Өзенде «өрмекші» техника жүр
Сырдария – Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі, жалпы ұзындығы – 2219 км. Өзекті өзеннің 130-ға жуық саласы бар. Осындай алып су айдыны өңірдің негізгі тіршілігіне де арқау, аграрлы аймақтың басты нәр көзі.
Биыл су тапшылығы сезініп, өзен кешіп өтердей таяз болды. Дарияның жайылып аққан жайы да айқын. Су қайырлап, оған құм тоғаны тосқауыл болып тұр. Ары-бері өткен жүргінші жал-жал құм төбеге қайран қалып, «мынаны қазір тазартып тастаса шіркін» дейтін пікірде еді. Бізде солай ойлағанбыз. Сөйтсек оның да мәселесі шешіліпті.
Су бетінде қалықтап, құдды өрмекшіге ұқсайтын, жәндік пішіндес техниканың түр-сипаты таңданарлық екен. Алыстан көз шалып, қызық дүниені барып көрелік деп шештік. Қасымда – фототілші Нұрболат Нұржаубай.
Екеуміз балақты қайырып тастап, май топырақ басқан дария бойымен келеміз. Шаңмен шаруамыз шамалы, «өрмекші» өзіне баурап барады. Бірте-бірте алып техникаға жақындап келеміз. Әттең арғы бетте екен, дегенмен «шешінген судан тайынбас», біз құммен алысқан құрылғыға «платинаны» айналып өтіп, жаяу-жалпылап жеттік.
Расында, мұнда Сырдария өзенінің құмын тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнымен «Павлодарлық өзен порты» ЖШС айналысуда. Техника жүргізуші Илья да бар болғыр жігіт болып шықты. Ашық-жарқын әңгімесін соғып, таңсық техниканы таныстырып әлек.
Бұл техника «Watermaster» деп аталады. Отаны – Финляндия. Бұрын-соңды аймақта болмаған соң қызықтап, сұрастырып жатырмыз. Тазалағыш техника 5 операцияны бір мезгілде орындап, тұтас бір автопарктің күшінде жұмыс істейтін қабілеті бар. Суда еркін жүзеді, бес метр тереңдіктегі құм-шылауды жұғым көрмейді. Ағысқа бөгет болатын қай тосқауылды да табан астында «тәртіпке» салады. Осылай су арнасын тереңдетеді, екі жиекті кеңейтеді, тіпті түбіне діңгек те қаға алады. Оны басқарып отырған Илья арнайы Финляндияда оқып келген нағыз маман екенін жеткізді.
– Шынымен де бұл – алып техника. Осында жұмысқа келе жатқанда біз де байқадық. Адамдар арасында «бұл не екен?» деген сұрақ туындағаны сөзсіз. Біз «Павлодарлық өзен порты» ЖШС-не қараймыз. Техниканы басқарғаныма – 7 жыл. Бұл техника зауыттан 2017 жылы шыққан. 5 метр тереңдікке дейін тазалай алады. Бүгінде Сырдария өзенінің құмын тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қызылорда қаласына алғаш рет келіп отырмыз. Өте керемет қала екен. Халқы қонақжай. Бұған дейін Атырау, Нұр-Сұлтан, Балқаш қалаларында болдық, – деді іске икемді Илья.
Біз білгеніміздей, бұл – экологиялық зияны жоқ көлік түрі. Техникалық өнімділігі сағатына мың текше метрді құрайды. Құны қымбатқа түскенмен, әмбебап кешеннің тиімділігі жоғары. Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар Сырдария өзенінің өзектілігіне оң әсерін тигізеді екен.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай
Нұрболат Нұржаубай