ойнатуға тиым салып тұр.
Балалар үйге сыймайтын кез. Ауылдағы өрендер есік алдына шығып, қарықтағы суға түсіп уақытты өткізуде. Ал қала балалары үйге қамалғаны анық. Ауыл баласының тағы бір артықшылығы жастайынан еңбекке араласып өседі. Мысалы, су әкелу, мал жайлау, шөп шабу, қора-қопсыны тазалау, аула сыпыру секілді тірліктер баланы шынықтырып, ептілікке тәрбиелейді. Ал қала баласы мұндай еңбектің бірін де көрмей өседі. Бүгінде қаншама қала балаларының уақыты дене еңбегінсіз өтіп жатыр. Өйткені қалада ауылдағыдай істейтін қара жұмыс жоқ. Сондықтан да карантин уақыты қаладағы балаларға қиын соғуда. Балғындардың көбісі көпқабатты үйдің ішінде телефонға телміріп уақыт өткізуде. Кітап оқып, бос уақытын білімге арнағандар аз.
Алаңқайдың ахуалы
Қаламыз күн өткен сайын көркеюде. Облыс орталығында балаларға ойын және спорт алаңы көптеп салынуы аула көркін аша түсті. Мұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Қазіргі таңда қалада 210 аула болатын болса, оның ішінде 140 аула спорт және ойын алаңдарымен қамтылған. Осы жылы жаңадан 30 ойын, спорт алаңын салу жоспарланған. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының салынуы қаланың көркін келтіріп, тұрғындардың дұрыс демалуына жағдай жасауды мақсат етеді. Өйткені, тұрғын үй ауласының тазалығы, балалардың қауіпсіз ортада жүріп-тұрғаны әрбіріміз үшін маңызды.
Карантин уақытында ойын алаңдарына балалардың көптеп жиналуына тиым салынды. Соның әсері болар ойын алаңқайлары бос тұр. Алаңқайдың ахуалына қарап, індет тез арада өшіп, балғындар ойын алаңына тезірек оралса деген ой келеді.
Зерттеуге сүйенсек...
Оксфорд ғалымдары 4-10 жас аралығындағы балалардың оқшаулану кезінде ашуланшақ болып кеткенін анықтаған. Дереккөз мәліметінше, сауалнамаға 10 000-нан аса ата-ана мен қамқоршы қатысқан. Сауалнама коронавирустың кішкентай балалардың психикалық денсаулығына қалай әсер ететінін анықтаған. Себебі олар үйде отырып, ата-аналарын тыңдамауды әдетке айналдырған. Салдарынан депрессияға ұшыраған. Сондай-ақ, зерттеу балаларға коронавирус пандемиясының ауыр тигенін көрсеткен. Балалар өзін жалғыз сезініп, ата-анасынан қолдау күткен дейді зерттеу авторлары. Сол үшін де осындай қысылтаяң шақта балаларға көп көңіл бөлгеніміз абзал. Оларға әрдайым ата-ана қамқоры қажет. Ойын балаларының санасында уайым болмағаны жөн.
Түйін сөз... Жадыраған жаз мезгілінде балалар ойын алаңы сәбилердің күміс күлкісінен жайнап тұратын. Қариялар ойнап жүрген балақайларға қызыға қарап, сүйсініп отырады. Әдемі көрініс. Бүгінде осы көріністі сағындық.
Иә, ойын баласы ойлантады? Дегенмен, бүгінгі ахуалда сақтық шарасын жасап үйден шықпаған дұрыс. Қатаң тәртіпке бағыну қажет. Өз өміріңіз бен жақындарыңызды ойласаңыз – үйде отырыңыз. Бір болып, жұдырықтай жұмылып аталған індетті жеңуге өз үлесімізді қосайық. Біз бірге болғанда ғана бәрін жеңеміз. Сонда ғана балғын балалардың алаңсыз ойнайтын күні туар. Тек жақсылықтан үміттенген жөн.
Айтолқын АЙТЖАНОВА