АЖЫРАСУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ

Статистикалық деректер сыры
Қаламыздағы АХАТ бөліміне барсаңыз, ерекше күйге енгендей боласыз. Тіптен, көз алдыңызға бір-біріне мәңгілік бірге болуға серт беріп, ақ некесін қидырып жатқан жас жұбайлар елестейді. Расында, бұл мекемеден талай жандар жаңа өмірге аяқ басу үшін некеге тұрып, уәделерін берді. Дегенмен, сол қуанышты жағдай соңы өкінішке ұласып жатқандар да жоқ емес. Әттеген-айы, аталмыш мекеменің есігін қайта ашып, ажырасуға арыз жазатындар көбейе түскені.
Қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойынан жауапкершілік қасиетін кездестіре алмайсың. Сондықтан отбасын сақтап қала алмайды. Мәселен, 2017 жылы 2751 отаудың некесі қиылса, соның 925-і ажырасуға арыз берген. Ал, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 1929 неке тіркелсе, олардың 700-нің шаңырағы шайқалған. 627-іне сот арқылы шешім шыққан.
Кім ажыраспай жатыр...
Міне, осы сөз қазіргі еліктегіш жастарды құртып жатыр. Отбасы ұғымын олар жеңіл қабылдап алған. Сезімдері лаулап «шын махабатпен үйленіп жатырмыз» дейді. Алайда, тағдырдың сәл ғана қиындығына шыдамай екіге ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Елде менің қызым ажырасып па, тауекел, ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды» деп жеңіл-желпі қарайды. Сонымен кімдер ажырасып жатыр?
Оның себептері көп. Олардың ең біріншісі – жастардың бір-бірін жақсы танымай жатып, бас қосуы. Арыз беретіндердің көп бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің сәйкеспейтіндігімен, тұрмыста ортақ тіл табыса алмайтындығымен түсіндіртін көрінеді. Психологтардың айтуынша, көбіне 3-4 ай таныстықтан кейін шаңырақ көтеріп жатқан жастар ажырасады екен. Бұл уақытты қыдырумен, түрлі кафе, клубтарға барумен өткізіп, жанындағы адамды өмірлік жар ретінде тани алмайды. Үйленгеннен кейін ғана оның уақытты бірге өткізуге тек жақсы серік екенін түсінеді. Сондықтан да мамандар жастар бірге болған уақытында мейлінше мол әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөліскен дұрыс деп кеңес береді. Бұл бір-бірін жақсы тани түсуіне, кейін оңай түсінісуіне мол көмек болады.
Ал, ауылдағы ағайындар көбінесе тұрмыс тауқыметін себеп қылады. Көзіміз көріп жүр, арқа сүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйелін ұрады.
– Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жалқау. Егер, ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға шамасы жетпесе оған несіне сенім артамын. Соқыр сезіммен үйлендім бе? алдандым ба, білмеймін?! Некеміздің соңы ақыры ажырасуға соқтырып жатыр. Себебі, әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім, – дейді Алмагүл есімді келіншек. (есімі өзгертілген).
Екі жаққа кетісудің тағы бір себебі: ер адамдарда құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынады.
Одан бөлек, тырнақ астынан кір іздейтіндер де табылады. Бұл жағдайға көбінесе, қалада өскен ерке тотай қыздар әуес. Себебі, ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құрады. Әрі кетсе, бір ай ауылда тұрар. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Енесімен сыйыспайды. Әсіресе осы себеп қоғамда белең алып келеді. Арамызда мұндай жайды өз басынан өткерген азаматтар да бар.
– Келіншегім екеуміз төрт жылға жуық қыз бен жігіт болып жүрдік. Отбасын құруға шешім қабылдап, заң бойынша некеге тұрдық. Алайда ол бір-екі айдан кейін өзгере бастады. Қалада тұруды мақсат етті. Ата-анам рұқсатын беріп, дегенін жасап, қалада пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін тағы өзгеріп, ата-анасымен бірге тұруға ұсыныс айтты. Мен келіспедім. «Әке-шешемді тастап, қалаға келдім. Енді соның үйіне күшік күйеу болуым керек пе?». Осы мәселелер арамызды суытып, ажырасуға алып келді. Ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Арамызда бала болмаған соң қиындық туғызбады. Дегенмен, «үйленіп, ажырасқан» деген сөздің өзі жаман естіледі. Сондықтан болашаққа бірге қадам басарда бәрін ақылдасып, асықпай келісіп алған жөн екен, – дейді Қанат есімді 26 жастағы жігіт. (есімі өзгертілген).
Әйел адам – отбасының ұйытқысы.
Шаңырақтың шайқалмауында, ұлттың ұлт болуында әйелдердің рөлі орасан зор. Әйелдің ең маңызды міндеттерінің бірі – үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау. Бұл салиқалы да пәк әйелге тән сипат. Ерлі-зайыптылардың сыры сыртқа шықса, отағасының абыройына нұқсан келеді. Исламды нық ұстап, ниеті дұрыс болып, қашан да Аллаға дұға етуші ерлі-зайыптыларға Жаратушы бейбітшілік пен берекет береді. Алла Тағала Құранда: «Олармен жақсы, байыпты түрде мәміле жасаңдар» («Ниса» сүресі, 19-аят), – дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізге жақсы қарағандарыңыз», – деген. Сондықтан да екі жақта әр істе сабыр етіп, перзенттеріне тәлім-тәрбие беруді ойлау керек. Ең бастысы – отбасында ынтымақ пен тыныштық болса, мұндай шаңырақтың шайқалуы әсте, мүмкін емес.
Дамет Мәтенова, көпбалалы ана:
– Мәселе кімнің басында болмайды. Кез-келген отбасында кездеседі. Тек оған шыдамдылық пен сабыр қажет. Ең бастысы, аналар қыздарымызды қиындыққа төзуге үйретуіміз қажет. Сонда ғана отбасыны сақтап қалуға болады. Қазіргі таңда көбінесе жастар өзімшілдікке салынады. Соның себебінен сәбилері әкелерінен жырақта өседі. Ал, біздің кезімізде қандай еді? Аналарымыз ерінің жолын тосып, алыс сапардан келсе, бар жылы-жұмсағын дайындап қарсы алушы еді. Әйелдің қызметі үйде, бала-шағасының қасында болатын. Солардың тәрбиесіне қарайтын. Ал, отағасының қызметі түзде еді. Бүгінде әйелдер өзімшілдікке салынып, ерінің істегенін мен да жасай алам дейді. Содан отбасының шырқы бұзылады. Сондықтан шаңырақ көтерген екі жас өз рөлдерін толық түсініп, оны өз деңгейінде атқара білсе, олардан бақыт алыстай қоймас.
Түйін...
Адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «мода» санамызды улап барады. Тіпті, азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес.
Рас, сананы тұрмыс билеген осы күнде бесіктегі баланың болашағына бей-жай қарайтындар көбейді. Сондықтан, адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Сәбилердің ертеңіне сызат түспеу үшін – ауызбіршілік пен татулықты дәнекер еткен абзал.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.