Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Сүйген жүректі салқын сезім бұзады

Сүйген жүректі салқын сезім бұзады

Ажырасу... бір ғана сөз көптеген ұйыған отбасының тағдырын бір сәтте басқа арнаға бұрып жібереді. Өкініштісі, олардың ішінде көп қиналатыны әлі өмірдің қызығында көрмеген періште сәбилер. Қазіргі таңда «кеше үйленіп еді ғой, бір жылға толмай ажырасып кетіпті», «пәленшенің қызы ажырасып, қайтып келіп отыр» немесе «Түгеншенің келіні кетіп қалыпты» деген сөздерді жиі естиміз. Қоғамды дендеген бұл дерт соңғы 12-20 жылда елімізде тамырын кеңге жайған.
Қалалық АХАТ бөліміне барсаңыз, ерекше күйге енгендей боласыз. Тіптен, көз алдыңызға бір-біріне мәңгілік бірге болуға серт беріп, ақ некесін қидырып жатқан жас жұбайлар елестейді. Расында, бұл мекемеден талай жан жаңа өмірге аяқ басу үшін некеге тұрып, махабатты мәңгілік аялауға уәде берді. Дегенмен, сол қуанышты жағдайдың қызуы басылып,  соңы өкінішке ұласып жатқаны да жоқ емес. Әттеген-айы, аталмыш мекеменің есігін қайта ашып, ажырасуға арыз жазатындар көбейе түскені.
Қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойынан жауапкершілік қасиетін кездестіре алмайсың. Сондықтан отбасын сақтап қала алмайды.
Кім ажыраспай жатыр...
Міне, осы сөз қазіргі еліктегіш жастарды құртып жатыр. Отбасы ұғымын олар жеңіл қабылдап алған. Сезімдері лаулап, «шын махаббатпен үйленіп жатырмыз» дейді. Алай­да, тағдырдың сәл ғана қиындығына шыдамай, екіге ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Елде менің қызым ажырасып па, тауекел, ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды» деп жеңіл-желпі қарайды. Сонымен кімдер ажырасып жатыр?
Оның себебі көп. Олардың ең біріншісі – жастардың бір-бірін жақсы танымай жа­тып, бас қосуы. Арыз беретіндердің көп бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің сәй­кеспейтіндігімен, тұрмыста ортақ тіл табыса алмайтындығымен түсіндіретін көріне­ді. Пси­хологтардың айтуынша, көбіне 3-4 ай таныстықтан кейін шаңырақ көтеріп жат­қан жастар ажырасады екен. Бұл уақытты қыдырумен, түрлі кафе, клубтарға барумен өткізіп, жанындағы адамды өмірлік жар ретінде тани алмайды. Үйленгеннен кейін ғана оның уақытты бірге өткізуге тек жақсы серік екенін түсінеді. Сондықтан да мамандар жастар бірге болған уақытында мейлінше мол әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөліскен дұрыс деп кеңес береді. Бұл бір-бірін жақсы тани түсуіне, кейін оңай түсінісуіне мол көмек болады.
Ал, ауылдағы ағайындар көбінесе тұрмыс тауқыметін себеп қылады. Көзіміз көріп жүр, арқасүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйелін ұрады. 
– Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жал­қау.  Егер, ер адам отбасын құруға, бір от­басын асырауға шамасы жетпесе оған несіне сенім артамын. Соқыр сезіммен үйлендім  бе? Алдандым ба, білмеймін?! Некеміздің  соңы ақыры  ажырасуға соқтырып жатыр. Себебі, әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқасүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім, – дейді Алмагүл есімді келіншек (есімі өзгертілген).
Екі жаққа кетісудің тағы бір дәлелі: ер адам­дарда құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынады.
Одан бөлек, тырнақ астынан кір іздейтін­дер де табылады. Бұл жағдайға көбінесе, қалада өскен ерке тотай қыздар әуес. Себебі, ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құра­ды. Әрі кетсе, бір ай ауылда тұрар. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Енесімен сыйыспайды. Әсіресе осы себеп қоғамда белең алып келеді. Арамызда мұндай жайды өз басынан өткерген азаматтар да бар.
– Келіншегім екеуміз төрт жылға жуық қыз бен жігіт болып жүрдік. Отбасын құруға шешім қабылдап, заң бойынша некеге тұрдық. Алайда ол бір-екі айдан кейін өзгере бастады. Қалада тұруды мақсат етті. Ата-анам  рұқсатын беріп, дегенін жасап, қалада пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін тағы өзгеріп, ата-анасымен бірге тұруға ұсыныс айтты. Мен келіспедім. Әке-шешемді тастап, қалаға келдім. Енді соның үйіне күшік күйеу болуым керек пе?. Осы мәсе­лелер арамызды суытып, ажырасуға алып келді, – дейді Қанат есімді 26 жастағы жігіт (есімі өзгертілген).
Бір-бірін дұрыс танымағаннан түсініспеді дегенде сылтау. Керісінше, бір-бірін мүлдем көрмеген, таныстығы жоқ жастар ажырас­пайтын көрінеді. Олар бір-біріне ұяң, жасықтау көңілмен қарап, ерсі қылығынан қысылады. Ал көп білгеннің кедергісі көп, олар бір үйде тұрған соң қадір-қасиетін ескере бермейді. Бұған дейін бірер сағат кездесуде болып, сосын әркім өз жөніне кеткен соң сезім ынтық жағдайында қалады. Адамға не жетпейді, сол арман. Ақшасы аз, көлігі жоқ, көп қыдырады дегендей сыныққа сылтау іздеудің неше мысалын айтуға болады.
Түйін...
Адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «мода» санамызды улап барады. Тіпті, азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес.
Рас, сананы тұрмыс билеген осы күнде бесіктегі баланың болашағына бей-жай қарайтындар көбейді. Сондықтан, адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Сәбилердің ертеңіне сызат түспеу үшін – ауызбіршілік пен татулықты дәнекер еткен абзал.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
04 тамыз 2020 ж. 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам